» » Қармақшы спортының саңлағы

Қармақшы спортының саңлағы

Дана халқымызда «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген қанатты сөз бар. Туған жер – ол біздің алтын бесігіміз, кіндік қанымыз тамған жер. Адам баласына, оның ішінде қазақ үшін туған жер, ел, атамекен, атажұрт, Отан – деген ұғымдар жүрекке өте жақын.
Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!
Батырлар дүрілдеп өткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,
Сарылып сал-сері кеткен жер,
Бас иіп иіскеп топырағын,
Тағзым жасамай өтпеңдер!
– деп Мұқағали ақын жырлап кеткендей, туған жер ұғымы әрбір иісі қазақ үшін қасиетті, қастерлі. Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу қазақ халқының әлмисақтан жалғасқан салты. Туған жердің әрбір түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекен – алтын бесігін бір сәт те естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні сөзсіз. Өйткені, азамат бойындағы дарын, қабілет, тектілік сынды абзал қасиеттер ана сүті, әке қаны, туған жердің топырағынан дариды. Қасиетті Қармақшы топырағынан түлеп ұшқан азаматтардың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр салада табысты еңбек етіп жүрген, танымал жандар қаншама десеңізші!


Солардың бірі бүгінде Алматы қаласы спорт басқармасының «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының басшысы болып қызмет ететін Найзабек Сағымбаев деп мақтанышпен айтуға болады.


Найзабек жастайынан спортқа өте бейім болып өсті. Таңертең ерте тұрып таңғы жаттығу жасауды, суға жүзуді, темір жолды жағалай Анакөл, Абыла және Қорқыт разьездеріне дейін жүгіріп қайтуды әдетке айналдырды. 1974 жылы аудандық оқушылар спартакиадасында 1500 және 3000 метрлік қашықтыққа жүгіруден бірінші келіп, артынша облыстық спартакиадада екі қашықтықта чемпион атанды.

1975 жылы Ү.Томанов атындағы №183 мектепті бітіргеннен кейін спорттағы алғашқы ұстазы, марқұм Жарболсын Құндақбаев пен білікті спорт маманы Еркін Атабаевтың ықпалымен спорт саласы маманы болуға шешім қабылдады.


Еңбек жолын орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастап, 1977-1981 жылдар аралығында Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтында жоғары білім алып, «дене тәрбиесі бойынша мұғалім» мамандығына ие болды. Студент жастар, ауыл-село спортшылары арасындағы көптеген республикалық жарыстарда орта қашықтыққа жүгіруден және ГТО көпсайысынан жеңімпаз атанды.


Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 1981-1984 жылдары Қармақшы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызметке тұрды. Жас маман ретінде уақытпен санаспай күндіз-түні оқушы балаларды спорттың жеңіл атлетика түрі бойынша үлкен жарыстарға дайындай бастады. Соның арқасында көп кешікпей-ақ облыстық жарыстарда, спартакиадаларда, ГТО көпсайыстарында аудан жеңіл атлеттері Қызылорда, Ленинск (қазіргі Байқоңыр) қалаларын артқа тастап, командалық бас бәйгені иемдене бастады.

Аудан басшылығының қолдауымен республикамызда алғаш рет Ұлы Жеңіс күніне арналған «Жосалы – Қызылорда» бағыты бойынша екі күндік 200 шақырымдық үгіт-насихат марафонын ұйымдастырып, спортшыларды өзі бастап жүгірді. Жосалыда орталық алаңнан 7 мамырда жүгіріп шығып, 9 мамыр күні Қызылорда қаласына жетті. Барлық жерде соғыс және еңбек ардагерлерімен, жас спортшылармен кездесулер ұйымдастырып, соғыста қаза тапқан батырлар ескерткіштеріне тағзым етіп, гүл шоқтары қойылды. Спортшыларды Қызылорданың орталық алаңында сол кездегі қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қырымбек Елеуұлы құттықтады. Бұл жөнінде газет беттерінде «200 шақырымды екі күнде» атты мақала да шықты.


Осындай табысты еңбегінің арқасында Найзабек Бекетұлы 1984 жылдан аудандық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы, 1985 жылдан аудандық спорт комитетінің төрағасы қызметін атқара бастады. Аудан спортшылары облыстық, республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсете бастады.

Осы жылдары елімізге келген 269 Денсаулық Сауықтыру Кешенінің (ДСК) құрылыс конструкциясы облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып Қармақшы ауданына берілген болатын. Конструкция бойынша құрылысты бастап кету біршама қиындықтар туғызғанымен, сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы А.Кәмішевтің қадағалауымен, орынбасары Ж.Жәкеевтің басқаруымен 1989 жылы іргесі қаланып, 1990 жылы аудан орталығында еліміздегі алғашқы ДСК-нің бірі пайда болды.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бұл нағыз халықтық құрылысқа айналды. Аудан мекемелері құрылыс материалдарымен, транспортпен көмектесті. Байқоңыр ғарыш айлағынан да қажетті материалдар тасылды. Орталық алаңда бұқаралық спорттық шара ұйымдастырылуы кезінде бірнеше рет спорттық лотерея ойнатылып, түскен пайда тікелей ДСК-ның құрылысына жіберіліп отырды. Ұтыста автомашина, мотоцикл, түрлі-түсті телевизорлар және тұрмысқа қажетті заттар ойнатылды. Осындай халыққа қажетті игілікті істе Найзабектің спортты жанына серік еткен достары да қарап қалмады. Рзақұл Нұртаев басқаратын Казтепломонтаж мекемесі спорт кешеніне келетін жылу жүйесін жылу ұстайтын материалдармен қаптап берсе, Жомарт Көшербаев басшылық ететін аудандық электр жүйесі мекемесі подстанциядан спорт кешеніне дейін 3 фазалы электр желісін, электр қондырғыларын жүргізіп беріп, көмек қолын созды.

Көп кешікпей бұл бастама облыс, республика көлемінде етек алды. Спорт кешенінің құрылысын салу жөнінде республикалық семинар-кеңес Қармақшы ауданында өткізілді. Бүгінде сол аудан орталығындағы салынғанына 30 жылға жуық болған спорт кешені ел игілігіне жарап, болашақ чемпиондар ұстаханасына айналып отыр. Спорт кешенінің Кеңестер Одағының Батыры Тәйімбет Көмекбаев әкеміздің атындағы самбо күресінен Халықаралық мемориалында әлемнің түкпір-түкпірінен келген апайтөс палуандардың бақ сынайтын жеріне айналғанын мақтанышпен айтуға болады.


Найзабек аудандық спорт комитетінің төрағасы болып жүрген кезінде Әділбек Серікбаевтай талапты жас маманды жұмысқа тартып, самбо күресі секциясын ашып берген болатын. Қазіргі кезде бұл орталықтан 80-нен астам спорт шебері, ондаған халықаралық спорт шебері, Әлем, Азия чемпиондары мен жүлдегерлері шықты.

2003 жылы отбасы жағдайына байланысты Найзабек Алматы қаласына қоныс аударды. Атақты палуан М.Нәдірбеков пен М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясының ректоры С.Алпысбаев қатты қолдау жасады. Сәкеңнің қолдауымен 2003-2008 жылдары Академия спорт клубының төрағасы, дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі болып табысты қызмет атқарды.

2007 жылы ҚР жазғы IV-Универсиада ойындарында Академия студенттері 29 алтын, барлығы 49 медаль алып 63 жоғары оқу орны арасында командалық І орынды жеңіп алса, жазғы XXIV, XXV Бүкіләлемдік Универсиадаларда (Измир, Түркия, 2005ж.), (Бангкок, Тайланд, 2007ж.) 1 алтын, 6 қола медальға, Бейжің Олимпиадалық ойындарына 8 студент-спортшысы қатысып 2 күміс медальға, студенттердің күрес түрлерінен өткен 2006 жылғы Әлем чемпионатында 1 күміс, 2 қола және 2008 жылғы Әлем чемпионатында 1 алтын,1 күміс, 2 қола медальмен 37 мемлекеттің арасында Қазақстан құрама командасы жүлделі III орынды жеңіп алды.

2008-2012 жылдары Алматы қаласы «Шаңырақ» ықшам ауданындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатта директордың спорт жұмыстары жөніндегі орынбасары, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық Дене тәрбиесі ғылыми-практикалық орталығында бас жаттықтырушы, Халықаралық Бизнес академиясында спорт клубының төрағасы қызметтерін атқарды.

2012-2016 жылдар аралығында Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Бұл қызметте ҚР Спартакиадасы мен ҚР жастар спорт ойындарында, Қазақстан оқушылары Спартакиадасында, Қазақстан кубогы мен чемпионаттарында Алматы қаласы командаларының бірінші орыннан көрінуіне аянбай еңбек етті.
2016 жылы Найзабек Бекетұлы Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының басшысы қызметіне тағайындалды. Клубта тірек қимыл қозғалыс мүшелері, көру мүшелері және есту мүшелері зақымдалған 700-ден астам қайсар жан спорттың 18 түрі бойынша жаттығады.


Қазіргі таңда клубта 12 – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 8 – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 31 – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 101 – ҚР спорт шебері еңбек етіп, шеберлігін шыңдауда. Клуб спортшылары биыл ҚР чемпионаттарында 95 алтын, 65 күміс, 43 қола медальге ие болса, ҚР Сурдлимпиадалық спартакиадасында командалық бас бәйгеге қол жеткізді. Әлем чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем кубогінің иегерлері мен жүлдегерлері, Азия ойындарының жүлдегерлері тәрбиеленіп, 2017 жылғы Сурдлимпиадалық ойындарда қола жүлдегер болған 2 спортшыға Үкімет тарапынан берілген 75 мыңнан АҚШ долларымен қоса Алматы қаласының әкімі Б.Байбек өз қолымен пәтер кілтін табыстады. 2019 жылғы қысқы Сурлимпиадалық Ойындарда шахматтан Қазақстанның спорт тарихында тұңғыш рет командалық жеңіске жеткен 6 спортшының 4-еуі клуб спортшылары. Сурдлимпиада чемпиондарының әрқайсысына Алматы қаласынан 3 бөлмелі пәтер мен 250 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі.


Найзабек Бекетұлына Қазақстан Үкіметі тарапынан егемен ел спортын дамытуға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі зор еңбегі үшін ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы беріліп, «Құрметті спорт қайраткері» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қасиетті Қармақшы топырағынан шығып, бүкіл саналы ғұмырын жастарды спортқа баулуға, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғауға тәрбиелеп жүрген аудан спортының саңлағы Найзабек Бекетұлы мен оның шәкірттеріне алдағы Олимпиада асуларында толағай табыстар тілеймін.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры, профессор
21 сәуір 2020 ж. 1 887 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031