» » ВАШИНГТОН САПАРЫ: САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

ВАШИНГТОН САПАРЫ: САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары әлем назарын аударды. АҚШ президенті Дональд Трамп Елбасыны ерекше ілтипатпен қабылдап, айрықша қонақжайлылық танытты. Екі ел арасындағы ынтымақтастық, Қазақстан – АҚШ стратегиялық байланысы, экономикалық келісімдер туралы сарапшылар пікірі де жоғары.
Сонымен, Ақ үйдегі кездесу туралы сарапшылар пікірі қандай?
Ариэль КОЭН, 
Атлант кеңесінің жоғарғы ғылыми қызметкері:
– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Солтүстік Корея тарапынан туындаған ядролық қару қаупін тоқтатуды күн тәртібіндегі бірінші кезекте тұрған мәселе көреді. Бұл жерде Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және бас тарту жөніндегі өзіндік тәжірибесі, Президент Н.Назарбаевтың АҚШ-қа арнайы сапары, БҰҰ шеңберінде жаппай қырып-жою қаруын таратпау тақырыбында сессия бастауы АҚШ пен Солтүстік Кореяға және бүкіл әлемге үлгі бола алады. Қазақстанның әлем мемлекеттері алдына ұсынатын талқылаулары ядролық қарудан бөлек, Орталық Азиядағы өңірлік байланыстар, Ауғанстан мен Таяу Шығыс мәселелері сияқты өзекті тақырыптарды қамтиды. Өзінің қолындағы ядролық қаруынан бас тарту арқылы Ұлттық экономикасының жетекші салаларына көп көлемде инвестиция тартқан Қазақстан 2017 жылдың тамызында аз байытылған уран банкін ашты. Енді әлем мемлекеттері уранды электр энергиясын өндіру сияқты бейбіт мақсатта пайдалану үшін МАГАТЭ-нің қадағалауымен Астанадағы аз байытылған уран банкіне жүгіне алады. Бұл Қазақстанның өзінің ядролық қару әлеуеті болмаса да, осы салада жетекші рөлін сақтап қалуына мүмкіндік беріп отыр.
Элис УЭЛЛС, 
АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша мемлекеттік хатшысының көмекшісі:
– АҚШ пен Қазақстанды мұнай ғана байланыстырмайды. Қос ел басшыларының кездесуі барысында экономикадан бөлек, бірқатар маңызды әлемдік мәселелер талқыланды. Олардың қатарында жаһандық ядролық қару мәселесі, Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылық сияқты маңызды тақырыптар бар.
Люк КОФФИ, 
Сыртқы саясат мәселелері бойынша зерттеуші:
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті мамыр айында Сауд Арабиясындағы кездесулерінен кейін бірінші рет арнайы бас қосып отыр. АҚШ Қазақстанның стратегиялық маңызын түсіне тұра, бірнеше жыл бойы оған көңіл бөлу мүмкіндігін жіберіп алды. Сондықтан бұл кездесу – Дональд Трамптың Орталық Азияның геосаяси орны, ресурстық әлеуеті, транзиттік мүмкіндіктері сияқты шешуші факторлар бойынша қызығушылығын білдіруге жақсы мүмкіндік. Жалпы, Орталық Азия – АҚШ-тың энергетика, Қытай, Ресей, экстремизм сияқты сыртқы саясатындағы маңызды нүктелер тоғысатын аумақ. Бұл тұста Америка Қазақстанды назардан тыс қалдыра алмайды. 1991 жылдан бері бірде-бір АҚШ президенті Орталық Азияға ресми сапармен барған емес. Сондықтан да Н.Назарбаевтың арнайы сапарынан соң, АҚШ-тың мемлекет басшысы да Қазақстанға ат басын бұруы керек.
Ерлан ҚАРИН,
Қазақстан халықаралық қатынастар кеңесінің төрағасы:
– Ақ үйдегі Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің кездесуі өте жоғары деңгейде өтті деуге толық негіз бар. Себебі, өз көзіңмен көріп, жеке бақылағаннан кейін көптеген жайтқа назар аударуға мүмкіндік болды. Сондықтан болар АҚШ Президенті Дональд Трамптың Нұрсұлтан Назарбаевты айрықша ықыласпен дайындалып, күткені бірден көзге түсті. Ақ үй алдынан өзі қарсы алып, ұзақ амандасып, Ақ үйдің негізгі бөлмесіне алып баруы, сол жерде бүкіл тілшілердің алдында Елбасымызға бірнеше мәрте «Аса қадірлі Президент» деп сөз арнауының өзі қасымызда болған америкалық журналистердің таңданысын тудырды. Олар «Трамп сіздердің басшыларыңызға айрықша ілтипат білдіргісі келіп тұр» деп пікірлерімен бөлісті. Шындығында да, бұл жайт анық байқалды.
Америкалық саясаттың мұндай әрекетіне көпшілік үйреніп те кеткендей. Жайбарақат қарайды. Бұл жолы Ақ үй басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі барысында қандай да бір тосын мәселе көтеріп, айтқан емес. Керісінше, кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа қайта-қайта құрмет көрсетіп, Қазақстанның өз дамуында орасан зор жетістіктерге қол жеткізгендігін мойындап, оны жоғары бағалайтынын айтып отырды. Осы жайт америкалық тараптың Қазақстан Президенті сапарына жоғары дайындық жүргізгенін, бұл сапар тек біз үшін ғана емес, сонымен қатар олар үшін де өте жоғары маңызға ие болғанын аңғаруға болады.
Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының басшысы болумен қатар бірнеше мәртебеге ие болды. Яғни, Орталық Азия аймағының, посткеңестік мемлекеттердің, мұсылман елдерінің өкілі, әлемдегі ықпалды мемлекеттің басшысы ретінде кездесуге келгені және АҚШ-тың Қазақстанның аймақтық және жалпы халықаралық процестердегі атқарып отырған рөлімен санасатындығы байқалды.
Бұл – шынымен де үлкен маңызды нәтиже. Ол – АҚШ-тың Қазақстанның ерекше рөлін мойындағаны, Қазақстанның аймақтық, халықаралық процестердегі ықпалының артқанының дәлелі. Сонымен қатар еліміздің сыртқы саяси, геосаяси салмағын да арттырады. Қанша дегенмен АҚШ әлемдегі супердержава, әлемдегі №1 экономика. Демек, осындай кездесулер еліміздің басқа мемлекеттер алдындағы беделін, мәртебесін жоғарылататындығы сөзсіз. Бұл кездесу екі ел арасындағы саяси, экономикалық байланыстардың одан ары дамуына серпін берері анық. Сол себепті, бұл кездесу ерекше, тарихи маңызы бар жүздесу болды. Елбасының АҚШ-қа сапарының орасан зор нәтижелі болғанын, сапардың негізгі мақсаттарының жүзеге асқанын, тіпті біз күткен, болжаған мақсаттардан асып түскенін көріп отырмыз.
Әділ КӘУКЕНОВ,
Қытай зерттеу орталығының директоры:
– Қазақстан мен АҚШ ара­сындағы қарым-қатынас стра­тегиялық сипат алғанын баса айта кеткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары халықаралық бақылаушылар, са­рап­шылар және БАҚ өкілдері тарапынан қызығушылық тудыр­ғаны рас. Қазақстан – АҚШ үшін Орталық Азиядағы жетекші әріптестердің бірі. Өте жемісті кездесу болды. Екі арада бірқатар экономикалық келісімдер мен мемо­рандумдарға қол қойылды. Бір айта кететіні, Дональд Трамп Елбасын алғаш рет өзі қабылдай отырып, Қазақстанға қызығушылығы бар екенін, Аме­рика әкімшілігі үшін стратегиялық серіктестіктің маңызын көрсетті. Кездесу барысында Дональд Трамп­тың Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға келуі мүмкін екені де айтылды. Осыған дейін АҚШ-тың еш­қандай президенті Орталық Азияға келмегенін айта кет­кен жөн. Кездесу кезінде Астана сыртқы саяси белсен­ділігін көрсетті. Сириядағы жағдай бойынша өткізілген Астана саммиті тарихқа Сирия қақтығысын реттеудегі маңызды құрал ретінде енді. Қазір Астана Солтүстік Кореядағы дағдарысты шешу алаңы болуға дайын екендігін көрсетті.
