ТІЛ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ТӨБЕЛІ ЖИЫН
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бүгінде нендей жетістікке қол жеткіздік? Әлі де болса қандай кем-кетігіміз бар? Жаңғырудың бір бағдары тіл болса, оны дамытуда үлесіміз қандай? Осы сауал негізінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының алқа мүшелері, бастауыш ұйым төрағалары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы, сол секілді кітапхана, мұражай қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, тіл жанашырларының қатысуымен «Рухани жаңғыру» тұғырнамасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткен іс-шарада кеңінен әңгімеленді.
Шара аудандық кітапхананың «COWORKING» орталығында «Қазақ тілі – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында өтті. Басқосу жаңа форматта – Алаш арысы Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіне орай сырласу түрінде ұйымдастырылды. Оны кітапхана жүйесі «Қазақ тілі» бастауыш ұйымының төрайымы Бибігүлсін Раева жүргізіп, ұйымның қазір атқарып жатқан жұмысымен таныстырды.
Мұнан соң «Сыр сандыққа» салынған ой сергіту пікір-пайымына да сөз кезегі беріліп, тіл жанашырлары ойымен бөлісті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева ана тіліміз арқылы сусындау ұрпақ мақсаты екенін жеткізді.«Дүниенің кілті – туған тілдің құдіретінде. Ана тіліміз өркен жаюы үшін ұлттық құндылығымызды құрметтейтін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуден жалықпасақ. Сонда ғана өзге ұлт та еліміздің мемлекеттік тілін, мәдени мұрасын қадірлейді. Сонда ғана ана тіліміз мақтанышымызға айналады», – деді. Бұл ретте «Тіл сақшысы» басылымы ана тілінің нағыз жанашыры екенін атап айтқан жөн.
Мұнан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының алқа мүшесі Әбдірахман Құлдүйсенов қатысушыларға тіл тазалығы жайында насихаттап, оны өзге сөзбен шұбарлауға болмайтынын өсиет етті.«Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, шұбарлануына қарсы тұруы тиіс. Бұл бағытта атқарылған істер аз емес. Дегенмен, айтулы бағдарлама жұмыла кіріскенде нәтиже беретіні рас», – деді ауданның құрметті азаматы. Сондай-ақ сырласу үстелінде «Ұлт бірлігі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Шегебай Құндақбаев Отан, туған жер, ата қоныс жайлы түсіндіре келіп, әрбірінің мағынасына тоқталды.
– Әкенің үйі – ата қоныс. Өйткені ол – өмірге әкелген, кіндік қаны тамған жері, ыстық ұясы. Жер мәселесіне келгенде қазақ намысын оятатын да, қастерлейтіні де осыдан. Тіл дамиды немесе құрдымға кетеді. Оны сақтап қалатын – ұлттық намыс. Тілге деген сенімді тудырған – Тәуелсіздік.
Отанды, тәуелсіз Қазақстанды, қасиетті мекенді, байлыққа, қазынаға толы жерді, сонымен қатар болашағы айқын, келешегі жарқын қазақ тілімізді мақтан етейік, – деді ол.
Іс-шарада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, бастауыш ұйым төрағасы Ермек Наренов қазақ тілінің әлем тілдерімен салыстырғанда өте бай екенін және оның 6 мыңның үстінде сөздік қоры барын тілге тиек етсе,аудандық жыраулар үйінің әдіскері Салтанат Жұматаева: «Отбасында балаларыма Сыр сүлейлерінің өлең-жырын жаттатып, терме тыңдатамын. Олардың өз бетінше шығарма жазуына, кітап оқуына көңіл бөлемін», – деді.
Ана тілінің бастауы отбасында десек, оның әрі қарай дами түсуіне бүгінде балабақшаның да айтарлықтай орны бар. Онда ұлттық тәрбие беру жақсы жолға қойылған. Бұл тұрғыда №1 ясли-санаториялық бақшасының тәрбиешісі Мәдина Нұртұяқова бөбекжайдағы атқарылып жатқан бірсыпыра жұмысты саралады. Оның айтуынша, қазақ ертегілерінің кейіпкерін, қазақтың салт-дәстүрін, мақал-мәтел мен ата-ана, бауыр, туған жерге байланысты ұғымдарды бала санасына сіңіру аса маңызды.
Тіл саясатында елімізде латын қарпіне көшу өзекті мәселенің бірі. Бұл жөнінде де отырыста талқылау болды. Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман молықтыру, өсіру және орман пайдалану жөніндегі инженері Бақыт Молдабаева өз ойымен бөлісе отырды. Орманшы маман қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдайтынын, өткен жағдайда Қазақстанның әлемдік өркениетке қосылуына жарқын жол ашарына сенімді.
– Бізде өсімдіктің атауы латын қарпімен беріледі. Жас ерекшелігіне қарамастан ынтасы бар адам тез игеріп кетеді. Латын қарпіне көшу мемлекеттік тапсырма үдесінен шығу үшін емес, болашақ ұрпаққа жеткізу үшін еңбектенуіміз керек, – деді ол.
Шара соңында кітапханашы Гүлназ Сығайбаева тіл туралы өлеңін оқыды. Осылайша «Сыр сандықта» сырласқан рухани кеш ана тілдің болашағын қаузап, келешегіне зор сенім білдірді. Атадан қалған ұлы мұраны қызғыштай қорып, аялай білу – басты борышымыз. Ақын Мұзафар Әлімбаев айтқандай, «Ана тіліміз – автопортретіміз».
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК