Менің әжем сиқыршы
qarmaqshy-tany.kz Әдеттегідей жазғы демалыста ауылға, әжемнің үйіне келдім. Жанымда жан-жақтан жиналған бөле-бауырларым бар. Бәріміз күн ұясынан нұрын шашып шыққаннан, түнгі айға өз кезегін бергенге дейін асыр салып ойнаймыз. Анда-санда комбайнның төбесінен құрт ұрлап жейміз. Шөлдейміз. Кейде ұрланып өзенге шомылып келетініміз де бар. Кеш болса «өшеріді» келгендер әженің құшағында ұйықтайды. Бүгін менің кезегім.
Әжемнің жылы да жұмсақ қойнына енгенде маужырап, қалай тәтті ұйқыға кеткеніңді білмей қаласың. Тіпті әжем ертегі де айтпайтын. Оның құшағы мен үшін бір шексіз әлем, ал мен өзімді сол әлемнің кейіпкері сезінетінмін. Бүгін де солай болды. Бір-екі нәрсе ойлап болмай жылы құшақта мысықша пырылдап ұйықтап кеттім. Азанда әжем бәрімізді ұйқыдан оятты. Біз үшін тым ерте болғанымен сағат 9.00 кезі еді. Ол уақытқа дейін әжем сиырды сауып өріске жіберіп, жаңа сүт пен қаймақ пісіріп, сүзбеден құрт жасап кептіруге қойып үлгерген еді. Бәріміз қолымызға тіс ысқышымызды алып, жуынатын бөлменің алдында қаздың балапанындай тізіліп тұрмыз. Жуынып болған соң улап-шулап дастарқан басына отырып, ыстық шай ішеміз. Осы кезде нағыз қызық басталады. Әжемнің «барбарис» деген мұз кәмпиті бар. Таңғы ас кезінде бәрімізге соны бір-бірден таратып беретін. Дегенмен дастарқанда жайнап тұрған құрт-қаймақтан алдында бұл кәмпит қызықтырмай қалатын-ды. Осылайша бірі қалтасына салып, енді бірі ертең жеймін деп қайтарып беретін. Мен де қайтарып бердім.
Күндіз ойын қыза түсіп, бәріміз доп қуалап далада жүрдік. Екінші матч аяқталған соң тынығып алуды жөн көрдік. Осы кезде барлығы біртіндеп қалталарынан әлгі кәмпитті шығара бастады. Қас қылғандай бүгін әжеге қайтарып берген мен ғана екен. Олар мені әлгі тәттіні түрліше тамсанып жеп қызғандыра бастады. Әрине, мен қарап тұра алмадым. Үйге қарай жүгіріп бара жатырдым. Әлсін-әлсін әжемнің «Үйге жүгіріп келуге болмайды» дегені есіме түсіп, асықпай жүремін. Бірақ кәмпитке деген құштарлығым мені асықтырып барады. Далада жүрген әжемді көріп алыстан айқайлап келемін. «Мына байғұсқа не болды екен?» деп ойлаған әжем осынша асығуымның себебін білгенде әлгі тыйымды қайта есіме түсірді. Үйге тек суық хабар алып келе жатқан адам ғана жүгіріп келетінін тағы бір мәрте ойыма түйіп алдым.
– Ал, айт, шырағым, неге сонша асықтың?
– Әже, маған азандағы барбарисімді беріңізші.
– Көкем-ау, оны сиқыршы тек таңертең ғана әкеледі ғой. Бірақ мен сенің сұрайтыныңды біліп бүгінгі тәттіңді алып қалдым, – деп менің кәмпитімді өзіме қайтарып беріп жатты. Алайда мен тұңғиық ой үстінде қалдым. Ендігі менің білгім келетіні «Сиқыршы кім?» және «Ол қай уақытта алып келеді?». Осылайша өзіме ертеңгі таңнан бастап сиқыршыны тауып аламын деген сөз бердім.