Әлемдік қауіпсіздік туралы сөз етсек, АҚШ – ал­пауыт әскери держава. Қазақстан – Орталық Азиядағы маңызды ойыншы. Астана саммиті, ОБСЕ саммиті сияқты маңызды шаралардың өзінен-ақ, Қазақстанның халықаралық қарым-қатынастарда үлкен жауапкершілік танытып, барлық аймақта қауіпсіздікті сақтауға атсалысатынын аңғару қиын емес. Бұл тұрғыда Қазақстан мен АҚШ-тың мүдделері сәйкеседі. АҚШ Қазақстанның талпыныстарына жақсы баға беруде. АҚШ пен Қазақстан арасындағы байланыс – тиімді әрі прагматикалық саясат. Әлемдік қауіпсіздікті сақтауды бір ғана мемлекет күшімен шешу мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан екі ел арасындағы байланыс жағымды әсер береді. Сапар барысында Елбасы Қазақстан бейбітшілік орнату жолындағы белсенділігін одан ары жалғастыратынын атап өтті. Вашингтонның бұған жақсы көзқараспен қарауы – еліміздің атқарып жатқан жұмыстары халықаралық ұйымдар мен АҚШ тарапынан оң бағаланып отырғанын көрсетеді.
Рақым ОШАҚБАЕВ, 
«Талап» қолданбалы зерттеу орталығының басшысы:
– Елбасының АҚШ-қа сапарының басты мақсаты – екіжақты қарым-қатынысты нығайту, Қазақстан пен АҚШ арасындағы іс-қимылдарды тереңдету, кеңейту. Қазақстан президенті өз сөзінде мұндағы мақсат екі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдете отырып, кең стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру екенін баса айтқан болатын. Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздікті сақтауда Қазақстанның тигізген үлесі айтылды. АҚШ Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі болғанын қолдады. Сонымен қоса Орталық Азия елдері мен АҚШ арасында «С5+1» – жаңа диалог форматы ретінде тілге тиек етілді.
Елбасы Қазақстан АҚШ және Ресеймен стратегиялық әріптес болғандықтан, осы екі ел арасындағы қарым-қатынасқа алаңдаулы екенін алға тартты. Сонымен қоса АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс та назардан тыс қалмады. Америка сауда палатасымен, Экспорт әлеуетін арттыру агенттігімен кездесулер өтті. 7 млрд АҚШ доллар көлемінде келісімшарттар пен протоколдар толтырылды. Тағы бір айрықша атап өтер жайт, Дональд Трамп Елбасын үлкен құр­метпен қарсы алып, өзінің жеке твиттерінде «Қазақстан президентін қабылдау – мен үшін зор құрмет болды» деп жазған. Сондай-ақ Елбасы Қазақстан өзге елдерді ядролық қарудан бас тартуға үгіттеуге құқылы екенін атап өтті. Бұл сапардың маңызы зор.
Тимур ШАЙМЕРГЕНОВ,
Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі:
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси диалог – стратегиялық сипатқа ие. Елдеріміз 26 жылдан астам уақыттан бері тек экономика мен энергетика салаларында ғана емес, сонымен бірге халықаралық қауіпсіздікте де тиімді ынтымақтастық орнатқан. Астана – әлемдегі ядролық қаруды таратпау және тиісті келісім режимін сақтау саласындағы Вашингтонның сенімді серіктесі. Бүгінгі таңда біздің елдер Ауғанстандағы жанжалдан кейінгі жағдайды – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде және АҚШ-тың жаңа ауған стратегиясы аясында тиімді шешімді табуға тырысуда. Бұл екі мәселе алдағы бірнеше жылда қарым-қатынасымызды біріктіретін күн тәртібін құрайды. Осылайша, елдеріміз халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге сындарлы көзқарас танытады.
Бұл сапар – екіжақты қарым-қатынастар аясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған 12 жыл ішіндегі алғашқы сапары. Осы жылға дейін Мемлекет басшысы көпжақты кездесулерге қатысу үшін АҚШ-қа келді. Екі ел кеңейтілген стратегиялық серіктестікте өз позицияларын тұрақты түрде арттырып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан екіжақты қарым-қатынастарды, сауда және қауіпсіздік мәселелерін шешуге тырысады. Мысалы, еліміз үшін үшінші модернизациялау бағдарламасын жүзеге асыру және әлемдегі ең дамыған 30 елдің ұзақмерзімді мүшелігін іске асыру үшін қажетті технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне негіз қалайды.
