Қазақ тілі - рухани жаңғырудың негізі
Елбасының бағдарламалық мақаласының жарияланғанына да біршама уақыт өтті. Осы уақыт ішінде нендей жетістіктер бар, қандай кемшін тұстар назардан тыс қалып жатыр, жаңғырудың басты бағдары –тіл болса, тілді дамытуға қандай үлесімізді қосып жатырмыз-деген сауалдарға әрқайсымыздың көзқарасымызды білдіруге жиналып отырмыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының алқа мүшелері, бастауыш ұйым төрағалары, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімдері, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, кітапханашылар мен мұражай қызметкерлері, мекемелер, қоғамдық ұйым, БАҚ өкілдері, тіл жанашырларының қатысуымен «Рухани жаңғыру » тұғырнамасы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында аудандық кітапхананың «COWORKING» орталығында «Қазақ тілі-рухани жаңғырудың негізі» атты «Сыр сандық» форматындағы іс- шара болып өтті. Аудандық кітапханалар жүйесінің «Қазақ тілі» бастауыш ұйымының төрайымы Раева Бибігүлсін аудандық кітапханалар жүйесінің «Қазақ тілі» бастауыш ұйымының жұмысымен таныстырды. «Сыр сандыққа» салынған ой сергітуге арналған пікір- пайымдарға сөз кезегі берілді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Қармақшы аудандық филиалының төрайымы Раева Гүлжауһар, Ана тілдегі мол мұра арқылы сусындап, шөлдерін басу бүгінгі ұрпақ мақсаты. Дүниенің бар кілті осы туған тілдің үнімен сыбызғыдай сыңсыған тылсым күйдің құдіретінде. Ана тіліміздің өз топырағында өркен жаюы үшін ұлттық құндылықтарымызды құрметтейтін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуден жалықпауымыз керек. Сол кезде өзге ұлттар да қазақ мемлекетінің тілін, мәдени құндылықтарын құрмет тұтады. Сонда ғана ана тіліміз көркейеді, мақтанышымызға айналады. «Тіл сақшысы газеті» нағыз тіл жанашыры десек болады.Қоғамымыздағы көкейкесті мәселелерді көтеріп, тіл мәртебесін көтеруге бірден-бір ұйтқы болып отырған басылым екенін айтып өтті. «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» «Қазақ тілі» қоғамы Қармақшы аудандық филиалының алқа мүшесі Құлдүйсенов Әбдірахман, Тіл тазалығы дейтініміз - ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау -деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса, да қарсы тұруы тиіс.Бұл бағытта атқарылған істер де аз емес, дегенмен бағдарламаны ілгерілетуге жұмыла кіріскенде ғана нәтиже беретінін айтты. «Ұлт бірлігі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы, алқа мүшесі Құндақбаев Шегебай өз сөзінде: Отан, туған жер, қасиетті мекен, ата қоныс, кіндік қан тамған жер туралы ұғымдар жайлы түсіндіре келіп, әрқайсының мән-мағынасына тоқталды. Әкенің үйі ата-қоныс деп аталады, өйткені өмірге әкелген, кіндік қан тамған жері –ыстық ұя. Жер мәселесіне келгенде де қазақ намысын оятатыны, қастарлейтініміз де осыдан. Тіл дамиды, өседі, өледі. Оны өлтірмейтін бір ғана нәсе бар. Ол-намыс. Тілге деген сенімімізді тудырған–Тәуелсіздік! Отанымызды,Тәуелсіз Қазақстанымызды, қасиетті де қастерлі мекенімізді, байлыққа, қазынаға толы жерімізді, ең бастысы болашағы айқын, келешегі жарқын қазақ тіліммізді мақтан етейік.-деді. Одан соң сөз алған аудандық «Қармақшы» таңы газеті бас редакторының орынбасары, Райымбаева Сәрсенкүл Жаудатбекқызы, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ой салды. Рухани дүние қашанда халыққа жақын. Қыспақта қалған ұлтпыз. Рухани жаңғырудан жоғалғанымызды тапқандай болдық. Үлкен мәселе. Аудандық газетте бұл бағытта көптеген мәселелер көтерілді. Алмас Алматов ағамыздың «Аткейіс» кең көлемді шығармасы берілді, қазақ өмірін елестетеді. Мақалалардағы еліміздің әлеуметтік-рухани дамуы және тарихи сананың жаңғыруы туралы айтылған маңызды мәселелерді дер кезінде халыққа жеткізіп отыру борышымыз. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, бастауыш ұйым төрағасы Наренов Ермек – - Қазақ тілі өте бай, 6 мыңның үстінде сөз қоры бар тіл. Латын әрпіне көшу керек, өйткені кірме сөздер көбейіп кетті. Рухани жаңғыру бағытында ауданымызда да көптеген іс-шаралар атқарылуда. Өнер, білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды сол тіл арқылы үйренеді. Ғасырлар бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан- ұрпаққа алдымен ана тілі арқылы табыс етеді. Сондықтан Қазақ тілім байлығым, рухани жан дүниемнің айнасы, Отанымыздың өсіп-өнуіне бірден бір септігін тигізер мәңгілік мұра. Әрбір адам өз ана тілінде сөйлеуге міндетті. Ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру мүмкін емес-деді. Аудандық Жыраулар үйінің әдіскері, бастауыш ұйым төрайымы Жұматаева Салтанат—Үйде өз балаларыма кітап оқытамын, Тұрмағамбеттің өлеңдерін жаттатамын, Сыр сүлейлерінің ізі Базар жыраудың, жыраулардың термелерін тыңдатамын. Балаларды өз бетінше шығарма жазуға, кітап оқуға, дастан- жырларды жаттауға баулу керек, балаларым «анашым», «әкешім» деген сөздерді балабақшадан үйреніп келді. Жүрекке өте жылы тиеді екен. Балабақшада ұлттық тәрбие беру жақсы жолға қойылғанын айтқым келеді. Жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруде үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш тіл екені белгілі. Тілімізді құрметтейік! – десе, №1 «Аққайың» балабақшасының тәрбиешісі, бастауыш ұйым төрайымы Нұртұяқова Мадина - Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін, қазақтың салт-дәстүрін, мақал –мәтел сөздерді, ата-анаға, бауырға, туған жерге байланысты ұғымдарды бала санасына сіңіру бағытында жұмыс жасаймыз. Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман молықтыру,өсіру және орман пайдалану жөніндегі инженері, бастауыш ұйым төрайымы, Молдабаева Бақыт- қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдаймын. Бұл өз кезегінде тіліміздің біртектілігін сақтап, әлемдік өркениетке қосылуымызға жол ашады. Бізде өсімдіктердің аттары латын әрпінде жазылған, жасқа қарамай ынтасы бар адам тез игеріп кетеді. Берілген тапсырманың үдесінен шығу ғана емес, оны бүгінгі күнмен өлшемей, ертеңгі ұрпаққа жету үшін еңбек ету – басты парыз екенін айтты. Шара соңында кітапхашашы Гүлназ Сығайбаева тіл туралы өлең оқыды. Осылайша тіл туралы сөз қозғап, сыр шертістік. Ата-бабамыз бізге құнарлы да шырайлы ең үлкен қазына – тілімізді мұра етіп қалдырды. Мемлекеттік тілдің мерейін көтеру үшін, отандас басқа халықтар арасында беделін арттыру үшін біздер сол тілді қызғыштай қорып, аялай білуіміз – ең басты борышымыз. Ақын Мұзафар Әлімбаевша айтсақ; «Ана тіліміз - автопортретіміз».
Күлжауһар Раева