» » «Өмірге қайта келгендей болдым»

«Өмірге қайта келгендей болдым»

ТАЛАЙДЫ КҮНДІЗ КҮЛКІДЕН, ТҮНДЕ ҰЙҚЫДАН АЙЫРҒАН МЫНА БІР КЕСЕЛ МЫҚТЫМЫН ДЕГЕНДЕРДІҢ САҒЫН СЫНДЫРЫП, САЛЫН СУҒА КЕТІРГЕНІ РАС. ДЕСЕ ДЕ, ҚАНДАЙ ДЕРТКЕ БОЛСЫН ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫП, ЖЕҢІП ШЫҒУҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚҰДІРЕТТІ КҮШ БАР. ОЛ – ҮМІТ ПЕН СЕНІМ. ЖАҚСЫЛЫҚҚА ДЕГЕН СЕНІМ, ЖАРҚЫН ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҮМІТ БЕРІК ҚАЛАНБАЙЫНША ЖЕҢІСТІҢ АУЫЛЫ ДА АЛЫСТАЙ БЕРМЕК.


Қанша уақыттан бері айтатын әңгіме мен жазатын тақырып «Covid-19» төңірегінде. Жұқтырушылар көп, жазылып шыққандар да жетерлік. Солардың бірі кент тұрғыны – Гүлмира Айбытова. Емнің толық курсын тәмамдап, үйіне оралған әпкеміздің хәлін сұрап, қоңырау шалған едік. Жарқын дауысын естіп, жадырап қалдық. Дәрігердің дегенін бұлжытпай орындап, кеңесіне құлақ асқан ол қазір жұртты әбігерге салған індеттен құлан-таза айыққан. Әрі қарай әңгімені өз аузынан бірге естиік.

– Наурыз айында елде Төтенше жағдай жарияланып, «осындай» вирус шықты дегенде үрке қорыққан жанның бірі мен едім. Дереу дәріханадан маска мен резеңке қолғап, антисептик, хлор сатып алып, сақтық шараларын бұлжытпай орындап жүрдім. Жұмыста жаныма ешкімді жолатпай, оқшаулана беретінмін. «Неге қорқасыз, ондай вирус жоқ» дегендерге «олай демеңдер, бар, сақтану керек» деп шыр-пырым шығады. Үйді де жиі-жиі тазалап жүрдім. Бір күні кешқұрым кенеттен жүрегім айнып, құсқым келді. Дене қызуым көтеріле бастады. Әрі-бері шыдамдық танытуға тырыстым. Болмаған соң жедел жәрдем шақырттым. Жедел жәрдем келгенде дене қызуым болмады. Олар алғашқы көмегін көрсетіп, аймақтық дәрігерге қаралуым керегін ескертті. Ертесіне терапевтке көрінгенде, сынама тест тапсырып көруімді сұрады. Дереу балаларымды туысқандардың үйіне жібердім. Сынама тапсырдым. Тапсырдым дегеннен жүрегім дүрсілдеп, өзімді қоярға жер таппадым. Үйде де оқшауланып, ешкімге зияным тимесін деген оймен жүрдім. Үш күннен соң ұялы телефоныма хабарлама келді. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа, қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гүлнар Төлепбергеноваға хабарласып, нәтижесін сұрадым. Аймақтық дәрігерім «сынама көрсетті, ауруханада жатып ем аласыз» дегенде қандай сезімде болғанымды білесіз бе? Ондай жайсыздықты ешкімнің басына бермесе екен. Төбемнен жай түскендей, өмірім сол уақытта тоқтап қалғандай көрінді. Екі күн бір бөлмеден шықпай, нәр татпастан жылап жата бердім. Сенгім келмеді. Үшінші күнге қарағанда дене қызуым қайта-қайта көтеріліп, құрғақ жөтел жиілей берді. Ем алмасам болмайтынын түсіндім. Жедел жәрдем көлігіне мінгеннен егіліп жылай бердім, жылай бердім. Сонда фельдшер қыз-жігіттер маған «Тәте, осыншама осал болғаныңыз ба? Еңсеңізді көтеріңіз, әлі-ақ жазылып шығасыз. Қаншама адам ауырып, айығып жатқан жоқ па? Неге қорқасыз, мықты болыңыз. Әтпесе әлсіздерді бұл ауру әбігерге салады» деп қайрады. Ауруханаға түскенде көп уайымдағаннан болар қан қысымым түспей қойды. Тамаққа тәбетім тіпті жоқ. Бұрын соңды ауырып, жұқпалы аурулар бөліміне жатпаған маған мұндағы дәрігерлер мен медбикелердің қырағы қызметі таңқалдырды. Ішкі тәртібі, ас мәзірі, ем-домды белгіленген уақыттан кешіктірмей жасауы, тазалығы, жиі-жиі жағдайыңды сұрап, жаныңнан табылатыны бәрі-бәрі еш кемшіліксіз көрінді. Психологиялық дәріс оқып, көңіл-күйімізді көтеріп отырды. Бас дәрігер Бақытжан Нысанбаевтың қамқорлығын қалай айтпайын? Күн сайын мен секілді әр пациенттің жанына келіп, атын атап, дәрігер емес, жанашырындай жағдайын сұрауы нағыз мамандығына адал азамат екенін аңғартады. Қиналғанда, ауырғанда басқалардың саған ерекше көңіл бөліп, жақсы сөз айтып демегені қуат болады екен. Ұлым биыл мектепті «Алтын белгіге» бітірді. ҰБТ тапсыруға бір күн қалғанда мен ауруханаға түстім. Ана жүрек баласын ойласа, балам мені ойлап алаңдады.