Шавкат САБИРОВ:
«Қазақстан Интернет Ассоциациясы» ЗТБ президенті:
– Қазақстан мен АҚШ қарым-қатынасында «екінші тыныс» ашылды десек те болады. Мемлекет басшысының бұл жолғы сапары екі ел арасындағы ынтымақтасты жаңа белеске шығарып қана қойған жоқ, сонымен бірге, Қазақстан нағыз шынайы бітімгер елге айналғанын көрсетті. Қазақстанның арқасында Түркия мен Ресей арасындағы «дағдарыс» оң шешімін тапты, Сирия дағдарысын тұрақтандырудағы Астананың талпыныстары бұрыннан белгілі.
Ең алдымен, Мемлекет басшысының іссапары тікелей Қазақстан мен АҚШ-тың екіжақты қарым-қатынасына қан жүгіртті. Ақ үйдегі кездесу, келіссөздер, бірлескен брифинг – екі ел қарым-қатынасының маңызды рөл атқаратынын көрсетіп отыр. АҚШ – еліміз үшін ірі инвесторлардың бірі. Сол себепті де, әріптестікті сақтау және еселей түсу – маңызды шешім. Сонымен бірге, соңғы он жыл ауған түйінінің де шешімі созылып кетті. Ауған процесіне қатысымыз болмаса да, жағдайды шешу және әскери іс-әрекетті тоқтату үшін Қазақстанның араласуы аса қажет. Бірақ Орталық Азиядағы ірі мемлекет ретінде бұл бағытта белсенді қарым-қатынас ұстану және маңызды шешім шығару қажет.
Елбасының ядролық қарусыз әлем орнату туралы бастамасы баршаға мәлім. Бұл шешім Корей түбегіндегі тұтанғалы тұрған жанжалды басуда да маңызды қадам болып отыр. Қазақстан өз үлгісінде ядролық қарудан бас тарта отырып, халықаралық процестің маңызды ойыншысы болуға болатынын көрсетеді. Ядролық қаруды ұстанатын топтардың көбеюі әлемдік қоғамдастықты алаңдатып отыр. Сондықтан Солтүстік Корея дағдарысын Ресей, ҚХР және АҚШ мемлекеттерінің қатысуымен реттеуге болады.
Қазақстан – ротациялық негізде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Жарты ай ішінде еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жаңа және пайдалы жұмыстар атқарды. Соңғы жеті жыл ішінде алғаш рет БҰҰ ҚК барлық мүшелері Ауғанстанда болды. Қазақстан төрағалық ететін Қауіпсіздік Кеңесінің комитеттері (ИГИЛ-ДАИШ, Ауғанстан және Эритреин/Сомали комитеті) аясында түрлі шаралар өткізілді. Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысы арқылы әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстан бүкіл Азия-Тынық мұхиты аймағының өкілі екенін көрсетеді. Сондықтан да бұл аймақтың мәселесін шешуде көп уақыт бөлуге тура келеді.
Тағы бір дүние – Дональд Трамптың «бірегей» тұлға екені баршаға белгілі, алайда Елбасымен кездесуде ерекше құрмет пен ізеттілік көрсеткеніне назар аударуымыз керек. Сонымен бірге, Президентіміздің еркін, қарапайым қарым-қатынас жасауы ресми тұлғалар мен БАҚ өкілдерін ғана емес, қарапайым тұлғаларды да тәнті етті.
Керек-дерек:
26 желтоқсан 1991 жыл – АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін таныды
7 қаңтар 1992 жыл – дипломатиялық қарым-қатынас орнады
15 қыркүйек 1992 жыл – Қазақстандағы АҚШ елшілігі ашылды
30 қазан 1992 жыл – АҚШ-та Қазақстанның елшілігі ашылды
14 желтоқсан 2009 – Алматыда АҚШ-тың 
Бас консулдығы ашылды
21 қаңтар 2010 жылы – Нью-Йоркте Қазақстанның 
Бас консулдығы ашылды
2015 жылдың 18 наурызынан – Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың 
елшісі Дж.Кролл
2017 жылдың 15 ақпанынан – АҚШ-тағы Қазақстанның 
елшісі Е.Қазыханов
25 жыл ішінде 70-тен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімшартқа қол қойылған.
 
Дайындаған Ақбота ИСЛӘМБЕК, Динара ТІЛЕУБЕК
 

24 қаңтар 2018 ж. 1 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031