» » Шүкіршілік қылғанға шыр бітер

Шүкіршілік қылғанға шыр бітер

qarmaqshy-tany.kz Адам жұмыр басты пенде болғаннан кейін өмірде әртүрлі жайттарға жиі ұшырайды. Қуанышты да көреді, қиындыққа да тап болады. Алайда осының бәрі жаратқанның қалауымен жүзеге асып жатқан сынақ екенін кейде ұмытып кетеді. Ашығына көшейік. Бір істі бастап, оны толық аяқтап соның оң нәтижесін көрсек «өзім істедім, өзім жеттім» деп мақтанып кетеміз. Ал қолайсыздыққа жолықсақ ах ұрып, Құдайға өкпелейміз. Себебі неде? Оған айтқан рақметіміз шүкіріміз жоқ.

Қайсыбір күні қызметіме жарап тұрған көлігім көп ұзамай сыр беріп, ақыры шегіне жетіп бұзылды. Темір ғой. Техника болған соң бөлшегі тозады дегендей. Бар жұмысымды тындырып тұрғасын ба бірден бұлай болғаны көңіл-күйімді түсіріп жіберді. Кеткен заты да ауыстыра қоятын кішкентай бөлшек емес, әжептеуір көлемді қозғалтқыш. Оның затын іздеп, қайта жинап шығару да неше күндік жұмыс екені көрініп тұр. Аптаның басы басталса сенбі, жексенбі күнді асыға күтеміз. Басқа күндері жұмыстан босамайсың. Жаздағыдай күн де ұзақ емес тырбаңдайтын. Әр күн, әр сағат құдды алтын уақыттай. Көлігімнің заты тез табыла қоятын жылы жаңа да емес, ескі болған соң табаннан тозып базар жағаладық. Қойшы, әйтеуір бөлшегін тауып, көлікке қайта қозғалтқышын жинадық. Жүрісін тексеріп көруге орнынан қозғап, әрлі-берлі жүрдік. Сәтті шыққанына қуанып, іштей «жөндеу қиын емес екен ғой, қолыңнан келді» деп өзімді мақтап қойдым. Сол жүргеннен үйге келіп тоқтадым. Біраз минуттан кейін қайта оталдырмақ болып кілтті қостым. Көлігім бағанағыдай қарқынды емес, оталмайды. «Мынаған не көрінді?» Қайтадан әурелену басталды. Көлік жүргізетіндер біледі.
Ақауға себеп деген бөлшектің бәрі жаңаланды. Нәтиже жоқ. Кешкі суық өтіп барады. Ертең жұмыс, неде болса бүгін жүргізуім керек. Біледі деген мамандардан көмек сұрадым. Тіпті айтқандары бойынша бәрін жасадым. Оталмайды. Осылай бір күн тағы тұрды. «Қай жағын дұрыс жасамадым» деген ой маза берер емес. Екінші күні таң намазынан кейін, Жаратқанның разылығы үшін деп арнайы дұға жасап, істің қолымнан келмегенін айтып, көмек сұрадым. Сөйтіп көлікке отырып кілтті қосқаным сол-ақ еді, жаңа ғана келіп сөндіргендей жеңіл отала кетті. О, Құдайдың құдіреті-ай! Осы кезде еріксіз шүкір дедім. Жалпы біз мұсылман адамға міндет болған амалды ұмыт қалдырып жатамыз. Жаратқанның тарапынан жауған толассыз нығметке қайтарым ретінде шүкір айтпаймыз. Жүсіп Баласағұни «Шүкіршілік қылғанға шыр бітер» дегені текке айтылмаса керек.
Мінсіз Құдай, берген нығметінің әсерін құлының бойынан көруді жақсы көреді дейді. Алайда пенде нығметті бойынан көрсету осы екен деп өзіне- өзі ғашық болып, мақтаншақтыққа беріліп немесе тәкаппарлыққа бой алдыру сынды жағымсыз мінездерге салынып жатады. Осыдан кейін лайықты түрде шүкіршілік ете алмай- ды. Пайғамбарымыздан жеткен бір хадисте Құдай «Құлдарыма көтере алмайтын жүкті жүктемеймін. Алайда құлдарымнан шүкір етушілер өте аз» деген екен. Істеген ісіміз, сөзіміз, халіміз, жүрегімізбен шамамыз жеткенше шүкіршілік жасауды ұмытпайық!
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
17 ақпан 2023 ж. 855 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930