» » МАНСАП ҚУУДЫ ЕМЕС, МАСАҚ ТЕРУДІ ОЙЛАҒАН ЖАҚАЕВ ІЗБАСАРЛАРЫ

МАНСАП ҚУУДЫ ЕМЕС, МАСАҚ ТЕРУДІ ОЙЛАҒАН ЖАҚАЕВ ІЗБАСАРЛАРЫ

Кеше облыс аумағында құрылған «Жақаев ізбасарлары» еңбек лагері ауданға ат басын бұрды. Өңірдегі түрлі оқу орындарының студенттерінен құралған жасақтың биылғы құрамында 30-ға жуық жас бар. Олар ауылдық жердегі таза еңбек майданының қандай болатынын көзбен көріп, көңілге түймек оймен келді. Лагердің негізгі мақсаты жастарды ауылда еңбек етуге шақыру.
Ақтөбе ауылының топырағына табан тигізген жас еңбеккерлер алдымен ауыл жастарының жарқын өмі­рімен танысты. Күн ұясына бата бере шаңырақта үлкендер болмағанда бастаңғы жасайтын ата салтқа сай олар көңіл көтеріп, ойын ойнады. Ортада домбыра, гитара сынды аспаптарды құлақ күйін келтіре шертіп, әнді нақышына орындайтын өнерпаздар Нұрбейбіт пен Русланның өнеріне тән­ті болды көпшілік.
Қара шашың иығыңа төгілген,
Қара көзің не жылаған, не күлген...
Бойды балқытып, романтикалық әсем күйге бөлейтін эстрада әндерімен қатар, елдегі талантты жастардың көше әндері де орындалды. Алау айналасына шоғырланған масақшыларға таңды қарсы ала өнер көрсетсе де болар еді, әйткенмен, таңның атысынан егіс басына аттану керек. Онда оларды қызу еңбек күтіп тұрды...
– Қане, тұрыңдар! Жиналыңдар!
Жетекші, аудандық жастар ре­сурстық орталығының директоры Әділ Ибраһимнің саңқ еткен даусынан кейін қызы бар, ұлы бар әскери өмірдің шыңдалған жігітіндей дап-дайын, сақадай сай күйінде таңғы астан дәм татып, егіс басына сай киініп, қолдарына орақ ұстады. Олардың бүгінгі миссиясы – «Ақтөбе и К» ЖШС егіс алқабындағы Сыр салысының арасына шыққан қызыл күрішті ору. Байырғы масақ теру тәрізді инемен құдық қазатын қиын жұмыс. Әйтсе де, жастардың жалыны мұз ерітіп, тас жарардай. Қауқарлы зил 30-дан аса адамды тиеп алды да күшеніп алқапты бетке алды. Мұнда оларды бастап бара жатқан ауыр көліктің тізгінін ұстаған Қанат замандас, шаруашылықтың бас агрономы Сапар Елемесов, шаруашылық төрағасының орынбасары Қалдыбек Құлмырзаев есімді ел ағалары. Ынталылар әбден ысылған тәжірибелі агрономның ақылын тыңдап, кеңесіне құлақ асты.
– Балалар, бұл жерде экспортқа шығарылатын ирандық таромо-хошеми күріш сорты бар. Арасына бөлек сорттар шығып, өткен жылдан қалған дән қызыл күріш болып өседі. Бүгін біз осы қызыл күрішті арасынан теріп, қапқа жинаймыз. Бұл – үлкен жұмыс. Еңбектеріңізге жеміс тілейміз. Бізге көмекке келіп жатқандарыңыз үшін алғысымыз зор, – деді 67 жастағы бас агроном С.Елемесов.
Бұл Бақытбек Мұнарбаевтың бас­қаруындағы №1 егіс бригадасында 50 пайыз күріш жиналып, қамбаға құйылған. Жалпы шаруашылықтың ен­шісінде 300 гектар алқапқа ирандық сортты еккен. «Уақытында жинап алуға мүмкіндік мол. Техникаларымыз сақадай сай» деді бізбен әңгімесінде Б.Мұнарбаев.
