» » Көк тәбішке

Көк тәбішке

– Балалар, бүгін Елдос жоқ екен. Кеттік, соның бақшасына түсейік.
Атаман Әділет ұсынысты бірінші айтты. Әдеттегідей кешкі «жиналысқа» келмеген баланың бақшасын торуылдайтын балалар сақадай сай. Жауға шығардай қалың киініп алған. Өйткені, бақшаның піскен қауын-қарбызына, дәмі тіл үйірер әңгелегіне қол жеткізу оңай шаруа емес. Зеңгібабаның тұқымынан қорғап, қалың шеңгелмен қоршалап тастайды. Арасына жиденің шөңгелі бұтағын әкеп іліп тастайды. Қытымыр қыста жейтінін ала жаздай тер төгіп жинайды. Ауылдың тіршілігі де сол ғой. Анау Шүкәйттің бақшасына кіре алмайды, ол тура үйіне дейін қуалап барып, доп қылып теуіп, шыбықпен сабап, ата-анасына ескертіп, таңертеңгісін мектепке барып, сынып жетекшісіне тапсырып, баланың зығырданын қайнатады.
– Өткендегі жынды Шүкәйттің бақшасындағы хикая қайталанып жүрмесін. Аяқ киімдерің мықты болсын, балалар. Әйтпесе, әкем тірілей сояды мені, – деген Абай басын төмен салбыратты.
Оқу жылы басталғанына қарамай, қолынан шопанның таяғын, бақшаның қарауылдығын тастамай, сабақта төбе көрсетпегелі де үйде әкеден, мектепте мұғалімнен таяқ жеп әлек. Онысын әйтеуір, кешкілік бақшадан қауын «ұрлап» қайтаратындай болады. Мұрны пұштиып алып, ол да бәле. Құйтақандай кейпіне, моп-момақан түріне қарап, оны бұзақылыққа қимайсың, жарықтық. Бар сотқарлықты ішіне бүгіп жүр.
– Ұрыста тұрыс жоқ!
Найзаның баласы кесіп айтты.
– Әкең Найза болған соң, қадалуға құмарсың. Әйтеуір, бақшада бірдеңеңді ұмытып, таңертең бәріміз омақаса құлап жатпайық.
Балалар ду күлді. Тілші Төкеңнің баласы тілмен түйремесе, қайтсін?!
– Тыныш. Құлхан апа келе жатыр. Қазір жатар алдында ауланы бір бақылайтын әдеті бар. Содан соң он бес минөт күтіп, дереу ауладан асамыз.
Қанында бар ғой. Ұры Бақытжанның баласы әккілігінен танбады. Басқалары оның «профи» екенін мойындап, бас шұлғыды. Бәрі әкелеріне тартқан кәдімгідей. Ана кәсіпкер Валяның баласы ышқырына қап тыға келіпті. Онысы жеуден ауысқанын үйге зытырып, қауынның қабығына дейін қапшықпен арқалап, малына беру. Әй, осы бала түбі бір жерді тесіп шығатындай. Ауланы жарқыратқан жарықты өшіріп, Құлхан апа ішке енді. Сыртқы есіктің «шиқ» деген дауысы мазаны алып, құлақтың құртын жейді. Анау серіппелі пружина есікті тартқылап жібергенде тақ етіп дауыс шығарып, Пазылханның тұзбен ататынын еске сап жібергенін айтсаңшы. Валяның баласы дереу орнынан атып тұрды.
– Е, не болды?! Тұзбен атқан жерің ашып, шыдас бермей қалды ма?
Балалар тағы күлді. Тракторист Төребектің баласы бастап, ауланың қоршауынан аса секірмек болған. Тоғызыншыға жетпей тоннаға татитын салмағымен оны бірінші жібереді. Өйткені, соңында қалса, бәрін ұстап беруі мүмкін. Бәрі алдына салып, қалқан етіп, шеңгелді жарып өтті де пәлектің арасындағы түйнектерге тап берді. Жұлып-жұлып құшаққа салды, сыртқа шығарып пышаққа салды. Әп-бәрекелдіге басып, көл табанға зытып барады, зытып барады. Артынан біреу қуғандай қашып барады, қауын-қарбызын тасып барады. Әйтеуір, бәрі түгел сияқты. Трактористің баласы да екі өкпесін қолына алып, домалап келеді. Артынан қалғандары қуалап келеді. Ортаға тастады да мәз бәрі.
– Балалар, біздің бақшаның қауыны мұнан тәтті. Дәмі тіл үйіреді, – деді Әлібек.
– Е, онда келесі жолы сен шықпай қалсаң, сенікіне баратын болдық.
Балалар ду күлді. Қошанның сөзі қолтыққа қысқан мылтықтай тәуір атылды. Басын қасып қалған Әлібек Аянның жалаң аяқ екенін байқап қалған.
– Тәбішкең қайда?
– Мә, кеше Алматыдан келген тәтем әперіп еді, жаңа қашқан кезде анда қалып қойды.
Балалар басы салбырап үйіне қайтқан.
Таңертеңгілік қой кезекке шыққан Құлхан апа әлгі су жаңа көк тәбішкені «мініп алып» қойын айдап келеді. Аулада тұрған Аянның әжесі Әсима апа:
– Әй, Құлхан, ұялмайсың ба?! Менің баламның тәбішкесін киіп алыпсың ғой, – демесі бар ма?!
Айлакер Құлхан апа түнде бақшаға түскен кімдер екенін біліп алды.
Аян СПАНДИЯР.
08 қыркүйек 2018 ж. 1 912 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031