» » Хат жазып тұр...

Хат жазып тұр...

Хат жазу... Бұл 1990 жылдарға дейін дүниеге келген, бүгінде жасы кемінде 30-дан асқан жандар үшін ғана таныс ұғым болар, сірә. Бала кезімізде хат жазудың өзіндік ерекшелігі болатын. Әсіресе, әскери борышын өтеуге кеткен ағаңның артынан жазған хаттар мен оған жауап күту ше... Әлі есімде, 5-6 жасар кезім. Жазу білемін. Әкемнің інісі Украина жерінде Отан алдындағы қасиетті борышын өтеді. Анамның көмегімен ағама хат жолдаймын. Ағам да маған хат жазып, суретін қоса салып жібереді. Әскери форма киген адамның келбеті бейнеленген қағаздың екінші бетінде «Қарындасым Лаураға» деген жазу тұрады. Оны оқыған менің кеудемді мақтаныш кернейді, келесі хатымды жібергенше асықпын.
Хатты жазуын жазарсың-ау, оны жіберуді айтсаңшы. Конверт алып, оның бұрышына қатар-қатар марка жабыстырып, конверттің желімделген тұсын тіліңмен жалап өтіп, ысылдап-пысылдап сыртын толтырып, поштаға апарып саласың. Ол хат айлап жетеді. Сабырмен күтесің.
Ол ол ма, облыс орталығындағы туыстар­ға да хат жазушы едік қой. Қазір сол аралықты 1,5-2 сағатта машинамен жүріп, бара саламыз. Одан қалса, қолымызда ұялы телефон. Қоңырау соқ та, кез келген ақпаратқа қол жеткізе бер. Тек хаттағыдай сағыныш сезіміңді, көңіліңнің түпкірінде бұғып жатқан ерекше лебізіңді білдіре алмайсың. Қысқаша жағдай сұрасудан әрі аса алмайтының анық. Жақыныңның жағдайын, күнделікті күйбеңін әлеуметтік желіден бақылап, күнде жанында жүргендей әсерде болғандықтан ба, тіпті қоңырау шалып сөйлескенде, көзбе-көз кездескенде де не сұрарыңды, не айтарыңды білмей тосырқап қалатын кездер де аз емес.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алып өкілдері Мұқағали Мақатаевтың Сырбай Мәуленовке, Ғабит Мүсіреповтің Райис Мұхамедияроваға, Шара Жиенқұлованың Ілияс Омаровқа, Қаныш Сәтбаевтың жары Таисия Кошкинаға, Мұқағали Мақатаевтың Әнуар Әлімхановқа жазған хаттарын оқы­ғанда қызықты әдеби шығарма оқып отырғандай күйге түсесің. Сол кездің адамдары хат жазуға айрықша мән беріп, аса ыждағаттықпен қарағанына қайран қаласың. Қазіргі таңда сол хаттардың біршама үлгісін Әсет Ақмола есімді инстаграм қолданушысы өз парақшасында жиі жариялап тұрады. Әрі тарих, әрі тұтас бір дәуірдің естелігі десе де болғандай.
Сол алдыңғы буын аға-апаларымызға еліктедік пе екен, менің және жақын араласатын достарымның өмірінде хат жазу үрдісі беріге дейін орын алды. 9-11-сыныптарда оқып жүргенімде өзімнен бұрын мектеп бітіріп, үлкен қалаларға оқуға аттанған рухани жанашыр, пікірлес дос, басқа қалаға қоныс аударған көрші-сыныптастарыммен үзбей хат алысып тұрдым. Бәрі сақтаулы. Жақында солардың бірқатарын қайта оқып шықтым. Оқыдым да таң қалдым. Небәрі 16-19 жасымызда өзімізге соншалықты көп жауапкершілік жүктеп, ерте есейіп кеткендей болыппыз. Әдеби көркем сөздерді қолдану былай тұрсын, тіпті табиғаттың құбылысын адамның жан дүниесімен астастыра суреттеу кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан сусындап, көркем әдебиетті құныға оқитындардың қолтаңбасы менмұндалап тұр. Тұтас бір шығарма іспетті. Сөзім дәйекті бола түсуі үшін мысал келтіре кетейін.
«Сәлем, аяулы досым Лаура!..
...Қоңыр күз ауыл келбетіне қандай өзгеріс әкелді? Егер жапырақтар ерте сарғайса, оны менің өзіңе, ауылға деген сары сағынышым деп біл.
