» » «Тауда емес, туыппын жазықта мен...»

«Тауда емес, туыппын жазықта мен...»

ҚАСИЕТТІ ҚАРМАҚШЫ ТОПЫРАҒЫНДА ТУЫП, БАЛАУСА ҚЫЗ КҮНІНЕН БАСТАП СЫР СҮЛЕЙЛЕРІНІҢ СҰЛУ САЗДЫ МАҚАМДАРЫНА СУСЫНДАП ӨСКЕН МАҒИРАШ АППАЗҚЫЗЫ ӨЛЕҢ ЖАЗУДЫ МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА ЖҮРГЕН КЕЗІНДЕ-АҚ ӨЗІНІҢ ҮЙРЕНШІКТІ МАШЫҒЫНА АЙНАЛДЫРҒАН ЕДІ. ӘКЕСІ АППАЗ АҚСАҚАЛ ҚОРҚЫТ АТА ӨҢІРІНЕ БЕЛГІЛІ ШЕЖІРЕШІ, ӘҢГІМЕНІ МАЙДАН ҚЫЛ СУЫРҒАНДАЙ ЕТІП АЙТАТЫН ШЕШЕН ӘРІ БІЛІКТІ КІСІ БОЛҒАН. БЕЛГІЛІ ЭТНОГРАФ, ЖАЗУШЫ ТЫНЫШБЕК ДАЙРАБАЙ ӨЗІНІҢ БІР ЖАЗБАСЫНДА: «АППАЗ САРИКОВ ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА ХХ ҒАСЫР ІШІНДЕ ӨМІР СҮРГЕН БЕЛГІЛІ ҚАРИЯ. СӨЗІ МЕН ІСІНДЕ АЙЫРМАШЫЛЫҚ АЗ БОЛАТЫН. КӨБІНЕ ҰЖШАР ҚҰРЫЛЫСЫН ӨРКЕНДЕТУГЕ БЕЛСЕНЕ АРАЛАСҚАН. АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕРДІ КӨП БІЛЕТІН «ҚҰЙМА ҚҰЛАҚ» АТАНҒАН ЖАН БОЛҒАН. АТАТЕК ШЕЖІРЕСІМЕН ҚАТАР, РУХАНИ ЖӘНЕ ТАРИХИ ӘҢГІМЕЛЕРДІ БҮГІНГЕ ЖЕТКІЗГЕН АДАМДАРДЫҢ БІРІ. ӨЗІ «МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ ӘЛҚУАТ ҚАЙНАРБАЕВ БОЛАТЫН» ДЕП АЙТЫП ОТЫРАДЫ ЕКЕН.


Өмір болған соң бір ауылда, бір өңірде аралас-құралас болып, мидай араласып жататын ел адамдары арасында кейбір тұрмыстық қаракеттерге байланысты түсінбеушілік жағдай, дау-дамай, араздық сияқты мәселелер жиі орын алып та жататын. Міне, осындай түйінді мәселелерге аузы дуалы, сөзі уәлі Аппаз сияқты қарттар жиі араласып, мәселенің ушықпай, орнымен тез шешілуіне аталық ақыл айтып отырған. Әкесінің осындай жақсы қасиеттері ес біліп, оң-солын танып қалған Мағирашқа үлкен ой салатын. Ондай ойлары бертін келе өзінің оқушы дәптеріне өлең болып өріліп, түсіп жататын-ды.

Өткенге сәл шегініс жасасақ, Мағираштың өлең-жырға құмарлығы әкесі Аппаз бен атасы Сарықтан дарыған деп топшылауға болады. Өйткені, ол кісілер Сыр бойындағы атақты ақын-жыраулар Оңғар Дырқайұлы, Баспан Құлымбайұлы, Тұрымбет Салқынбайұлы сияқты атақты кісілердің кешті таңға ұластырған жыр, қиссаларымен сусындап өскен, оларға зор қошемет көрсеткен кісілер болатын.

Ауылдың қарапайым қызынан қазақтың ақын қызына дейін көтерілген Мағираш Сарикованың өмірбаяны қарпайым да тағылымды сырға толы.

Ол 1939 жылы қараша айының 23 жұлдызында Қармақшы ауданында дүниеге келген. Жосалы кентіндегі No26 Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебін 1957 жылы бітіреді. 1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шығады.

М.Сарикова өзінің журналистік еңбек жолын 1964 жылы Қазақ телевидениесінен бастаған. Содан соң «Қайнар» баспасында, «Кітап» палатасында, «Денсаулық» жорналында жемісті қызметтер атқарады. Журналистикамен қатар ақындық өрісін де кеңейте түседі.


Мағираштың табиғатынан ақын қыз болып қалыптасқандығын жерлестері үнемі ілтипатпен айтып отырған. Оның алғашқы жыр жинағы «Студент қаламы» деп аталуының өзі көп жайды аңғартады. Ауылдан келген ақын қыздың шабыты ақбасты Алатаудың сұлу табиғатын және ару қала Алматының әсем келбетін көргеннен кейін мүлдем шарықтай түскен еді. Бұл жинақ студент жастардың іздеп жүріп оқитын сүйікті кітабына айналды.

Ақын М.Сарикованың қаламынан әр жылдары «Сыр сандық», «Сырдария», «Сені ойлаймын», «Сезім пернелері», «Ішкі иірімдер», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Қос қағыс» тағы басқа поэзиялық кітаптары оқырман қауым жүрегіне жол тартқан еді. Ақын жырлары 1960 жылы Қазақ поэзиясының антологиясына, 2002 жылы «Бес ғасыр жырлайды», 2003 жылы «Екі ғасыр жырлайды» таңдамалы жыр кітаптарына енген.

