ЖАН ДҮНИЕСІ БАЙ АДАМ
Бабалар дәстүрінен нәр алған Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» идеясының құндылығында шек жоқ. «Мәңгілік елге» айналуымыз үшін рухымыз мықты, рухани жан дүниеміз бай болуы керек. Қазақ елінің, кең байтақ жерінің тарихы тым тереңде. Оның әлі ашылмаған тұсы көп болуы мүмкін. Бұл бәрінен бұрын халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері – ақын, жырау, би, шешен, тағы басқа да өнер адамдары мұраларының мұқият зерттеліп, зерделенуіне аса қатысты. Бұл ретте ертеден осы саланың жоғын тауып, барын мәзір етіп жүрген өлкетанушы, этнограф, зерттеуші ғалымдарға үлкен салмақты жүк, айрықша сенім жүктеліп келгені белгілі.
Төменде осы саланың ыстық-суығына қара нардай төзіп, ұзақ жылдан бері көптеген ізденісті жұмыстарды тындырған әлі де тындырып жүрген көрнекті тұлғаның бірін, көне сөздің жоқшысы, белгілі этнограф, зерттеуші ғалым Тынышбек Дайрабай туралы сөз етуге тура келеді.
Зерттеушілік жұмыстың инемен құдық қазғандай еңбегі бар. Бірақ бұл кез келген адамның қолынан келмейтін, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «Инемен құдық қазғандай» қияметі көп шаруа. Өйткені, бұл іске жан дүниесі бай, білігі мен тәжірибесі мол, айрықша сабыры мен төзімі бар адам ғана басын нартәукелдеп тіге алса керек. Тынышбек Дайрабай сонау жас кезінен міне, осындай тірлікке мойынсұнып, оған қара нардай жегілген кісі. Бір сөзбен айтқанда, ол жасы 75-ке келсе де осы алған бағытынан таяр емес. Қайта туған елі үшін әлі де қызмет етуге даяр. Кей-кейде үйіне «Ағамыз бар ма екен?» – деп телефон шалсақ, Айдархан жеңгеміздің: «Ой, ол ағаң мана азанда кітапханаға кеткен...», – деп жауап берер еді. Ол тынымсыз шаруаның адамы ғой, үйде отыра алмайды. Бірде ол кітапханаға, енді бірде кітап палатасына, не мұрағаттарға барып қажетті жұмысын тындырып жүреді.
Тынышбек Дайрабай жаратылысынан ашық мінезді, айтатын сөзін батыл және орнымен айтатын, әзіл сөзге де жүйрік, бәзбіреулер қайқайып қалатыны жоқ, өзім деген адамға өзегін қиятын пейілі ақ, көңілі жомарт жан. Ол кісінің тағы бір ерекше қасиеті: үлкенмен де, кішімен де қауқылдай амандасып, жөн сұрасып жатады. Өзін құдды ауылда жүргендей сезінеді. Мұндай адамдар қазір қалада тым сирек қой. Тегін жерге терек өспейді. Тынышбек ауылда өскен адам. Ол жас кезінен кеудесі алтын сандық көнекөз, құймақұлақ ауыл қарттарының аталы, баталы ұлағатты сөздеріне, жыр, термелері мен шежірелеріне терең сусындап өсті. Естігенді қағып алуға да ерекше зейін мен ынта керек. Шежіре демекші, Тәкең бір атаның немесе рудың емес, бүтін қазақ шежіресінің түгенделуіне лайықты үлес қосты. Бұл орайда ол елімізге белгілі үлкен ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаев, Сыр өңірінің шежіре жинаушылары Үбісұлтан Әлқуат Қайнарбаев, Әлімбай Әлиасқаров, Камал Бердәулетов, т.б. қасиетті істерін одан әрі лайықты жалғастырып келеді. Бұған Тәкеңнің 1995 жылы Алматыдан «Кете-Шөмекей» шежіресін кітап етіп шығарғаны – толық дәлел. Сондай-ақ, еліміздің әр аймағынан ататек шежіресін қағазға түсіріп беруін өтініп, хат жазатын немесе телефон шалатыны қаншама?! Олардың өтінішін орындауға уақыт табатынын қайтерсіз...
Т.Дайрабай 1943 жылы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Бұл өңірде «Бекбергеннің бес баласы» деген сөз кең тараған. Сол бес ағайынды кісінің қай-қайсысы да өнерге жақын, сөзге шешен, шежіреге жетік беделді кісілер. Әкесі Дайрабай кезінде Сыр бойына танымал би болған.
Сондай әкелерінің сөзін жаттап, ізіне ерген Тынышбек Майлыбайұлы өнерге құштар болды. Кеңес дәуірінде кино маңызды өнер саналатын. Соның әсері ме, бозбала жігіт өзінің еңбек жолын ауыл клубында киномеханик болудан бастаған-ды. Бірақ, арманы – журналист болу. Соның жетегімен КазГУ-дың журналистика факультетіне оқуға түседі. Бастапқыда Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болады. Кейін сауатты, тілге жүйрік, іске икемді азамат партия, кеңес қызметіне араласып, өзінің іскерлік қырын танытады. Жоғары партия мектебінде оқып, оны бітіргеннен кейін іргелі шаруашылықта партком хатшысы болады. Кейіннен кеңес органы қызметіне алынады. Біраз жыл Тереңөзек ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарады. Мамандығы журналист болғандықтан өз газеті «Еңбек туына» редактор болып, оралған жылдарында көптеген ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналист тәрбиелеп шығарады.
