«Мама» дегім келеді...
Тақырыпты оқығанда жүрегіңіз дір етсе, демек сіз бір үйдің тұңғышысыз. Немесе бұл мәселенің сізге таңсық болмағаны. Себебі біздің қазақы түсінікте тұңғыш баланы ата-әже бауырына басады. Мұндай балалар мейірімді болады. Басқа балаларға қарағанда ақылды болады, себебі ата-анасы жас, ал баласы ақыл тоқтатқан, өмір көрген ата-әжесінің тағылымын алып, данышпан болады. Ауылдағы ата-әже тәрбиелесе, қазақилыққа бір табан жақын болып, салт-дәстүрге қанығып өседі.
«Балам – балым, немерем – жаным» деген үлкендер осы мақалды тәмсіл етіп, балаларының тұңғышын бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмайды. Еркелігін көтереді. Оған дау жоқ. Тек дүние есігін ашқаннан ата-әжесі бауырлап, бала қылғасын әке-шешесін мойындамайтыны қиын. Жалпы, тұңғыш бала кімге тиесілі?
Жуырда әлеуметтік желідегі парақшама көзтаныс құрбымнан хат келді. «Ардақ, сен тілшісің ғой. Осы мәселе турасында бір қалам тербесең деп едім. Мен бір үйдің тұңғышымын. Ата-әжемнің бауырында өстім. Ештеңеден таршылық көрмедім. Тек жетіспегені ата-анамды әкем, анам деп айта алмағаным. Осылай жүріп бой жеттім. Мен «папа» деп айтамын дегенше әкем өмірден өтіп кетті. Айтып үлгере алмадым. Қазір әжем мен анам бар. «Мама» деген сөзді айтқым келеді. Жанына барып еркелегім келеді. Өзге қыздар секілді бетінен сүйіп, құшақтап, мауқымды бассам деймін. Бірақ, әзірге бұл маған арман болып қала бермек. Әжем анама жақындатпайды, сондықтан үлкен кісінің көңіліне қаяу түсіргім келмейді. Әжемді жақсы көремін, бірақ бәрібір анама «мама» дегім келеді» дейді. Оқып отырып ойға қалдым.
Дәл осылай ананың алақанын аңсап жүргендер аз емес. Тіпті ата-әжесі дүниеден өтсе де өз туғанын құшақтап, әке-шеше дей алмайды. Айтқысы келгенімен қадам жасауға бір кедергі тұрады. Қаншама адам дәл осындай қиындықпен күн кешіп жүр. Атасы мен әжесі қатарынан кем қылмаған. Бірақ, аналық, әкелік махаббат жетіспейтінін жасырмайды.
Тіпті қаншама рөлді қиындықсыз ойнап жүрген мықты актердің өзі бір бағдарламада анасына алғаш рет «Мама» деп көзіне жас алған-ды. Оны естіген анасында тіпті жүрек жоқ. Осы бір сөздің қандай жылылық сыйлайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Не десек те, ата-әже немересін бақсын, қақсын. Оған дау келтіріп жатқан ешкім жоқ. Тек анау әкең, мынау шешең деп бала күннен құлағына сіңдіру керек секілді. Дәл осындай тәрбиенің үлгісін көрсетіп отырған үлкендер жетерлік. Өзім де ата-әженің бауырында өстім, алайда бізге ондай тыйым болған жоқ. Бұл үлкендеріміздің көрегенділігінен болар, бәлкім.
Ертең, арғы күні деп жүргенде күндер өте береді. Бес күн жалғанда үлгермей қалуыңыз да ғажап емес. Сондықтан көмейге келген сөзді ірікпей айтып үйренейікші. Мамалар да бұл сөзді күтіп жүрген болар...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
(сурет ашық дереккөзден)