Инстадағы #махаббат дастаны
2014 жыл. Қоңыр күз. Бұлқынған жас жігіт әлемтордан өзі көріп, көңілі ауған бойжеткенге достық жібереді. Бірақ әлгі бикеш сезім тұңғиығына батпаса керек. Алғаш рет достығын қабыл алмайды. Жо-жоқ, мұнымен хикая бітпеді. Жалғасы құдды заманауи жыр-дастан дерсіз.
Қазір әлеуметтік желінің әлеуеті артып тұрған шақ. Әсіресе, Instagram-дағы танымалдық бірінің қолына оңай түссе, енді бірінің хайп қуып, оқырман жинауына тер төккізеді. Айтпағымыз, қармақшылық жас отбасы аудан не облыс емес, елге танылған жарасымды жанұя. Олардың бұлай көп оқырманның сүйіктісіне айналуының өзіндік тарихы бар. Бірақ ол жайында кейінірек тарқатамыз.Солай, әлемжеліде дос боламын деген алғашқы қадам сәтсіз аяқталды. Кәмшаттың әпкесі сол кездері Еркебұланмен бірге қызметтес болған. Жігіт сол әпкесінен, одан қалды колледждегі таныстарынан қыздың ешкімге бұрыла қоймайтынын естиді. Бірақ, шегініп те қалмайды. Бірде бойжеткеннің жолы әпкесінің жұмысына түседі. Сол жерде өзі достығын қабылдамай қойған жігітті көреді. Мүмкін, осы бір сәтте екі жастың тағдыр жолы тоғысқан болар? Бәлкім, сол мезетте сезім ұшқыны тұтанған шығар? Иә, дәл солай. Сол күні Еркебұлан Кәмшатқа қайтадан достығын ұсынады. Бұл жолғы қадам сәтті аяқталып, қос ғашық араласа бастайды. Романтикаға жақын жігіттің жасаған тосын сыйлары қыздың көңілін тез-ақ баурап алады. Бірақ, сөз салғанда қыз жүректің назданып, жігітті 1 ай әбігерге түсіргені бар. Солай 4 жыл, 9 айға созылған Еркебұлан мен Кәмшаттың махаббат дастаны ақ некеге ұласады. Қазір жас отбасының шаңырақ көтергеніне 1 жылдан асқан.
– Instagram әлеуметтік желісінде «Инста жұп» болып танылып кеттік. Кәмшат екеуміздің қыз бен жігіт болып жүргенімізге 1 жыл толғанда есте қаларлықтай болсыншы деп қатты дайындалдым. Көңілінен шығатындай етіп романтикалық сый жасадым. Әрине, ондай сәтте сурет, бейнежазбаны желіге жүктейтініміз бар ғой. Соны көрген көпшіліктің қатары артып, сүйіспеншілікке ие болдық. Осы сәттен бастап әлеуметтік желідегі оқырмандарымыздың саны көбейіп, бүгінге дейін қолдау білдіріп келеді. Ал Кәмшат келіндік өмірге тез сіңісіп кетті. Үй тірлігімен қатар әлемжелідегі күйбең өмірге үлгеріп жүр, – дейді Еркебұлан Өмірбеков.
Қазір оның парақшасына 57 мыңға жуық оқырман тіркелсе, Кәмшаттың инстасында 206 мың жазылушысы бар. Онда отбасылық өмір, берік сезім, адал махаббат жайында жазбалар тізбектеліп отырады. Ал оқырмандары бір сәтке ғаламтордан алыстаған жұпты асыға, сағына іздеп күтетіні бар. Мұндағы табыс көзінен бөлек жас отбасы сауда саласында кәсібін дөңгелетіп отыр.
Бүгінде Өмірбековтердің бірлігі бекем, керегесі кең, терезесі тең. Қыз алып, қыз беріскен құда-жекжат та тату. Шаңырағы шаттыққа толған отбасында Алла бұйыртса сәбидің сыңғыры да естіліп қалар.
Айнұр ӘЛИ