Сезімге нағыз адал жан
Жаздың шуақты күні. Есік алдын тырмалап, аула ішін тазалап жүрмін. Кенет біреу шақырғандай болды. Бұл дауысты бірден таныдым. Менің ең сүйікті көршімнің бірі − Шаттық әже. Біздің шаңырақпен жақсы араласқандықтан мен оны өз әжемдей көріп кеткем. Оны біздің көшеде барлығы біледі және сыйлайды. Әрдайым жаны жайсаң, көңілі жай. Зейнетке шықпас бұрын мектепте тарих пәнінен сабақ берген. Естуімше, ол кісінің сабағына оқушылар асығып, ешкім оның сабағын қалдырғысы келмеген екен. Тіпті, мектеп директорының өзі зейнетке шықса да жұмысын жалғастыра беруін өтінген. Алайда, көрші әженің денсаулығы сыр берген соң амалсыздан зейнетке шығуға мәжбүр болған. Міне, сол әжем мені шақырды:
− Балам, анаң қайда? Шөлдеп жүрмін. Шай ішейін десем серік болар ешкім жоқ. Осы уақытта өзі келетін еді, кешігіп жатқан соң өзім іздеп келдім, − дейді көршім.
Ия, Шаттық әженің бір қызығы жалғыз өзі тамақ іше алмайды. Ас батпайды. Көшеміздегі көрші әйелдер күнде кезекпен оның үйіне барып, кейде әже олардың үйіне барып шай-тамақ ішетін. Дастарқан басында қызу әңгіме жүріп, шайнекті қайта-қайта қыздырып асықпай шай ішетін. Алайда ол өзі сабақ берген тарих туралы әңгіме айтпайды, ол кісінің өзінің «тарихы» бар.
− Анам орталыққа кетті. Бір-екі сағатта келіп қалуы керек, − деп жауап бердім, қолын алып.
− Сен не істеп жатсың? Шаруаңды бітірсең үйге жүр, ас дайын тұр. Қарның ашқан болар, маған серік боласың, ал мен саған әңгімемді айтайын, − деп ұсыныс білдірді. Үлкен кісінің сөзін аяққа тастауға болмайды, оның үстіне айтатын әңгімесін де тыңдамағалы көп болды. Сонымен, әжем мені үйіне ертіп әкеліп, дастарқан басына жайғастырды. Құдды бір қонақ күтіп отырғандай дастарқанды жайнатып қойыпты. Өзі пісірген бауырсағын, әртүрлі жемістің тоспасы мен палауды алдыма ұсынды. Дастарқан басында қызу әңгіме басталды, мен үнсіз ғана тыңдап отырдым:
− Батыр ағаң қазір беделді кәсіпкер. Жалғыз балам атына сай нағыз батыр болып өсті. Қазір өз бизнесін ашқан, сол жерде өзі ғана жұмыс істемей, қарамағына жұмысшылар алыпты. Смағұлдың айтуынша қазір кеңсенің құрылысы бітіп, жаңа екі қабатты кеңсесіне көшіпті. Келініме де сән салонын ашып берді. Әйелдерді неше түрлі етіп жасандырады. Менің келінім өзінің сұлулығымен шектелмей, өзге қыздарды да сұлу етіп жүр деуге болады. Онымен қоса пысық. Үйді мұнтаздай таза етіп ұстайды, балам жұмыстан келер шақта асын дайындап күтеді. Немерем Ерасылдың да сабағына қарайлап, үй тапсырмасын істеуге көмектеседі. Айтпақшы, ол жүгірмек кішкентай болса да футбол мен боксқа бейім. Сабағын жақсы оқиды, әкесі кім дейсің? Батыр мектепті жақсы оқығаны арқасында қазір бизнесмен. Немерем де әкесінің жолын қуып, ақылды әрі атақты бизнесмен болады, Құдай қаласа. Батыр жастайынан әкесіз өссе де нағыз азамат болып ер жетті. Әлсізді қорғап, пана болған кездері көп. Сабақты жақсы оқитын, талай-талай жарыста оқ бойы озық шықты. Келінім тәрбие көрген, азанда баламның асын дайындап жұмысқа шығарып салады. Ас пісіру мен үй жинаудан алдына жан салмайды. Жақында жүргізуші куәлігін алып, енді Ерасылды мектепке машинамен апарып жүр. Қаланың ішінде қорықпай айдай береді. Базардан келініме көрімдік ретінде әдемі бас орамал алып қойдым. Қызыл түсті, басына тағып алса әдемі жарасып-ақ кетеді. Осы зейнетақымнан Ерошқа да ойыншықтар алдым. Тосаптың түр-түрі дайын тұр. Келгенде беріп жіберемін, дүкендікінен жақсы ғой. Айтпақшы, осы жұмада келіп қалатын шығар. Анаңа айтып бар, балаларым келгенде әкең екеуі бірге қонақ болсын. Олар да сағынған шығар, Батырдың келмегеніне бір айдан асты. Әңгіме айтып, жаңалығымен бөліссін. Жастар ғой, бірін-бірі түсінеді де. Ал, болсақ ас қайырайық, − деп Шаттық әжей қолын жайып, батасын берген соң дастарқан басынан тұрдық. Мен үйге қарай бет алдым. Әжей болса дастарқан басын жинап үйінде қала берді.
Ананың махаббаты шексіз ғой, шіркін... Құрсағынан жарып шыққан баласын қалай жақсы көрмесін? Тіпті, баласы үшін жанын беруге дайын тұрады аналар. Шаттық әже де сол аналардың бірі. Дегенмен, оның махаббаты тым бөлек, оның махаббаты ең адал. Ол өз баласын қандай болса да жақсы көреді.
Осыдан 5-6 жыл бұрын келіні мінез шығарып, кейуанадан шаршағанын айтып, зар жылаған. Ал, баласы әйелінің сөзінен шыға алмай өзін туған анасы мен өзі туған үйін тастап бір түнде қалаға көшіп кетеді. Ана байғұс көз жасын көлдей төгіп, қарашаңырақта жалғыз өзі қала берді. Сол кезден бері баласы үйіне аттап басқан емес. Ал ана жүрек, баласының жамандығын жасырып, ел-жұртқа мақтаумен ғана өтеді. Көрші-көлем де ана жүрегіне қаяу салып, баласының тастап кеткенін бетіне басқан емес. Баласы жайлы оның қарамағында істейтін досы Смағұлдан сұрастырып алады. Әңгімесінің кей жерін армандағаннан ба, әлде сағынғаннан ба құрастырып та айтады. Әйтпесе, безбүйрек баласы анасын тастап кеткелі үйінің табалдырығын бір аттамады. Өзгенің баласын тәрбиелеп жүріп, өз баласынан опық жеген − Шаттық әже бес жыл көрмеген баласын күтуден жалыққан емес.
Міне, бұл өмірде сенің жақсылығың мен жамандығыңа қарамастан жақсы көретін жалғыз адам − ана. Сондықтан қолда бар асыл қазынамыз, ең құнды байлығымызды сыйлауды ұмытпасақ. Жүзіміздің күн нұрын сезінуіне мүмкіндік берген, перзентіне ғұмыр сыйлаған ананы бағалай білсек!
Аслан Жайқонысұлы