Мағираш Сарикованың өлеңдерінен уақыт рухын, қоғам, дәуір тынысын, табиғат, махаббат, туған ел мен жер, еңбек адамдарының қажырлы істерін оқи аламыз. Оның ақындар туралы бір өлеңіндегі:
«... Қайтесің ақын деген халықты бұл,
Керек емес дәреже даңқ, тұғыр.
Жалғанды басады жалпағынан,
Көкірегінде көк тұлпар тасып дүбір», – деген жолдарды тебіренбей оқу мүмкін емес.
Сондай-ақ, ақын «Перзенттік парызымыз», «Сырдария – жырдария», «Қармақшым» атты өлеңдерінде туған жер туралы шабыттана толғанады. Ал, «Ішкі иірімдер» атты кітабындағы мына бір шумағында:
«...Тауда емес, туыппын жазықта мен,
(Тауда тумағаныма жазықты емен).
Шеге құмның шерткен шежіресін,
Шумағыма сыйғызып жазып келемін», – деп жырлауы туған жер мен елге деген перзенттік құрмет сезімінің тереңдігін аңғартады.

Ақын апамыз Мағираш Сариковаменмен 1979 жылы сапарлас болып, оның сыршыл поэзиясына терең сусындағаным бар. Ол кезде аудандық газеттегі тілшілік қызметтен аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауысқан кезім еді. Ол сонау Алатау бөктерінен, яғни, Алматыдан өзінің 60 жылдық мерейтойына орай туған ауданының жұртшылығына көрнекті ақын, «Жазушы» баспасының редакторы Есенбай Дүйсенбаевты ертіп әкелген жайы бар екен. Апай алғашқы күні ат басын әкесі тұратын «Жосалы» (қазіргі Төребай би ауылы) кеңшарына қарай бұрды. Перзенттік жүрегі қарашаңырақ деп соққанын шараны ұйымдастырушылар қапысыз түсінді.
Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Зейнетай Алмаханов бастаған топ «Жосалы» кеңшарына бет алды. Жүрдек көлікпен межелі жерге тез жеттік. Қарашаңыраққа келіп, Мағираш апамыз сағынышын басқандай болды. Аппаз ақсақалдың қуанышы тым ерен еді. Бір семіз қойды сойып тастапты.

Ауыл клубындағы кездесуге жұртшылық симай кеткен. Апай жерлестері алдында ағынан жарылды. Жаңа өлеңдерін оқыды. Алдағы жоспарларымен бөлісті. Осылайша ауылдастарының сый-қошеметіне бөленген Мағираш апайдың жүзіндегі қуаныш басқа да жердегі кездесулерде бір сейілген жоқ. Сапарлас ақын Есенбай Дүйсенбаев барған жерінде мерейтой иесіне арнаған өлеңін шабыттана оқыды.
Ақын апамызбен сапарлас болған сол бір күндер менің жадымда мәңгі жаңғырып қалыпты. Ол өзін Сүлейлер өскен өлкенің бір перзенті екенін айтудан және оны жыр етуден бір жалыққан жоқ. Өзі айтқандай, тауда тумаса да сұлу Сырдың жазығында туып-өскенін мақтаныш тұтты. Өлеңдерінде Сырдың жусан исі аңқып тұратын.

Иә, ақын апамыздың көптеген өлең кітабы жарық көрді. Оның нәзік әрі сыршыл лирикаға толы өлеңдері ел жадында мәңгі сақтала бермек. Сонда ол жерлестерінің алдында тебіреніп тұрып, сөз сөйлеп, өзінің туған жерге деген перзенттік махаббатын жүректен шыққан өлеңдерімен жеткізген еді. Бұл оның елге келген соңғы жүздеуі екен ғой...

Мағираш Сарикова апамыздан Абзал, Алмат атты ұрпақ тараған. Ақын жүрегі 2011 жылы Алматы қаласында тоқтаған еді. Бірақ, ақынның шын жүректен шыққан шабытты жырлары елімен бірге мәңгі жасай бермек. Тауда емес, Сырда туған сыршыл ақынның өлеңдері соны аңғартады.

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Даламен сырласу

Алып далам,
Алыптар туылады алыптардан,
«Сыр елі – жыр елі» – деп аталады,
Таңбаңды талай дала танып қалған.
Тұрымбет, Тұрмағамбет, Балқы Базар,
Жиенбай, Рүстембек, Сарық бабам,
Саздары құлағымда қалып қалған.
Осынша дарындарды беріп алып,
Құсы қайтқан көл құсап жатырмысың,
Құлазып қалып далам.

Айқай далам,
Киелі екеніңді байқайды адам.
Көкірегің қоңыр саз, балқаймақ ән,
Көкірек көзін ашар көк нөсерсіз,
Керек емес бақырған айқай маған.
Қарасақал Ерімбет, Қаңлы Жүсіп,
Даңмұрынды қайтадан қайтар маған.
Бастарын бір көтеріп бұлбұлдарым,
Той-думанға айналсын қайта айналам.
Киелі кеңістігім,
Қойныңда жатқан асыл қазыналарды,
Қайтарып бер қалдырмай тегіс бәрін.


Елге барам

Елге барам,
Енді мен елді көрем,
Кәрі-жасы баладай елбіреген.
Басына сан балапан ұя салған,
Жылы ұя, жапырақ жайған ел бір емен.


Елді көрем,
Енді мен елге барам,
Құшақ жайып қарсы ұшар ел де маған.
Құмына аунап, желқұздан құтыламын,
Жүрегімді, жүйкемді емдеп алам.

Елге келем,
Тілегім орындалып.
Мені өсірген мейірімді момын халық.
Осы жолы бәріңе сәлем беріп,
Шеттеріңнен шығамын қолыңды алып.

Мағираш САРИКОВА
06 маусым 2020 ж. 1 151 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 002

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031