Өзім қиналып жатып ұлыма былай деп хат жаздым. «Мені уайымдама. Ертең-ақ жазылып орталарыңа барамын. Өзіңе берік бол. Сен қалайда грант жеңіп алуың керек. 11 жыл оқыған біліміңді дәлелдеуге ештеңе кедергі бола алмайды». Абырой болғанда балам жақсы балл жинап қуантты. Өзімнің жағдайымды баяндай отырып жерлестеріме мынаны айтқым келеді. Бәріңіз жақсы ойда болыңыздар. Өзіне сенімді адам кедергіге кездеспейді. Кездессе де сүрінбей өтеді. Кейде мен бұл дертті өзіме ой арқылы шақырып алғандай көремін. «Маған жұқса ше, ауырып қалсам не болады?» деген жағымсыз ойым ақыры соған жеткізді. «Керісінше мен мықтымын», «мен ауырмаймын» деген сөзді жиі айту, көңілді жүру керек екен. Дәрігерлердің қызметіне қарап қуанасың да, жаның да ашиды. Олар біз секілді қанша науқастың тез айығуы үшін тынымсыз еңбек етуде. Сондықтан – ақ халаттылар тарапына артық әңгіме айтпай, қолдау білдірулеріңізді сұраймын. Қазір әлеуметтік желіде «олай істе, бұлай істе, ананы іш, мынаны іш» деген кеңестер күрт көбейіп кетті. Адам өз бетінше әр нәрсені ішпей, дәрігердің ғана кеңесіне құлақ асқан жөн. Себебі сіздің шыбын жаныңыз шырқырағанда әуелі Алла, кейін антына адал дәрігер ғана көмектесе алады, – дейді ағынан жарылған Гүлмира Қиналбайқызы.

Өз кезегінде ол аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлына, ауданның бас санитар дәрігері Гүлнар Төлепбергеноваға, инфектолог Ұлықбек Абдулхамитов пен күндіз-түні екпе салып, денсаулығын тікесінен тік тұрып бақылаған медаға Ержан Құрманалиев пен №5 аймақ дәрігері Бибіткүл Жаржановаға алғаусыз алғыс айтады.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
11 шілде 2020 ж. 1 315 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031