» » ҚАРАШАҢЫРАҚ

ҚАРАШАҢЫРАҚ

Адам баласы тағдырының қалай өрілетінін ешқашан білмейді. Ана бір орыстың сөзі бар ғой, «вслепую» дейтін, яғни көрсоқыр тағдырыңның жетегінде жүріп өмір сүре бересің. Алдыңда қандай дүние күтіп тұр, білмейсің, біле де алмайсың. Тек кейде артыңа қарап, уақытты оздырып алғаныңа өкініп, бас шайқайсың.
Ауылда жүрмін, ауылдан шықтым. Тек ауылдан, бойда жалын, көкіректе текірек бар кезде, қалаға кетіп қалғанымыз болмаса. Айды аламын, қаладан күреп ақша табамын, айналамды барлыққа толтырамын, жүйткіген көңілдің асау арынын басамын деп.
Пішту. Тойымсыз көзіңнің қызылы, сол сен ойлаған, барлық пен байлық емес екен ғой. Құлазып отырмын.
Құлазып жүргеніме көп болған. Жұмысым – ауылым, ауылым болғаны үшін, ауылды аралаймын. Қай жердің құдығы тесік, қай жерде су кетті, кімнің малы жоғалды, кімнің көңілі пәс, қай көшем қисық дегендей. Сол кезде ауылымдағы әр көшеде пердесі ілініп тұрғанымен, есігі ашылмайтын үйлерді көргенде ішім алай-дүлей болады. Иә, олардың да иелері, қарашаңырақты тастап, қаланы бағындырмаққа кеткен. Біреулері баспана тапса, көбісі кісі есігін сығалап жүр. Бірақ, ...бірақ ауылға қайтпайды. Сөкпеңіз, олар қу тірліктің соңында жүр. Құл, ... тірлікке құл.
Қу тірліктің ештеңе ойлатпайтындай қандай қасиеті бар дерсіз. Құлқын, ...құлқынның құлы. Сонда адам баласы құл болуы үшін жаралған ба? Заңды сұрақ?
О баста бабаларымыздың айтуы бойынша, адам баласы әлемді бағындыру үшін, яғни он сегіз мың ғаламды басқару үшін жаратылған дейтін еді ғой. Қайда сол басқарғанымыз?
Басқармақ түгел, қу дүниенің соңынан сүмеңдеп жүргеніміз жоқ па? Қайда, адамдық қасиетің? Бір Жаратқанның адам баласына бұйыртқан несібесі неге және қай кезде өзгеріп кеткен?
Өзгерткен де өзіміз екен ғой. Айтатыны жоқ, сәл көзіңді жұмып ойлансаң, көкірек көзің, жұмылған көзіңді шұқып тұрып, көрсетіп береді.
Қарашаңырақ. Кіндігің кесілген, әкең мен анаңның алақанының табы сақталған, жылы ордаң. Неге?...неге сол, жылы ұяны тастап кеттік?
Қайтып келеміз. Келеміз. Өзімізден жеңілеміз. Адам баласына ешқашан жеңіс бермеген, жеңілу жазылған пешенемізге. Неге дейсіз бе? Өйткені, адам баласына о баста берілген миссиясымен өмір кешпедік.
Кешкендер болды ма? Мүмкін болған шығар. Сол бір қарашаңырақтан бірнеше баба, ата, әке, бала өріп шықса, соның өзі бақыт еді. Міне, қарашаңырақтың шалқитын, бақыт мекеніне айналған кезеңі.
Ауылымда тұрған сол бір үйлердің үлкендерін танитын едім, қазір олар жоқ. Есігі құлып, терезесі сынған, ауласын арамшөп басқан. Құрып тұр, ...құрып тұр. Сонда да болса, кіндігінен ерген ұлын күтіп тұр.
Күтіп тұр, ...күтіп тұр ...
Ауыл күтеді, кешкі мезгілдегі өрістен қайтқан малдың ауада тұрып қалған шаңы, шайладан шыққан тезек түтінінің созылған ақ тізбегі, «ай көбейгірдің баласы, малды қайыр» деген анаңның шаңқылдаған ащы дауысы, сиырдың мөңірегені, құлынның шұрқырағаны, қозы-лақтың тесік тауып, бақшаға кіріп кеткені, оны атаңның алыста тұрып, таяқпен жасқағаны, иттің шабалаңдағаны, шолп етіп, арықтан атып шыға сала, құрқылдаған құрбақаның дауысы, жеткіншектің белесепедпен қыздарды жанай кеткені, ұяла қалған қыздарың сыңғырлай шыққан күміс күлкісі, осы бір аласапыран сәтте, кішкене ініңнің құдық басындағы батпақтан үй жасап, үсті-басының малмандай болып, мұрнынан боғы ағып жылап отырғаны, ұрайын деп оқталғанда, анадайдан жұмыстан шаршап келе жатқан әкеңді көріп, кілт тоқтағаның, иә осы сәттердің бәрі күтіп тұр.
Шын бақыт ордаң ауылда, жаныңның тыныштығы, өміріңнің мәні де – осында. Өзіңді тану да, табу да – осы ауылда. Ойланып көр, ауылдасым.
Нұржамал БЕКТАЙҚЫЗЫ
08 маусым 2025 ж. 58 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 911
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30