Жас сарбаздарға аманат хат табысталды
Аудан орталығындағы Қорғаныс істер бөлімінде жылдағы дәстүр бойынша Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан болашақ сарбаздарды әскерге шығарып салу салтанаты өтті.
Көктемгі әскерге шақыру жиынында аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Рүстем Тұрғанов: «Бүгінгі күн сіздер үшін ер-азаматтың өміріндегі ең маңызды күндердің бірі. Себебі, сіздер өздеріңіздің нағыз ер-азаматқа тән болмыстарыңызды айқындаудың бір дәлелі – Отан алдындағы азаматтық борыштарыңды өтемексіздер. Оны абыроймен атқарып, туған жерге аман-есен оралуларыңызға шын жүректен тілектеспін», – деп сарбаздарға ақ жол тіледі.
Сондай-ақ шарада Ауған соғысының ардагері Асқар Ерманов, Тәжік соғысының қатысушысы Берік Әбілтаев ата-баба сан ғасыр бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай аман сақтап келген ел мен жердің баянды болашағы мен кемел келешегі жастардың қолында екендігін айтып, баталарын берді. Ал жас жауынгерлердің ата-аналары Отан алдындағы борышын өтеуге бара жатқан ұлдарына ақ тілегін жеткізді.
Жастар бірлестігінің белсенділері қармақшылық жастардың атынан болашақ сарбаздарға «аманат хат» пен сарбаздар күнделікті тұтынатын заттарды табыстады.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