Қырандар қияда самғайды
"Күш атасын танымас" дейді халқымыз. Сонау кезеңдерде Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыз талайдың жауырынын жер қаптырып, қазақтың атын дүниеге әйгіледі емес пе?! Сол үрдіс ізін жойған жоқ. Жалғасып жатыр.
Жасы он алтыға толмаған жерлесіміз Әлем чемпионы атанды деген хабар жеткенде бөркімізді аспанға атып, қалай қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақтың қаршадай қарадомалақ баласының әлемдік додада атой салып, көк байрағымызды көкке көтертіп, еліміздің әнұранын шырқатқаны тарихқа енген елеулі оқиға болды.
Ол – жақында ғана Мексикада өткен зілтеміршілердің әлемдік бәсекесінде маңдайы жарқырап, топ жарған ұланымыз Ерасыл Сәулебек.
Жас зілтеміршінің спорттық карьерасында балапан кезінен баулып, қияда самғатып келе жатқан бапкерінің еңбегін айтпай кетпеске болмас. Бір қызығы, тәлімгері шәкіртінің таудай талабын бүлдіршін кезінен-ақ аңғарған көрінеді. Сыр елінің атын елімізге әйгілеп жүрген көптеген зілтеміршінің бапкері – Айдар Ералиевте бүгінде ондаған оқушы спорттың осы түріне жаттығып жүр.
– 12 жылдан бері аудандық №15 спорт мектебінде балалар мен жасөспірімдерді спорттың сирек кездесетін әрі күрделі түрі – зілтемір көтеруге даярлап келемін. Жаттығу залының ашылып, жүйелі жұмыс істеуіне танымал зілтемірші Илья Ильин мен Садық Мұстафаев ағамыздың септігі тиген еді. Міне, содан беріде жаттығусыз бір күніміз өтпепті. Қазір менде 45 бала тұрақты жаттығады. Алғашқы шәкірттерім – 1993 жылғылар. Олардың арасында Қазақстан біріншілігінде ұтқан Айшолпан Әмзеева, Гүлназ Шәмиева, Нұрбол Мүсілімов секілді мықты-мықты жеңімпаздар бар. Осы кезге дейін 20-дан аса оқушым Қазақстан чемпионатында бірнеше мәрте жеңімпаз атанса, 12-сі "Қазақстан Республикасының спорт шебері" атағына ие болғандар. Ал енді Ерасылға келсем, оны бала кезінен білемін. Өте еңбекқор. Мінезді. Өжет. Алға қойған мақсатына жету үшін аянбайтын қасиетке ие. Үнемі өзіне күшті қарсыластар тауып алып, жаттығуды олардың көрсеткішін басып озуға, еңсеруге жанын қоймайды. 7 жастан менде жаттығады. Анасымен бір кездері көрші болғанбыз. Үй жақта ойнап жүрген балалардың ширақтығына көзім түсетін. Ерасылдың нағашы жағы да, Диқанбай атасы да туабітті шымыр, физикалық тұрғыда бітімі бөлек кісілер болған. Бастапқыда ата-анасынан үлкені Нұрасылды сұрап "Маған беріңіздер, өзім тәрбиелеймін" деп қолқа салғанмын. Бірақ оны боксқа беретіндерін айтып, "онда Ерасыл барсын" деп кішкентайларын берді. Шәкіртім сөйтіп 3 сыныпта оқығанда Қазақстан біріншілігінде 3-орын алды. Осылайша жеңістің дәмін тата бастады. 4 сыныптан бастап осы уақытқа дейін 6 мәрте, жыл сайын өз қатары мен салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан чемпионатын қатарынан ұтты. Сондай-ақ осы жылы жиырма жасқа дейінгі жастар арасындағы бәсекеде де жеңімпаз атанды. Ерлер арасындағы додада 2-орын алды. 34, 55 және 61 келі салмақта Қазақстан Республикасының рекордын қойды. 67 келі салмақ дәрежесінде де рекорд жаңартты. Білімді, тәрбиелі. Сабақты үздік оқиды. Өз ойын ашық айта алады. Кейде баланы да тыңдау керек. Жаттығуда кішігірім жарақат алу жағдайлары болады. Өзім шәкіртімді Илья Ильинге теңеймін. Бұйырса, алда оқуын олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінде жалғастырады деп отырмыз. Болашағынан үлкен үміт күтеміз. 2028 жылы өтетін Олимпиадаға ілігеміз бе деген мақсатымыз бар, – дейді білікті бапкер.
Спортшылардың арасында "Жаттығуда қиналсаң, жарыста жеңіл болады" деген ұран тақілетті сөз қалыптасқан. Десе де кейде бұл пәлсапаның шеңберден шығып кететін тұстары да болады екен. Оған чемпионмен сұқбаттасу барысында көз жеткізген едік.
