БІЛІКТІ БІРДІ ЕМЕС, МЫҢДЫ ДА ЖЫҒАДЫ
Қол күресін былайғы жұрт спорт түріне жатқыза бермейді. Оны армрестлинг деп те атайды. Қол күресі спорттың нағыз өзі. Ол әуелі епітілікті, білек күшін қажет етеді. Сондай-ақ, жүректілік те керек. Осындай қасиеттерді бойына жинағанның бірі – жерлесіміз Талғат Қанаев.
Талапты желкен еткен білікті азамат талайды сүйсіндіріп жүр.
Бала кезінде өзі тәлім алған №85 орта мектепте денешынықтыру пәні мұғалімі Бөгенбай ағайынан спорттың осы түрінің көптеген амалын үйренген Талғат мектепті тәмамдаған соң, Алматы қаласындағы технологиялық университетке оқуға түседі. Ол аталмыш жоғары оқу орнында білім алып жүріп, университет жанынан ашылған қол күресі жаттығу залында, елімізде ұйымдастырылған қолкүресшілер федерациясының алғашқы президенті Владимир Дрейцлер мен екінші жаттықтырушысы Бақыт Алпысбайқызынан осы спорт түрінің қыр-сырын терең меңгереді. Тіпті, Талғаттың бойынан таланттылықты байқаған жаттықтырушылары оны ересектер арасында өткен жарыстарға қатыстырып, арманының орындалуына жол ашады. Күндіз-түнгі еткен еселі еңбектің нәтижесімен жас дарын көптеген дүбірлі жарысқа қатысып, топ та жарады. Ол 2015 жылы 70 келі салмақ дәрежесінде ересектер арасында ҚР Президенті күніне арналған ел біріншілігінде ІІІ орынды иемденсе, 2016 жылы Көкшетауда өткен ел кубогында ІІІ орынды, ал 2017 жылы Қостанай қаласында ұйымдастырылған ел кубогын жеңіп алды.
Талғат бүгінде аудандық спорт клубы жанынан ашылған қол күресі бөлімінің жаттықтырушысы. Ол аталмыш спорт түрі бойынша өзі баптайтын шәкірттерін аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға дайындауда.
Айтпақшы, Талғат Қызылорда облысы бойынша қол күресінен «Спорт шебері» нормативін орындаған алғашқы спортшы. Жақында ол облыс құрама командасының аға жаттықтырушысы лауызымына тағайындалды.
Иә, жас та болса бас болып, аймақ құрамасын үлкен додаларға дайындап жүрген Талғаттың мақсаты биік. Аудан жастарын спортқа, әсіресе ұлттық спортқа баулуды армандайды. Өңір жастары арасында өнерлі де талаптылар көп екенін біліп, ол ауданның әр елді мекеніне сапарға шығып, таланттарды іздеуден жалыққан емес. Нәтиже де жаман болмады. Көптеген жас Талғаттың игі ісіне қолдау көрсетуде. Тіпті, бұл спорт түрін дамытуға да ықылас білдіруде.
– Мақсатым, өңірде кенжелеп қалған қол күресін дамытып, қазақтың білекті де қайсар жас тәрбиелеу. Бұл арманымның да орындалар кезі алыс емес. Себебі, талантты жастар да бой көтеруде. Айдар Рүстемов, Айдархан Есім сынды шәкірттерімнен көп үміт күтемін. Сонымен қатар, замандастарым, аймағымызда қол күресінің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген, командаластарым Роман Швед, Бауыржан Бекжанов, Алмат Демеуовтей сала майталмандары көмегін көрсетуден аянған емес. Командалас демекші, мен әрі спортшы, әрі жаттықтырушы қызметін қоса атқарамын. Бәріміз бір команда болып, өзім басшылық жасайтын облыстық құрамада қоян-қолтық жұмыс істеудеміз. Орыстың ұлы қолбасшысы Александр Суворовтың әйгілі «Жаттығуда қиын болса, ұрыста оңай болады» деген ұстанымы, менің де ұстанымым, – дейді жас та болса өз ісінің білгірі атанған Талғат Қанаев.
Талғат аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешеніндегі қол күресі және гір тасын көтеруге арналған жаттығу залында шәкірттерімен бірге кезекті ел біріншілігіне дайындалуда. Талабыңа нұр жаусын, Талғат.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».