» » Ондыққа дөп тиген Жолдау

Ондыққа дөп тиген Жолдау

«Айтылған сөз – атылған  оқ» деген халықпыз. Ал сол оқ нысанаға дөп тисе, «мірдің оғындай», «ондыққа тиді» деп жататынымыз тағы бар. Елбасымыздың халыққа биылғы Жолдауы діттеген мақсат-тілегіміздің үдесінен шықты, алға тартылған он міндет көздеген ондықтың тап өзі екені күмәнсіз.
Әрине Төртінші өнеркәсіптік революция тұсындағы Қазақ­стан­ның күрделі де жауапты жүздеген алар асулары бар екенін халқымыз жақсы біледі. Дегенмен Жолдау солардың бәрінің басын қосып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығарған екен.
Тарихи құжатпен танысқан сәттен-ақ тәуелсіздіктің бі­рін­ші күнінен жүзеге асырылып жатқан Қазақстан жолы, Назар­баев моделі теориясы мен прак­ти­касының сабақтастығы үзілме­генін байқадым. Мәселен, алды­мызда тұрған он міндеттің жетеуі экономикаға, қаржыға, «ақыл­ды қалаға» байланысты дәйек­телгенінен әрбір қазақстандық «Алдымен – экономика, сонан соң – саясат» формуласын еске түсіретіні сөзсіз. Шынында да, бұл формула мейлінше қарапайым, түсінікті әрі айқын бола тұра, жасампаз, өміршең әлеуетін толық дәлелдеді.
Он міндеттің мазмұны мен әкелер нәтижелері он нұсқада ашылған. Алайда көзі қарақты жан бұлар бір-бірінен ажырағы­сыз байланыс пен қатынас­тағы тұтас кешен екенін байқа­­май тұрмайды. Айталық бірінші міндетте баса көрсетілген талап – жаңа технологияларды ен­гізу өнеркәсіпке қаншалықты өзек­ті болса, табиғи ресурстарға, аграр­лық салаға, көлік-логистика инфрақұрылымына, құрылысқа және коммуналдық сек­торға қажеттігі бір мысқал кем емес. Бұл – бұл ма, жаңа техно­логиялар­ға сүйенбей бірінші сынып­тағы «Әліппені» оқыту, тұмауды емдеу, сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру – бәрі елес қуумен пара-пар. «Ақыл­ды қала» да аспаннан түсе қалмай­ды. Оны заманауи технологиялар қалыптастырады.
Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – оның, тұтастай алғанда, елішілік міндеттерге ар­нал­ғанында. Сөйте тұра әлем­дік озат тәжірибе мен үздік жетістіктерді көзден таса қал­дыр­­мауға, дүниенің төрт бұ­рышындағы нарықтарға өзге­лер­ден ұтымды өніммен шығуға жұ­мы­л­дырады. Бұл – бәсекелік қабі­лет мәселесі. Елбасы бөтеннің жақсысын асырып, жаманын жасырып отырған жоқ. Ең дамы­ған отыз елдің қатарына қосы­лу­дың тәсілі мен жолын көр­сету­­ге ұм­тылған. Осы орайда отан­дық кәсіпорындардың, инфра­­құ­ры­лымдардың, қала­лар­­дың, еңбек ұжымдарының өзара тәжірибе алмасуы, дұрыс бәсе­келесуі ерекше маңызға ие.
Жолдау «Бүгінде әлем Төртін­­ші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, эко­номикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген сөздермен басталады. Осының бәрі – өнеркәсіптік революция да, технологиялық, экономикалық, әлеуметтік өзге­ріс­тер де интеллектуалдық ізде­ніс­тен туындады. Басқаша айтқанда, дамудың жаңа мүмкіндіктерін жүзеге асыратын құдірет – білім мен ғылым. Бұл – мың, миллион рет айтылған, дәлелденген ақиқат, бұлтартпас шындық.
Нағыз білім мен ғылым бар жерде, оған сұраныс саяси, қаржы­лық, құқықтық рәсімделгенде ж­аңа технологиялар түзілмей тұр­май­ды. Түймедей минерал­дық ресурсы жоқ Жапонияны, адам саны Қазақстаннан 3 есе аз Финляндияны ұшпаққа білім мен ғылым, осылардан нәр алған технологиялар шығарды.
Жолдауда Қазақстанның білімі мен ғылымы егжей-тегжейлі сөз болған. Он міндеттің оны да оларға соқпай кетпейді. Бірінші міндетке байланысты Назарбаев Университетін, Инновациялық технопарктің, үшінші міндетте аграрлық ғылым мен білімнің, төртінші міндетте интеллектуалды көлік жүйесінің, бесінші міндетте заманауи технологиялардың, сон­дай-ақ адами капиталдың білім берумен байланыста қарас­ты­рылуы әсте кездейсоқтық емес. Жолдаудағы: «...аграрлық уни­вер­ситеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қой­май, ауыл шаруашылығы кеше­нінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс» деген жолдар «ақылды қала» ғана емес, болашақта  интеллектуалды ауыл-селоның негізі қаланатынын болжайды.