– Әлем чемпионатына қатысатынымыз белгілі болған соң жарысқа 36 күн қалғанда Текеліде бапкеріммен жаттығуға қызу кірісіп кеттік. Шынын айтқанда, дайындық ауыр болды. Себебі бұған дейін де азды-кемді жарақаттарым бар болатын. Дегенмен мұндай мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды және мұндай жағдай күнде бола бермейді. Ауру-сырқауға мән беретін уақыт емес. Алда – үлкен жарыс. Анау-мынау емес, әлемдік бәсеке. Кіл мықтылардың, алпауыттардың тартысы. Сол үшін де тез арада жинақталып, ағайым екеуміз бар күш-жігерімізді салып, жақсы көрсеткіш көрсетуге намысқа тырыстық. Сондай табанды еңбектің арқасында жоғары нәтиже көрсетіп, жеңісті күнге жеттік. Бапкерімнің маған жұмсаған 9 жылғы ерен еңбегі, қажымас қайраты менен Әлем чемпионын шығарды, – дейді 15 жастағы Ерасыл Аянұлы.
Жасөспірімнің спорттағы жетістігі бапкерінің бабы болса, оның үздіктер қатарынан танылып, өнегелі тәрбие мен білім алуында орта мектептегі ұстаздарының да септігі зор.
– Ерасыл озат оқушы. Мектебіміздің, Қазақ елінің мақтанышы. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Кішіпейіл. Қарапайым мінезімен айналасын бірден баурап алады. Кіммен болсын тез тіл табысады. Жас та болса адамгершілігі мол. Бала күнінен спортпен шұғылданады. Жақында зілтемір көтеруден Әлем чемпионы атанып, туған жеріне кереметтей сый жасады. Шәкіртіміздің алға қойған мақсаттары көп. Сол арман-мақсатына, діттеген ойына жетуіне шын жүректен тілектеспіз, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы №26 және Ә.Егізбаев атындағы №121 орта мектептегі сынып жетекшілері Роза Киікбайқызы мен Клара Әбжалиева.
Чемпион жігітіміз отбасында екі ағайынды. Ағасы Нұрасыл да спортты жанына серік еткен жас. Келешекте саламатты өмір салтын насихаттауды мұрат еткен. Бүгінде "Денешынықтыру пәнінің мұғалімі" мамандығына таңдау жасап, білім алуда. Ал ата-анасы аудандық аурухананың қызметкерлері. Әкесі Аян Сәулебекұлы су жағынан маманы болса, анасы физеотерапия бөлімінде медбике болып істейді.
– Баламыз қазір 15-те. Осы жасында жоғары жетістікке жетіп жатыр. Ол ең алғашқы жеңісіне 7 жасында қол жеткізген. 2 сыныпта оқып жүргенде ағайы Шиеліге жарысқа алып кетті. Содан кешке бапкері телефонмен сүйінші сұрап, "Ерасыл ІІ орын алды, ауылға қайтып келе жатырмыз" деп үйге қолынан ұстап алып келгені осы күнге дейін көз алдымызда. Өзі кішкентай. Мойнына тағынған күміс медаліне сүйсіне қарағанымыз ұмытылмастай естелік болып қалды. Ағайының адамгершілігіне, төзімділігіне тәнтіміз. Еліміздің мәртебесін көтеретін шәкірттері көп болуына тілекшіміз, – дейді жас зілтеміршінің ата-анасы қуаныштарымен бөлісіп.
"Тағы бір айтарлығы, 2014 жылы Қызылордада өткен облыстық жарыста ұлымыз І орын алып, жүлдеге үстелдің үстіне қоятын піл сағат ұтып әкелді. Ол кезде нағашы атасы бар. Сонда Ерасыл "Ата, сізге сағат жеңіп әкелдім. Азанда мал шығарғанда және малдың келуіне орай уақыттың қанша болғанын біліп отыруыңызға керек болады" деп атасының бір қажетіне жарағанына қатты қуанғаны жүрегімізді тебіренткен. Атасы да біздерге әркез "Осы баламен көгересіңдер, осы баламен жарыққа шығасыңдар" деп, өмірден өткенше ақ батасып беріп кетті. Шүкір Аллаға, атасының, елдің батасы бар, қазір жақсымыз, осындай дәрежеге жетіп жатырмыз" дейді спортшының анасы Камшат Алтынқызы марқая сөйлеп.
Отаншылдық, мемлекет мәртебесі бәрінен биік. Зілтемірден әлем чемпионы атанып келгенде Ерасыл Сәулебекті жерлестері Орталық алаңда қоғадай жапырыла күтіп алып, спортшыға аудан әкімі арнайы қабылдау өткізді. Сый-сияпат жасады. Жосалы кентіндегі орталық көшеге чемпионның суреті бейнеленген билборд ілінді. Мұның бәрі ауданымыздағы көптеген жасөспірімдердің спортқа, оның ішінде зілтемір көтеруге деген құлшыныстарын арттырары сөзсіз. Лайым да солай болсын!
Сәрсенкүл АҚКІСІ