Жерлестер жеңіс төрінде
Шиелі кентінде 2005-2006 жылғы жасөспірімдер арасында бокстан ауданның құрметті азаматы Әбдіманап Шорабаевты еске алуға арналған №10 республикалық турнир өткен болатын. Бұл спорттық дода осыған дейін облыстық деңгейде 4 рет, республикалық деңгейде 5 рет өткізілген. Жыл өткен сайын құлашын кеңге жайған бәсекеге облыстың әр аумағы мен республиканың түкпір-түкпірінен 200-ден аса спортшы қатысқан.
Оныншы мәрте ұйымдастырылған турнирге аудан жастары да қатысып, бақ сынады. Үш күнге созылған додада топ жарып, қанжығамыз майланды. 57 келі салмақта №250 мектеп-лицей оқушысы Досымжан Мұратов ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ 70 келі салмақта №105 мектеп-лицейінің оқушысы Өркен Нағашыбай мен 75 келі салмақта №27 мектеп оқушысы Айбек Ахметбековтер ІІ орынды қанжығаға байлады. Ал 66 келі салмақта бәсекеге түскен №250 мектеп-лицей оқушысы Мирас Қорғанбек жеңіс төрінен көрініп, І орынды жеңіп алды.
Аудан абыройын асқақтатқан жас спортшылар №15 спорт мектебінің шәкірттері. Оларды жарысқа дайындап, додада топтан озуына себепкер жаттықтырушылары Абай Тұрғанов пен Жандос Топаев.
Ұстаз, аудан, облыс мерейін өсірген жас спортшылардың осы қарқынмен еңбектене берсе, әлі талай белесті бағындырады.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