Иә, тәуелсіздік тұсында білім мен ғылымның жаңа жүйесі түзілді, әлемдегі әйгілі университеттер мен ғылыми орталықтарда мыңдаған қазақстандық азаматтар білім алуда, еңбек етуде. Беделді ха­лық­ара­лық сыйлықтармен мара­пат­талған ұстаздар мен ғалым­дарымыз бар.
Бірақ табыстан бас айналатын уақыт емес. Тап осы салада қызмет етіп жүргендіктен ма­ған шешім таппаған түйткілді мә­се­лелер саны бастағы шаштан да көп тәрізді көрінеді. Оқушылар, сту­­денттер оқитын оқулықтар мен оқу құралдарының сапасы тө­ңі­­регіндегі дау-дамайдан құла­ғы­­­мыз тыншымады. Мұғалім беде­лінің түскені, мектептерде әдеп­­сіз­дік орын алатыны үнемі айтылуда.
Дегенмен шұғыл шешуді талап ететін қайшылықтар бар. Нақтырақ айтсақ, оқу орындарының ара­сын­дағы сапалық алшақтық тым ұлғайып барады. Қоғамдағы байлар мен кедейлердің арасын­да­ғы алшақтық 8-10 еседен артса, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді екен. Сапалы білім беретін оқу орындары мен сапасыз білім беретін оқу орындары арасындағы сандық алшақтық салдары да осыған пара-пар. Соны азайту биылғы Жолдау аясында қолға алынғанын қалаймын.
Елбасы Жолдауында бізге оқу­шылардың жүктемесі ТМД ел­дерінің ішінде ең жоғары болып отырғаны және Экономика­лық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екені айтылды. Жоғары мектеп педагогтерінің жүктемесі де жойдасыз көп. Кредиттік технология жағдайында 700-800 сағат жүктемені орындау үшін олар 8-9 пәнді жүргізуге, 6-7 сағат бойы аудиторияда дәріс оқуға мәжбүр. Бұған қағазбастылықты қосы­ңыз. Қайдан сапа болсын, қашан ғылыммен айналысады?
Бірер сөз ғылым туралы. Отандық ғылымды  нарыққа жығып бермеу үшін мемлекет тарапынан шұғыл шара қолданылмаса, бү­гінгі әлеуетті сақтап қалу, ғы­лымға талантты жастарды тарту қиынның қиыны болғалы тұр. 60-90 мың теңге айлықпен жүрген ғалымнан үлкен ғылымды талап ету – ұсталмаған аюдың терісін бөл­генмен пара-пар. Әрине жас­тарға мінез-құлық прагматизмі жарасады. Дегенмен осыдан біраз жыл бұрын айтылғандай, ғылымға ішкі жиынтық өнімнің 3 пайызын демейік, бір пайызын бөлгенді көру арманға айналып барады.
Ғылымға  плагиаторлар,  яғни сумақайлар орасан зор зиянын тигізуде. Сумақайлықты мем­ле­кеттік қызметтегі жемқорлықпен бірдей айыптайтын уақыт келді. Мүмкін арнайы заң қабылдау керек шығар. Әзірше ұрлығы ашылған сумақай ұялғансиды, ұятсыздары түк болмағандай жалғанды жалпағынан басып жүр. Білім және ғылым министрлігі осы істе тым салғырт. Білетіндердің айтуынша, соңғы жылдары ғана ғылымдағы жемқорлар 5 млрд теңгені жымқырыпты. Қазіргі тарихшы ғалымдар қатарында – магистрден профессорға дейін – шамамен әрбір бесінші жан сумақай. Ғылыми конференцияның материалдары топтастырылған кез келген жинақта, БАҚ бетіндегі мақалаларда мұндайлар өріп жүр. Әріптестерінің бір емес, бірнеше мо­но­графиясына «жиендік» жаса­ғандарды көзіміз көрді. Әшкере­ленгендері бір тоғыз, әшкере­лен­бегендері үйірімен үш тоғыз. Бірен-сараны үлкенді-кішілі ғылы­ми-педагогикалық немесе ғылыми ұжымды басқарып отыр.
Кеңестік жылдары әрбір он ғылым кандидатына бір ғылым докторынан келетін. Бүгінде ол ара қатынас 1:4-ке жетті. Қоғамда ғылым докторларының көбейгені емес, лайықсыздарының жойдасыз тайраңдауы, кеудемсоқтығы, билікқұмарлығы алаңдаушылық туғызуда. Ғалымның да, ғылым­ның да қадірін кетіргендер осылар. Төніп келе жатқан апаттан ин­тел­лектуалдық әлеуетті құтқару үшін ЖОО-ны үш сатылы оқыту жүйе­сіне, Ғылым академиясын қоғам­дық бірлестікке көшіруге мәж­бүр болдық. Рефор­мадан тапқа­ны­мыздан гөрі жоғалтқанымыз көп тә­різді. Сол себепті Елбасының Жол­­дау­ындағы он міндеттен ас­тарлы сынды және кемеңгерлікті көремін.
«Бұдан да жаманымда тойға барғанмын» деген екен оптимист қазақ. Біз бүгінгіден әлдеқайда  ауыр сын-қатерді еңсерген халық­пыз. Елімізде тыныштық пен тұ­рақ­тылық болсын. Сонда Жолдау­да белгіленген 10 міндет жүзеге асып, экономикамызды, саясатымызды, санамызды жаңғырту жобадан ақиқатқа айналады.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҰҒА академигі

15 қаңтар 2018 ж. 1 577 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031