Өзіме келсем... Кім білген?! Оқуға о баста түскен соң көркем шығармадағыдай шытырман боларын...
1-курс. Сессия. Практика. Алматыға ауысу. 2-курс. Алыста қалған ауыл...
...Бүкіл түпкірдегі жаңалықты жазып, хат жолда. Бірақ «өсек» жанрын пайдаланбағаның екеумізге де жақсы» (қазіргі журналистика докторанты Г.Смағұлованың 2004 жылы жазғаны) немесе әкем дүниеден озған кездегі көңіл айту хаты:
«Осынау жалған өмірге бәріміз де қонақпыз. Бірақ тәтті тірлікте жақын адамыңнан қапыда айырылып қалу қандай қиын!
Лаура! Сенен әкең үкілі үміт күтетін еді. Сенің болашағына зор сеніммен қарайтынын өзің де білесің. Еңсеңді көтер! Сен арманшыл, сыршыл қызсың. Кеудеңдегі отыңды өшіріп алмағайсың!».
Тұнып тұрған мотивация, алдағы өмірге жігерлендіру, рухани демеу!
«...Өзіме келер болсам, бәрі ойдағыдай. Сықылықтай күліп сессия да жетті. Практикамыз тағы бар. 1-курсты да «құдай» деп аяқтағалы жатырмыз. Кеше ғана мектеп бітірген сықылды едік, бүгінде 1 жыл болыпты. Жылап бәрін еске аламыз. Туған жердің шаңы да бізге қол жетпес сағым болып тұр. Ауылды сағындық...» (Ж.Жантасованың 2004 жылы жазған хатынан).
«...Уақыт деген желден де жүйрік екен ғой. Кешегі күнгі өзің айтқан сарғылт тартқан алтын күздің қуарған жапырақтары бұл күндері жаңарып шығып, жасыл желекке айналуда. Сол күздің сары жапырағын көргенде өзің айтқандай бұрынғы кездер еске оралады. Әрбір жапырақ қанатын жайған бір жеткіншекке баланса, біздің бүршігіміз енді ашылғалы отыр...» (Г.Мұнарбаеваның 2007 жылы жазған хатынан).
Сол кездегі жоғары оқу орнына енді ғана түскен немесе мектепті бітіргелі отырған жастардың хаты осылай жалғасып кете береді. Өзімізді кәдімгідей ересек сезінген екенбіз. Мектеп қабырғасында бірнеше бет шығарма жазып машықтанғандары тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бәлкім, бүгінде әрбіреуіміздің сол жазудан алшақтамай, магистратура, докторантурада білім алып, баспасөзде қызмет етіп, ара-тұра болсын мақала жазып, газет-журнал, кітап беттерінде есімдеріміздің көрініс табуы да сол бір жазу дағдысының тым әріден қалыптасуынан болар. Осы тұрғыдан алғанда, шығарма жазуға аса мән берілмейтін қазіргі оқу жүйесінің қазанынан қайнап шыққан жастардың ауызекі сөйлеу, жазба тілдерінің соншалық жадағай, жүдеулігін көріп қарның ашады. Ойын қағаз бетіне түсіруге шорқақ, жалаң сөздерді ғана қолданатын жанның ой-өрісіне де тереңдей алмайсың. Себебі, сөз – адамның ойы, ал ой – адамның болмысы.
Иә, қанша үгіттесек те енді адамдардың хат жазбайтыны белгілі. Бірақ, өз ойын көркем түрде жеткізуге бағыттау еш уақытта кеш емес. Қолда бүкіл мүмкіндік бола тұра қолданбаймыз. Ватсап желісінде: «Нестеватсың? Не жаң? Норм» деген ешбір нормаға сай келмейтін әріптері бұрмаланған, қысқартылған сөздер мен сөз тіркестерін көргенде, бала күннен өскелең шақтарға дейін жазылған хаттар еске түседі. Қалай десек те, сол хаттардың бізге тигізген оң ықпалы мол болды.
«Хат жазып тұр, хат жазып тұр,
Қашықтықты жеңеді тек хат қана», – деп әнші Асқар Жүнісбеков әнге салғандай, қазіргі онлайн хаттарды да барынша сауатты, көркем, ерекше етіп жазуға тырысайықшы!

Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ

26 ақпан 2022 ж. 804 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031