МЕНІҢ ӘКЕМ ЖАҚСЫ АДАМ…

Бұл оқиға менің жас шағымда болған еді. Бала едім. Балғын едім. Асқар тау әке мен аяулы ананың мейіріміне бөленіп, өмірдің ақ-қарасы мен ыстық-суығын білместен бейқам өсіп келе жатқан менің жүрегімде жан құлазытарлық бір оқиға өшпес таңбасын қалдырды.
Жаз шығысымен, әкем бізді түгел жинап алып жайлауға көшетін... Сол сәттер қандай ғажап еді десеңізші. Кешқұрым маңдайыңнан сипайтын Сырдың салқын самалы, дарқан даланың таза ауасы, мал өрістен қайтар кезде енесін іздеп маңыраған жас қозы-лақтың дауысы. Бәрі, бәрі де ғажап. Өміріміз табиғатпен біте қайнасып жататын. Қой жаю, мал суару, шөп шабу – бәрі тынымсыз тірліктіршіліктің бір бөлігі еді.
Біз Сырдарияның бойына жақын қонатынбыз. Дарияның суы кейде жуас көрінгенімен, ағысы асау, мінезі қатал болатын.
Алаулап атқан күнді көргеннен, сол күннің қызара батқанына дейін мал соңында жүретін біздер кешкі асқа отырған кезде үйге бірнеше адам келді.
Үстеріне шаң қонған, жүздері сұпсұр. Шаршап-шалдыққан кісілер екені көрініп-ақ тұр. Дауыстарының өзінен бір жамандық болғаны сезілетіндей. Әкем мен анам қазаққа тән қонағуар қалыппен саулық сұраспастан, бейтаныс қонақтарға төрін ұсынды.
Аяқ жазуға жайғасқан жүргіншілер жабырқау күйде қайдан келгенін жайлап айта бастады. Жолаушылар Жалағаш ауданынан екен, бір топ жанның ішіндегі егде жастағы ер адамның жас қызы дариядан су алып жатқанда, жазатайым аяғы тайып кетіп, суға ағып кеткен екен. Бірнеше күн іздесе де денесін таба алмапты.
Әңгіме соңында жоғалған қыздың әкесі қызын тауып берген кісіге бұзаулы сиыр мен 100 сом сүйінші беретінін айтты.
Ол кездері 100 сом да, бұзаулы сиыр да аз дүние емес еді. Үй іші үнсіз қалды. Жолаушыларды шығарып салғаннан кейін де әкем мен шешем бейкүнә қыз бен қыздың жақындарын аяғандай жақ ашпады.
Бірнеше күн өтті. Бір күні әкем үйге тым тұнжырап келді. Әдеттегідей емес. Үнсіз. Анам болса, жолдасының жай-жағдайын қас-қабағынан-ақ білетін кісі емес пе, әкемнің түрін көріп-ақ көзіне жас алды.
Әкем сол күні дарияға балық аулауға барған екен. Судың жиегінде жүріп, алыстан су бетінде қалқып тұрған әлденені байқапты.
Алғашында томар шығар деп ойлапты. Бірақ көңіліне бір күдік кіріп маза бермепті. Жақындап қараса, су бетінде қалқып жүрген шашы жайылып кеткен қыз баланың денесі екен.
Дарияның ағысы қатты болған. Суға жақындаудың өзі қауіпті еді.
Сонда әкем аттың шылбырын алып, бір ұшын өзінің беліне, екінші ұшын жағадағы ағашқа мықтап байлапты да, мәйітті шығармаққа бекініпті. Су суық. Ағыс адамды тартып әкетердей күшті. Әкем қызға жақындап барып, оның ұзын шашынан ұстап жағаға қарай шығарыпты. Қызды жерге жатқызып басына аттың ерін жастапты да, үстіне өз көйлегін жауып қойыпты. Әкем осыны айтқанда анам еңіреп жылады. Мен үнсіз отырдым. Бала болсам да, әкемнің сол сәтте қандай ауыр күй кешкенін сезгендей болдым. Әкем содан кейін қыздың ата-анасына хабар беруге кетті. Қыздың әкесі мен шешесі келгенде біздің үйдегілер де мұңлықтардың қайғысын бөліскендей, ботадай боздап жылады. Кейін әлгі адамдар уәде еткен сүйіншісін алып келеді.
Бірақ әкем алмады. Марқұмның әкесі ұсынған ақшаға қарап: – Ақшаға қызыңа Құран оқытыңдар, ал сиырды өздерің сауып, сүт-қатығын ішіңдер, – деп қайтарыпты. Сол кезде мен әкемнің қандай адам екенін шын түсінгендей болдым. Кейбір адамдар жақсылықты пайда үшін жасайды. Ал кейбіреулер адамдық үшін, адамдық борыш үшін жасайды. Менің әкем осындай адамдардың қатарынан еді.
Қазір менің де жасым ұлғайды. Бірақ сол оқиға әлі күнге дейін көз алдымда. Кейде ойлаймын... Сол қыздың бауырлары қазір қайда екен? Бар ма екен? Мүмкін, олар әлі күнге дейін бір бейтаныс адамның әкелерінің қайғысын бөліскенін еске алатын шығар.
Ал менің есімде бір нәрсе ғана қалды. Менің әкем жақсы адам...
Роза МОЛДАШҚЫЗЫ













