ОҚУ ЖЫЛЫ ТӘМАМ: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
Өткен аптада №250 мектеп-лицейдің мәжіліс залында жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруші ұстаздар оқу жылын қорытындылады. Аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаевтың қатысуымен өткен басқосуға барлық білім беру ұйымы басшылары мен ата-аналар қатысты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Омаров 2018-2019 оқу жылында атқарған жұмысты жіктеп, саралап, жетістікті алға тартып, кемшілікті де көрсетіп
баяндап берді.
Дана халықтың «Біліксіз қалар жырақта, білімді жетер мұратқа» деген өсиетінің өзектілігі күннен-күнге өспесе, кеміп жатқан жоқ. Елбасының білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны мемлекеттік даму саясатының бастауы деп қарауы да осының айғағы.ХХІ ғасырда стратегиялық өсу нүктесіне айналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған шаралар – педагог мамандардың ерен еңбегінің нәтижесі. Салаға енгізілген реформа ауданда да өз деңгейінде жүзеге асты. Жасалған жұмыс аз емес, бірақ атқаратын іс одан да көп. Біздің еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Интеллектуалды капитал, еңбек адамы, инновациялық ойлау басты құндылыққа айналды. Білім берудің әрбір деңгейі бойынша ауқымды жұмыс жүрді.
Жалпы білім беру ұйымдарына 2019 жылы – 8 200 725теңге, оның ішінде жалақы қорына – 5 845 685 теңге бөлінді. Жылма-жыл білім саласына бөлінетін қаржы еселеп өсуде. Яғни мемлекет тарапынан қолдау аз емес. Талап та жеткілікті. Сондықтан әрбір жұмыс нәтижелі болуы тиіс.
2018-2019 оқу жылында 14 294 оқушымен 29 жалпы білім беретін, 3 мектептен тыс, 34 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеді. IV оқу тоқсаны бойынша 14 276 оқушы оқу жылын аяқтаса, олардың8268-і "өте жақсы" және "жақсы" деген бағамен бітірді.Жалпы орта мектепті 484 бітіруші аяқтаса, олардың 26-на «Алтын белгі», 15-не «Үздік аттестат» берілді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымында қазіргі таңда 431 педагог-қызметкер жұмыс істейді. 2976 бүлдіршін балабақшада тәрбиеленеді.
Мектептің жүрегі – мұғалім. Ең маңызды міндеттің бірі – мұғалімдер мәртебесін көтеру. Ауданда жоғары санатты – 234, І санатты – 692, ІІ санатты – 541, санатсыз 495 педагог бар. Олардың мәртебесін көтеру мақсатында ҚР Президентінің дәстүрлі Жолдауындағы мұғалімдер жалақысын 30 процентке көбейту тапсырылды. 2018 жылдың қаңтар айынан жаңартылған білім бағдарламасы бойынша жалақы өсіп, 303 млн. қаржы бөлінсе, 2019 жылы қаңтар айында 900324 теңге, маусым айынан бастап жалақы қорын 30 процентке көтеруге 583927 теңге бөлінді.
Жаңа формат негізінде ауданда 177 педагог-модератор, 254 педагог-сарапшы, 112 педагог-зерттеуші санаты бойынша тиісінше үстеме жалақы алуда. 2019 жылдың 2-5 маусым аралығында педагог қызметкерлердің кезекті ұлттық біліктілік тестілеу қорытындысы бойынша қатысқан 499 педагогтың 350-і тестілеуден сәтті өтті. Қазіргі таңда тесттен өткен педагогтар құжаты аттестациялық комиссияның қарауында.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында барлық білім беру мекемесі білім беруді цифрландыру бағытында жұмыстар жүргізді. Мектептерге электронды күнделікпен жұмыс істеу үшін 200 дана планшет және 194 дана интернет таратушы /роутер/ құрылғысы беріліп, қағаз-журналдан арылып, жыл бойы электронды күнделікпен жұмыс істеді. Bilimlandжәне т.б. электронды әдістемелік ресурстар арқылы пән мұғалімдері мен мектеп оқушылары мүмкіндікті тиімді пайдаланды. Осы тұста мектеп тарапынан ата-аналар арасында электронды күнделікті қалай пайдалануды, оның тиімділігін кеңінен түсіндіру жұмысын үнемі жүргізуді жүйелеу қажет.
Елбасының биылғыЖолдауында IT технологияныдамытуға, Цифрлы Қазақстанды құруға басымдық берілген.Осыған орай аудандық оқушылар үйінен IT парк ашылды. Қазіргі таңда үйірме жұмысы жандандырылып, мүшелері облыстық, республикалық байқауға қатысып, жүлдегер атануда.
Оқушылар жетістігі жыл санап артып келеді. Халықаралық, республикалық білім сайысынан жеңіспен оралып, гранттар ұтып алуда. 2019 жылы облыстық пәндік олимпиадаға 27 оқушы қатысып, 14 оқушы жүлделі орын алды. Нәтижесінде 6 оқушы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне жолдама алып, 2 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді.
«Зерде» республикалық конкурсының облыстық кезеңіне ауданнан 16 оқушы қатысып, 10 оқушы жүлделі орын алып, білімін дәлелдеді. Сонымен қатар ауданымыз пәндік олимпиада қорытындысымен облыста ІІ орынды иеленді.
Ауданның ардагер-ұстаздарын ұлықтауда №105 мектеп-лицейде математика пәнінен Ү.Қошалақов атындағы, Төретам кенті №80 мектеп-гимназияда математика пәнінен Қ.Игенбаев атындағы, Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте орыс тілінен Ш.Шоқбаров атындағы аудандық және осы мектепте С.Нұртаев атындағы тарих пәнінен өткізілген облыстық және республикалық олимпиада шәкірттер арасындағы бәсекелестікті дамытты.
21 маусымда екі ұлттық тестілеу орталығында ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Орташа балл көрсеткіші – 76,3. Жоғары нәтижеге қол жеткізген №277 мектеп-лицей болса,ҰБТ-ға қатысушы оқушыдан ең жоғары 130 балл жинаған №26 орта мектептің түлегі Гүлсезім Жүнісова. 100 және одан жоғары балл жинаған 54 оқушы болса, шекті балдан төмен жинаған 25 оқушы бар. Әрине бұл қуантарлық нәтиже емес.Жалпы мектеп бітірушілерінің 85 пайызы ҰБТ-ға қатысуы, яғни оқушы мен ата-ана әлі де ҰБТ тек грантқа түсу үшін тапсырылатынын жете түсінбеуде. Себебі биылғы оқу жылында ҰБТ 4 кезең бойынша өтті.Бітіруші түлектің ЖОО-ның мемлекеттік білім грантына түсу үшін дұрыс таңдау жасауына да қолдау білдіру қажет екенін айтты бөлім басшысы.
Тәрбие салаларына байланысты 5 айлық, 9 апталық, 10 акция, 6795 тәрбие сағаты, 29 кездесу, 29 кеш, 10 онкүндік өткен. Ата-аналар жиналысы ауданда 2 рет, мектепшілік, сыныптық ата-аналар жиналысы тоқсан сайын өтіп, онда түрлі мәселе қамтылды.
Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын қалыптастыру, ұтымды пайдалану мақсатында ілкімді шаралар өткен. 1100 оқушы оқушылар үйіне, 350 оқушы әуез мектебіне, 1488 оқушы спорт мектебіне, 2908 оқушы мектепішілік спорт үйірмесіне, 4382 оқушы мектепішілік түрлі үйірмеге қатысады. Барлық спорт секциясына аз қамтылған оқушылар, жетім балалар тегін қатысады. №15 спорт мектебіне 1104 оқушы, №16 спорт мектебіне 718 оқушы, спорт клубына 196 оқушы, «Орда»әскери-патриоттық клубына 2800 оқушы, мүмкіндігі шектеулі балаға арналған спорт секциясына 24 оқушы қатысады. Мектеп жанындағы күндізгі лагерьде 1365 бала демалуда. 525 бала сыртқы лагерьге жіберіледі. 613 бала мектеп жанынан құрылған еңбек бригадаларынатартылды.
Жазғы демалыс уақытында қайғылы жағдай орын алмас үшін оқушыларға суға түсудің ережелері мен қауіпсіздікті сақтау жолдары түсіндірілді. «Су – тіршілік көзі, бірақ тілсіз жау» тақырыбында тәрбие сағаты өтті. Дегенмен атқарылған жұмыспен қатар өкінішті жағдай орын алып, биылғы жазда бір оқушының суға кету фактісі тіркеліп отыр.
Алдағы айда аудан орталығында орналасқан №27, №30 орта мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сонымен бірге мектептердің барлығына ағымдағы жөндеу жасалса, қажеттілері бу қазандығына ауыстырылады.
Білім саласының басты мақсаты – Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағын тәрбиелеу. Білім беру саласында үлкен табыс пен жетістіктің болуы тек ұстаз бен мектепке байланысты емес. Ата-анаға да тікелей қатысты.
Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы.
Бөлім басшысы баланы көзден таса қылмай, әрбір іс-әрекетін үнемі бақылауда ұстайық деген пікірмен сөзін аяқтады.
Жыл бойы тынымсыз еңбек еткен барлық әріптесіне жақсы демалыс тілеп, жаңа оқу жылында жаңа леп, жақсы көзқарас, тың серпінмен қауышуды тіледі.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА