» » Еркелей алмайды екенмін...

Еркелей алмайды екенмін...

Бірде әлеуметтік желіде бейтаныс қыздың видеосын көріп қалдым. Астанада тұратын ол үй-ішіне айтпай тосынсый жасап келеді екен. Есіктен ене бергенде әкесін көріп еркелей жөнеледі. Қылықты қыздың әлгі бейнесіне қызыға қарадым. Төменде жазылған пікірлерді көзбен бір шолып өтіп едім. Арасындағы біреудің «мен осылай еркелей алмайды екенмін» дегенін көріп ішімдегі бір нәрсе «қылп» ете түсті. Осыған дейін мойындамай келген шығармын, бірақ менің де дәл солай еркелегім келетін еді...

Ол кезде 5-6 жастағы баламын. Бала болсам-дағы өзімнен үлкен жиен әпкелерімнің әкесінің бетінен шөлпілдетіп сүйетінін, мойынына мініп құшақтай кететінін көріп қатты қызағатынмын. Себебі әкемізге дәл солай біз еркелемедік.  Алақанына салып аялады, қажетімізді алып берді. Қатардан кем етпеді. Бірақ әлгіндей құшақтап, бетін сүйетін еркелікті жасай алмадық. Тек маңдайымыздан сүйіп қана «айналайын» деп қоятын. Қазір білім алып, жан-жақты қараған соң «балалық травманы» біліп, қабылдай алатын болдық қой. Сондай травмалардың бірі – балалық шақтағы әке мейірімі, еркелетуінің жетіспегені болар, бәлкім. Қызға аналық махаббаттан гөрі әкенің де жылулығы қажет-ақ.
Осыбір жылулықтың аздығынан ба екен, өмірде кей сәтте менде бірбеткейлік, қырсықтық басымырақ еді. Адамдармен қарым-қатынаста да дәл сол секілді суық болдым. Бөтен ортаға бірден сіңіп кете алмадым. Әкем де бейтаныс жерде көп сөйлемейді. Дей тұра өз ортасында одан артық әңгімешіл адам болмайтын. Мендегі жағдай да осы. Салқынқандылығым жүзіме шығып тұрады. Бәзбіреулер бетіме келіп сөйлеуден сескенеді.  «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда»  дегендей, сырым да өзіме мәлім  болды. Ұзақ уақыт мұны мойындай алмадым, қабылдамадым да. Әлеуметтік желідегі психолог, коучтардың оң әсері шығар, осы жайында біраз ізденіп өзімдегі қателіктерді таптым. Бірақ бұл үшін ата-анамды, әсіресе әкемді кінәлаудың қажеті жоқ екенін ұғындым.

Әкем күндізгі, түнгі ауысыммен жұмыс істеді. Кешкі сағат тоғызда жұмыстан қайтады. Ал біз сол уақытта көпқабатты пәтерде тұрдық. Жұмыс істейтін жері біз тұратын жерге жақын. Жұмыстан шығып қалды-ау деген уақытта сыртта күтіп тұрамыз. Уәдесі бойынша дүкенге апарады, қалағанымызды әпереді.

40 жылға жуық теміржол саласында қызмет етті. Бойындағы жауапкершілік, қаталдық, тәртіп сол қызметінен қалыптасқандай. Бізді бала күннен темірдей тәртіпке үйреткен де – осы әкем. Қойған заты орнында тұрмаса ащы сөзбен бір сыбап алатын. Кейін әкемнің заттарын тақадай қылып қоюға әдеттендік. Айтылған әрбір сөз бен берілген тапсырманы бұлжытпай орындауға осылайша бала кезден бейімделіп өстік қой.

Ештен кеш жақсы демей ме?! Өзім еркелікке малынып өспесем де балаларым керісінше, мейірім мен махаббатқа қанып өссе екен деймін. Сол себепті де олардың емін-еркін еркелей алуы үшін өзімде бар мейірімді, жылулықты түгел беруге тырысып келемін. Жұмыстан асыға үйге жеткенде алдымнан жүгіріп шығатын балаларымның аяғыма жабысып құшақтайтыны ерекше күйге бөлейді. Менің де балалық шақта дәл солай еркелегім  келіп еді ғой...

Әкемді қанша қатал десем де, оның суықтығы тек сырт бейнесінде  ғана секілді.  Салқын көрінгенімен іштей жүрегі жұмсақ екенін қазір толықтай сеземін, білемін.   

А.АХМЕТ
14 наурыз 2024 ж. 115 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 370

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 449

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930