» » Құрттың қоқымы

Құрттың қоқымы


Неге екенін білмеймін, бала күнімнен құртты жақсы көремін. Құрт жегім келгенде осы оқиға есіме түседі.
Нағашы апамды бізден кейінгінің бәрі тәте дейміз. Тәтем бала дегенде шығарға жаны бөлек адам. Әрқайсысымыздың жақсы көретін нәрселерімізді дайындап жүреді. Қабырғаға орналасқан есігі құлыптанатын шкабы болатын. Қазынаның бәрі соның ішінде. Өзі сондай аңғал тәтем кейде оның кілтін есігінде ұмытып кетеді. Әншейінде жоқтан өзгеге таласып улап-шулап жүретіндеріміз дәл осы кезде басымыз бірігіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ым-жымымыз бір бола қалатын. Мұндай орайы келген сәтте бір-бірімізге ымдай қойып, үндемей тәтемнің кеткеннін күтеміз. Тәтем кете бергенде шкафтағы тәтті-тәпсекке қырғидай тиеміз. Керегімізді алған соң кілтті ұмытып кетіпсіз деп апарып беретінбіз.
-Ойбу, қожанасырмын ғой мен. Ертең не жейсіңдер ал? - деп кілтін алып жататын да, әйтеуір ішін қайта толтырып қоятын.
Сабаққа барарда шешем тап-тұйнақтай қылып формамды кигізіп, шалғышымды шалып жібереді. Қалай сабақ бітеді солай тәтеме тартам. Күзден бастап қыс біткенше күнде барып құрт жейтін әдетім еді. Үйде тұрса жемейсің ғой. Тәтем берген құрттың дәмі ерекше болып тұратын. Ауам үйі мен мектептің және біздікінің арасы жап-жақын. Бірнешеуін ала кетіп, жол бойы үйге жеткенше кеміремін. Ол кезде бәрі жақсы. Таза жүрем. Қызықтың көкесі көктем келіп, құрт біткенде басталады. Тәтем қаптың түбін қағып маған беру үшін құрттың қоқымын жинап қоятын және оны менен басқа ешкімге бермейтін.
- Тәте, мен келдім, құрт салып беріңізші, үйге кетейін, - деп үйге айқайлай кіргенде, қасына шақырып бауырына басып, маңдайымнан сүйеді де:
-Ащылап келдің бе? Алдымен бір шыны айран ішіп ал, - дейді. Қатық айранды қант қосып ішіп бола бергенде:
- Әкел қалтаңды. Құрт бітті ғой, мұны жемесең ащылап кетерсің... Бұл біткенше құрт та шығып қалар, - деп шалғыштың екі қалтасын толтырып құрттың қоқымын салып береді. Қой мың, жылқы жүз. Жәкең үйге тартады. Танертеңгі тап-таза түрден түк жоқ, ағал-жағал, сатпақ-сатпақ, қара формам ақала, ақ шалғышым қара ала болып үйге келем. Сабақтың киімі ертең киюге келмейді. Шешем байғұс:
- Көшеде осылай жүргеннен ұялмайсың ба? Сені де оқушы дейді ғой. Біреу көрсе мына байғұс аш екен дейді ғой..., - деп бір ұрсады да, үстімдегі киімнің бәрін қағып-сілкіп, жуып-шайып тазалап қояды. Кем дегенде бір ай көктемдегі бейнеті осы. Ұрысқан болып көрінгенімен, түрімді көріп күлкісі келіп тұратын. Күнде форма тазалағаннан жалыққанымен, тәтеңе барма деп маған, мынаған құрттың қоқымын бермеңіз деп тәтеме айта алмайды. Сатпақ түрім ауам (нағашы атамды бәріміз солай атаймыз) мен әкеме қатты ұнайтын. Ауам:
-Бамбухай, қоқымыңды жеп ал (мені еркелетіп солай атайтын марқұм). Құрттың қоқымын жеген жақсы ғой, шешеңнің таяғын қайтер екенсің? Ұрысса маған айт, - деп күлетін. Үйге сенімді келетінмін. Өйткені әкем бар. Үнемі:
- Балаға ұрыспа, киімін қағып-қағып қоя сал, - деп арашалап алатын. Көзім ғана жылтырап сатпақ-сатпақ аузымды екі жеңіме кезек сүртіп, әкемнің бауырына тығылушы едім...
Қайғысыз-қамсыз қайран балалық-ай!

Желіден алынды.

05 наурыз 2023 ж. 1 783 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 002

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031