Ғалымның Алматы қаласына қоныс аударғанына қаншама жылдың жүзі болды. Содан бері күні кешеге дейін ол Халықаралық «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Түрлі тақырыпқа, оның ішінде рухани құндылық мәселесіне үзбей қалам тартып келді. Осы ұжымда еңбек ете жүріп «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Белгілі зерттеушіні ел тарихын, оның ішінде Сыр өңірінен шыққан ахун, жырау, би, шешендердің бай мұраларын, небір батырлар мен қайраткер азаматтардың бейнесін журналистік шеберлікпен шынайы бейнелеудегі ұзақ жылғы еңбегі – бір төбе. Сондай-ақ, Т.Дайрабайдың күні бүгінге дейін 30-ға тарта тарих және ақын-жыраулар жайлы кітабы жарық көрген. Кезінде оның бәрі де оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Лайықты бағаланды. Атап айтқанда, қаламгердің «Тоғанас батыр», «Дүр Оңғар», «Қаңлы Жүсіп», «Қорқыт ата», «Темірбек Жүргенов» «Түркістан» фотоальбомы, «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», «Жеті тараудағы жеті анық», «Билер сөзі – киелі», т.б. көптеген көлемді шығармасы соны дәлелдейді. Тәкең кезінде «Сыр елі» энциклопедиясын шығарушылардың бірі болды. Сол секілді «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көптомдық кітапты шығаруға өз үлесін қосты.
Иә, еңбегі бардың еленгені орынды ғой. Бұл еңбектердің бәрі кезінде еленбей қалған жоқ. Соның ең бастысы жұртшылық қауымның ыстық ықыласынан артық ештеңе жоқ. Бұған өз басым бұдан бес жыл бұрын яғни, Тәкеңнің 70 жасқа толуына орай Қызылорда қаласында және облыстың Сырдария, Жалағаш, Қармақшы ауданының қалың оқырманымен өткен жылы шырайлы жүздесу кезінде көз жеткізгендей болдым. Сол кезде облыс әкімі Қырымбек Көшербавтың қабылдауында болған сәт. Сонда мерейтой иесі Тынышбек Дайрабайды қанаттандырып жіберген еді. Ол әкіммен өзінің зерттеу еңбектері мен шығармашылық жоспарлары төңірегінде ой бөлісті. Қырымбек Елеуұлы белгілі зерттеуші, этнографтың «Түркістан альбомын» және Сыр өңіріндегі белгілі тұлғалардың өмірін, олардың елге сіңірген елеулі еңбегін, сондай-ақ, өлмес бай мұрасын жарыққа шығарту жолында тер төге еңбек етіп жүргеніне ризашылығын білдірді. «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ыстық ықыласпен мерейтой иесінің иығына шапан жауып, басына құндыз бөрік кигізгені күні кешегідей есімде.
Белгілі этнограф, өлкетанушы, қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы ауданының және Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Тынышбек Дайрабай өзінің қажырлы еңбегі, маңдай тері арқылы міне, осындай жоғары дәрежелі атақтарға ие болған тұлға.
Рухани жан дүниесі бай адам ешқашан тоқырау, шаршау дегенді білмейді. Ізденген үстіне іздене түскенді жақсы көреді. Біздің Тәкең міне, осындай адам. Осынысымен ол бүгінгі жас ұрпаққа өнегелі жол, ғибратты үлгі көрсетіп келеді. «Ауылда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөзге адал бір адам болса, ол Тынышбек ағадай-ақ болар, шіркін!
Тынышбек ағаның бақытты шаңырағы әрқашан жас сәбидің күміс күлкісімен жаңғырып, шат-думанды болып жатады. Тәкең бәйбішесі Айдархан жеңгей екеуі төрт құбыласын тіреп тұрған төрт бірдей қызынан сегіз немере сүйіп, олардың қызық, рақатына, құрмет-сыйына ерекше бөленген.
Немерелерінің алды шетелде және еліміздегі жоғары оқу орындарының студенті. Мектеп қабырғасында оқып жүргені де бар. Қыздарының арасынан әке жолын қуып, журналистік мамандықты таңдағаны – Гүлмира ғана. Елімізге танымал тележурналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Дайрабайдың бір ерекшелігі – әкесіне тартып, сөзге жүйрік және тынымсыз еңбекқор болғаны кімді болсын сүйсіндірмей қоймайды. Бұл да тектіліктің бір белгісі шығар.
Бір сөзбен айтқанда, Тынышбек Дайрабай – түбі терең, ағысы ерен дариядай кісі. Осындай тау мүсін, дария көңіл тұлғаға кейінгі толқынның ұқсап, өсіп келе жатқаны қуантады.
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