– Негізгі мақсатымыз – ауылға жас­тарды тарту. Елде еңбек етуге шақырудамыз. Қазір көбісі заңгер, қаржыгер, бастық болғысы келеді. Шын мәнінде азық-түлікті кім өндіреді сонда?! Біз осыны ойландық па? Жас­тарды агросалаға тартып, ондағы еңбектің майталмандарына айналдыруымыз керек. Жастардың ынта-жігері артып келеді. Тіпті, шалғай елді мекендердің өзінде қазір тәулік бойы ауыз су сарқырап ағып тұр. Азық-түлік дүкендері де көптеп салынған. Қаламен айырмашылығы көгілдір отын ғана жоқ. Ол да шешіледі деп облыс басшылығы айтып келеді. Ендеше ауылдан неге қашамыз? Диқандар жұмысы бізсіз-ақ бітіп жатыр, біте береді де. Еңбек арқылы жастарды тәрбиелеуді басты назарға алып отырмыз. Қазақ атам «Еңбек – бәрін жеңбек» дегенді бекер айтпаса керек, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ибра­һим.
Еңбек жасағы таромо-хошемидің арасынан қылтиған қызыл күрішті жұлды. Өнімі алынып, босаған жердегі қалдықтарды өртеумен айналысты. Өзара түрлі ойындар ойнады. Ендігі шаралар тізбесінде үздік бизнес жоба және үздік әлеуметтік жоба бойынша сынға түспек. Әрбірі өз идеясын қорғап шығу керек. «Ауылда қандай кәсіп түрін ашуға болады?», «Қандай қызмет көрсету нысаны керек?» деген сынды сауалдарға жауап іздейді. Үздік жобалар марапат мінберіне көтерілетін болады. Ал күріштік басында оларға серіктестік директоры Нұрлан Іздібаев жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мамандығым – заңгер. Бірақ мен өз орнымды ауыл шаруашылығы саласынан таптым. Сіздер де бәлкім, бүгін басқа саланы оқығанмен, ертең осы саланың білгір маманы боларсыздар. Өйткені, қазір алып-сатарлық кәсіптің дәурені өткен. Енді экономикамызды нықтап, өнім өндіруді қолға аламыз. Біз өз өнімімізді шығарып, экспортқа шығаратын деңгейге жеттік. Шаруашылық қызметкерлері 100-120 мың теңге көлемінде айлық жалақы алады. Бұл елдегі азаматтар үшін жақсы жағдай, – деді тамақ өнеркәсібінің еш­қашан қолданыстан шықпайтынын жеткізген директор.
Жастар ел ағасының сөзінен жі­герленіп, жұмысқа деген ынта-ықы­­ласын арттырды. Енді диқандар қауы­мына бұрынғыдай жалақысы төмен, жұмысы ауыр сала деген көзқарастың өзі түбегейлі өзгеретін болар, бәлки?!
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қорытынды шара жексенбі күні ауылдық мәдениет үйінде концерттік бағдарламада өтпек. Еңбектегі үш күннің нәтижесінде «Егістік батыры», «Жоба жұлдызы», «Лагерь көш­басшысы» атты үш номинация бойынша жастар марапатталатын болады. Бұл ретте жастардың белсенділігі де жоғары.
Түйін.
Баланың бұғанасы да еңбекпен қатаяды. Адам баласы өмірге келгеннен бас­тап еңбектенеді. Сөйтіп жүріп, еңбектейді, тәй-тәй басады. Міне, қаланың қым қуыт тірлігімен ауылдағы еңбеккерлердің жай-күйінен бейхабар жандардың өзінің қолына еңбек орақ ұстатты. Олардың таңсық дүниеге алғашында таңырқай қарағаны рас. Бірақ бертін келе өздерінің күнделікті жеп жүрген азық-түліктері қайдан, қалай келетінін ұғынды. Мұның өзі – зор жетістік.

Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы»,
Ақтөбе ауылынан.
02 қазан 2018 ж. 2 498 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031