«Іздеу операциясының» бірінші күні ерте тұру мүмкін болмады. Себебі біздің «оятқыш» әжеміз еді. Екінші күні ерте тұруым үшін кешке еп-ерте ұйықтап қалдым. Шырт ұйқымнан сандықтың жабылған дауысы оятты. Көзімді аша сала сандықтың ішінен кәмпит алған әжемді көрдім. Ол дастарқан бетіне әр баланың отыратын орнына сай барбаристі үлестіріп қойып жатыр. Бұл оқиғаны бауырларыма жеткізуге асықтым. Қыздардың «кафесіне» айналған моншаның артқы жағына бар бауырларымды жиып алдым. Оларға әжем айтқан сиқыршыны, сол сиқыршы әжемнің өзі екенін айтқанымда олар ішек сілесі қатып күле бастады. Дәл осы кезде «әскери құпиямды» жария еткеніме өкіндім. Ендігі кезекте «тыңшы» жалғыз мен! Бұл операцияны соңына дейін жеткізетін де мен. Тек берілмеу... Жоқ, азанда ерте, әжемнен бұрын оянуым қажет.
Бүгін тағы да ерте тұра алмадым. Бірақ, ұйқылы-ояу көзіммен «сиқыршы әжемнің» сиқырлы сандықтан кәмпит алып, сандықтың аузындағы қара құлыпты қайта кілттеп қойғанын көріп үлгердім. Күн сайын «миссиям» өзгере берді. Ендігі мәселе құлыптың кілтін табу. Соңғы кез әжемнің жанынан шықпайтын болдым. Күндіз көмектесіп жүрсем, түнде оның қасында ұйықтап жүрдім. Ондағы мақсат – кілтті табу. Ал кілт әжемде екеніне күмәнім жоқ еді. Себебі сиқырлы кілт тек сиқыршының өзінде ғана болады. Ал менің әжем – сиқыршы. Жаз бойы сол кілттің артынан қуып, іздегеніммен таба алмадым. Кілттің әуре-сарсаңымен жазғы демалысым да өте шықты...
Келесі жазда келгенімде менің «сиқыршы әжем» мәңгі әлемге аттанып кеткен еді. Бұл демалыста ауылға жиналған бауырлардың саны да аз. Түрлі сылтау айтып, келмей қалған. Бірақ, барлығы әже болмаған соң келмегенін мен іштей білетінмін. Осылайша, әркез есікке қайта-қайта қарап, әжемді күтіп жүрдім. Сондай күндердің бірінде апам әлгі сиқырлы сандықтың қара құлпын қолмен сырт етіп аша салды. Менің көзімнен мөлтілдеп жас тамшылады. Түк түсінбеген апам жаныма келіп «Неге жылап отырсың? Бір жерің ауырып тұр ма?» деді. Мен оған ренжіп қалғандықтан түк жауап қатпадым. Дәл солай бір-екі күн үнсіздікпен өткізгенімде қаладан мені алып кетуге анам келіпті. Ас үстінде неге көңілсіз жүргенімді сұрағанда әжемнің сиқырлы сандығының құлпын апам сындырып тастағанын айтып тағы да жылап алдым. Сол кезде мені сандықтың, «сиқырлы сандықтың» жанына отырғызып қара құлыпты тағы да жалаң қолмен, кілтсіз ашып көрсетті. Кейін ол құлыптың кілті жоқ екенін, қолдың күшімен ашыла беретінін айтты. Бірақ, мен оған сенбедім.
Менің әжем нағыз сиқыршы екенін білетінмін. Құлыптың жай қолмен ашылынуының себебін де білемін. Әжем атамның жанына түйе бағуға кеткенде сандықтың «алтын кілтін» өзімен бірге алып кеткен. Ал қара құлып сол күннен бастап өз тылсым күшін жоғалтқан-ды.
Бұл сандық менің есімде осындай сиқырымен қалды. Өткен жылдың жаздыгүні ауылға барғанымда тағы да бір жәудір мұң мені жаулап алды. Әлгі «сиқырлы сандық» қазір өз күшін түгелімен жоғалтқан. Бояуы түсіп, әбден жұпыны кейіпке енген сандықтың ішінде тот басқан темір-терсек сақтаулы. Сол темірдің ішінде қара құлып та жатыр. Сонда менің түйгенім – жалған дүниенің алдында иесі жоқ сиқыр да дәрменсіз екен...
Аслан НҰРАЗҒАЛИ