ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ ҚАЛАЙ ӨТУДЕ?
Оқушылар үйінде 1 маусымнан бастап «Дебат» үйірмесі ашылды. Оған Алтынбек Әділов жетекшілік етеді. Дебатқа тартылған 48 оқушыдан бөлек, жаздық аулалық клубтың жұмысына үйірме жетекшісі Мөлдір Райымбаева жауапты.
Маманның айтуынша, осы уақытқа дейін «Жас толқын» жазғы аулалық клубына 1080-дей бала белсенді қатысқан. Бірқатар іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, үйірме мүшелерін журналистикаға баулу мақсатында «Ұрпағымын ұлтымның» тақырыбында балалар арасында эссе жазудан байқау өтсе, Қазақстан Республикасының Рәміздер күніне орай дойбы, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, қол күресі секілді ұлттық ойын түрі салтанат құрған. Ал елордасы – Нұр – Сұлтанның туған күнінде аулалық клубтың мүшелері мерекені қызықты қарсы алып, асфальтқа сурет салып, флеш-моб билеп жарысқан. Сол секілді концерттік бағдарламамен кеш ұйымдастырып, роботтар шеруі – «Робо-шоу» көрсеткен.
– Жасөспірімдердің жазғы демалыс маусымында уақытын тиімді өткізуіне аулалық клубтың септігі мол. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан үйірме мүшелері ата-анасымен келіп, шараларға белсене атсалысуда. Балалармен бірге олардың ата-анасымен арада жылы қатынас орнаған. Маусымның қызықты өтуі – білікті маманның ізденісіне байланысты. Бұл тұрғыда ұстаздар шығармашылықпен жұмыс істеп, бала жүрегіне жол таба білуде. Олардың қатарында «Жас домбырашылар» үйірмесінің жетекшісі Ұрхия Жұмабекова, «Робототехника» үйірмесінің жетекшісі Ерболат Сұлтанбаев, «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің жетекшісі Рада Жақанова, «Шебер қолдар» үйірмесінің жетекшісі Самат Өскелеңов, сондай-ақ «Жас қыран» үйірмесінің жетекшісі Сәуле Сереева бар. Айтпақшы, осындай өз ісінің шебері атанған ұстаздан білім алып жүрген Аяулым Жаудатова, Қарақат Қанибекова, Мадияр Жақсылықов, Сымбат Ермұратқызы, Маржан Әбенова, Ақсамал Сейілханқызы сияқты белсенді үйірме мүшелерін атап өткен ләзім, – дейді М.Атабайқызы.
Ел мен жер тарихын тану, ұлттық құндылықты қастерлеу – басты ұстынымыз десек, аталған аулалық клуб жұмысының бағыты да осы рухани байлықта. Кешенді жұмыс аясында бірқатар мектеп оқушысы ауданның тарихи орнына саяхаттап, ескерткіштермен танысты. Оның ішінде жергілікті өлкетану музейінде болып, ондағы туған жер шежіресінен сыр шертетін құнды жәдігерді өз көзімен көрді.
Ауданда мұнан бөлек білім бөліміне қарасты 29 мектептің жанынан күндізгі тынығу лагері жұмыс істеуде. Жазғы тынығу маусымы алдында аудандық білім бөлімінің қатысуымен бірнеше жиын өтіп, онда балалардың өмір қауіпсіздігі айтылған. Соған сай, дария жиегі мен түнгі уақытқа білім беру қызметкерлерімен кезекшілік өтуде.
Бөлім әдіскері Ақтолқын Тоқшылықованың ақпарына сүйенсек, осы жылы жалпыға міндетті оқу қорынан сыртқы лагерьге 13 млн. 943 мың теңге, мектеп жанындағы күндізгі лагерьге 7 млн. 299 мың теңге бөлінген. 1-10 сынып аралығында 13809 оқушының 11927-сі жазғы демалыспен, сонымен қатар еңбекпен қамту жұмысына тарту көзделген.
– Дәлірек айтқанда, 1-4 сынып оқушылары арасында 6612 бала мектеп жанындағы күндізгі лагерьмен қамтылса, 5-8 сынып оқушылары арасында жоспарланған 5298 баланың 525-і сыртқы лагерьге, 120-сы аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің есебінен жіберіледі. Ал 200 бала кәсіпкер, ата-ана демеушілігімен барады десек, 700 бала Қорқыт ата мемориалдық кешеніне саяхатқа бармақ. Мыңнан аса бала аудандық оқушылар үйіне, сол сияқты дебат, мектеп жанындағы аулалық клубтарға тартылуда, – дейді А.Каналбекқызы.
Жалпы тоғыз ай сабақтан соң үш айғы жазғы демалыстың бала денсаулығына пайдасы зор. Әрбір бала жазғы демалысты естен кетпестей етіп өткізіп, асыр салуға құмар. Десе де жоғары сыныптағылар үшін қоғамға қолқабыс қылу азаматтық парыз. Мысалы, 9-10 сыныпқа өткен 1899 жасөспірімнің 1-20 маусымда 1286-сы мектеп ауласындағы көркейту-көгалдандыру бригадасы құрамында тазалықпен айналысса, 613-і мектеп жанынан құрылған еңбек бригадасында оқу практикасынан өтті. Бұған қоса, тәуекел тобында тұрған жасөспірімдерге де психологиялық көмек көрсетіліп, жазғы тынығу лагерімен қамтылуда. Олардың 4-еуі полиция бөлімінің профилактикалық есебіне алынса, 13-і Байқоңыр қаласында қадағалауға алынғандар. Сол секілді мектепішілік бақылауға алынған 42 жасөспірімнің 8-і Жаңақорғандағы «Талды су» лагеріне демалуға жолданып отыр.
Күн ыстықта суға шомылып, жаз айын алаңсыз өткізіп жатқанның бірі – жосалылық жасөспірім Дидар Боранбайұлы.
– Ата-әже қасымызда. Әке-анамыз бес күн жұмыста. Отбасы қамымен жүреді. Ішіміз пыспайды. Үйірмеге қатысамын. Жаз басталғалы бері демалыс көңілді өтуде. Аулаға әкем үрлемелі бассейн қондырған. Соны суға толтырып, бауырыммен бірге күн ыстықта алаңсыз шомыламыз. Бізге судан келер қауіп жоқ. Дарияға бармай-ақ демалысты керемет өткізуге болады. Өйткені сырын білмейтін өзен-көлде шомылу – өте қауіпті, – дейді 4 сынып оқушысы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК