БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ БАСТЫ НАЗАРДА
Жосалы кентінде білім қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбындағы тамыз конференциясы өтті.
Шараға облыстық білім басқармасы басшысың орынбасары Ж.Шынтасов және аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаев, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.
Биылғы жылы ауданда 652 мектеп бітірушіден 458-і (70,2%) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, орташа балл 83,7 балл көрсеткішті құрады. Бүгінгі күні 652 бітірушіден, 310 оқушы (47,5%) жоғарғы оқу орнының грантын иеленді. 2017-2018 оқу жылының қорытындысымен 25 бітіруші «Алтын белгіге», 17 бітіруші «Үздік аттестатқа» ие болды.
Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 15 мектептен 27 оқушы қатысып, 12 оқушы жеңімпаз атанып, облыс бойынша Қармақшы ауданы 2 орынды иеленді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында білім беруді цифрландыру (компьютермен қамтылуы, электронды журналға көшу, Bilimland және т.б. электронды әдістемелік ресурстарын пайдалану, робототехника, 3D принтер кабинеттерімен қамтамасыз етілуі, Интернет жылдамдықтары, WI-FI) жұмыстары барлық білім беру мекемелерінде басшылыққа алынуда.
Атап айтсақ 2017-2018 оқу жылында 12 мектеп (№26, №27, №30, №80, №85, №99, №105, №107, №121, №183, №250,№269) «Күнделік KZ» бағдарламасымен жұмыс жасаса, 2018-2019 оқу жылында барлық мектептер электронды күнделікпен толықтай жұмыс жасайтын болады.
Кеңес соңында ауданымыздың білім беру мен тәрбиелеуде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары мен аудан әкімнің алғыс хаттары табысталды.