» » ЖАСТАР ЖІГЕРІМЕН ЖАЛЫНДАР...

ЖАСТАР ЖІГЕРІМЕН ЖАЛЫНДАР...

БҮГІНДЕ ӨҢІРДЕ ТҮРЛІ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖАТҚАН КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ДЕНІ ЖАСТАР. МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР АРҚЫЛЫ БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР, ЖАСТАР ИДЕЯСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗУДЕ. СОНДАЙ ЖАСТАРҒА АРНАЛҒАН БІРЕГЕЙ БАҒДАРЛАМА – «ZHAS PROJEСT» ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ. БҰЛ ЖАЙЫНДА БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ БІРШАМА ӘҢГІМЕ ҚАУЗАҒАН БОЛАТЫНБЫЗ. БҮГІНГІ ӘҢГІМЕНІҢ ӘЛҚИССАСЫ ДА ОСЫ ЖОБАДАН БАСТАЛМАҚ.
Себебі, өңірдегі грант жеңімпаздары өздері қорғаған жобасы бойынша қаржысын алды, кәсібін бастады. Жоба аяқталса да тың идеямен тыңғылықты кіріскен кәсібінен нәсібін көріп отыр. Сондай жастың бірі – Жаңабай Сақтағанұлы. Белсенді жастың ең алғаш «Балаларға базарлық» жобасының тұсау кесеріне қатысқан едік. Жап-жас жігіт, бойында бұлқынған жастық. Күлкілі сайқымазақ киімін киіп олай бір, бұлай бір жүгіріп жүр. Сахнаға шыққан бірлі-жарым аниматорлар қойылым қойып жатыр. Жиналған әлеуметтік осал топтағы жандар тамашалап отыр. Көңілдері шат балаша. «Мақсатым – осы жобамды әрі қарай дамыту» деген еді ол бізге берген сұқбатында. Қошеметтеп, сәттілік тілеп қала бердік. Жобаға берілген 6 ай мерзім аяқталды. Ал бастаған істі әрі қарай жалғап әкету – өз қолдарында еді. Сондағы "Zhas Projeсt-тің" мақсаты – оларға жол сілтеу.
Бірде инстаграм әлеуметтік желісінен қызықты адамдар тізімі шықты. Жарнамасы көзге «ұрып» тұр. Жан-жақты түрлі шоу ұйымдастыру орталығы екен. Бақсам сол өзіміздің аниматорлар. Тәй-тәй басқанда қуанышын бізбен бөліскен олар, қазір облыстық деңгейде. Аудан аралап кешіңіздің сәнін кіргізеді. Орталық жетекшісімен тағы мәрте байланысудың сәті түсті. Айтуынша, бастапқыға қарағанда қазір біршама өзгерістер енген. Жұмыскерлері де өз ісінің шебері.
– Жоба бізді алға ұмтылдырды, қанаттандырды. Әсілінде, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға жақсы стимуль болды. Жобаны ұтқан соң, ештеңеге қарамастан кәсібімді бастап кеттім. Ереже бойынша әлеуметтік осал топтағы жандарға, қараусыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға белгіленген мерзімге дейін тегін қызмет көрсету керек. Осы уақыт аралығында қаншама көзден үміт ұшқынын көрдік, қаншама бүлдіршінге қуаныш сыйладық. Әрине, бұл бізге үлкен серпін берді. Әрі қарай алып кету, дамыту – біздің жауаркершілігімізде еді. Жоба аяқталысымен тоқтап қалмауға бекіндік. Өрісімізді кеңейтпекке түрлі идеяларды қарастырдық. Қазір тапсырыс қай жерден түссе, сол жаққа аттанамыз, – дейді жас кәсіпкер Жаңабай Сақтағанұлы.
Сымтетіктің арғы жағынан естілген жарқын дауыс, өзіне одан әрі қызықтырғандай. Қызу әңгімеден соң, әлеуметтік желіні қайта ақтара бастадық. Балалар мерекесін ұйымдастыру орталығында қазір бишісін қосқанда 10 адам жұмыс істейді. 20-дан аса аниматорлық киім бар. Ерекшелігі – тапсырыс берушінің қалауына қарай сценарий жазады. Сондай-ақ, тәтті мақта әзірлеп кез келген жерге жеткізіп береді. Түрлі форматтағы мерекеде фокус көрсетіп, алаңды шоуға айналдырады. Әрине, бұл – жетістік.
Әлеуметтік желі демекші біршама жобасы қолдау тапқандар парақшасы бүгінде белсенді. Жоба сыйлаған «тәттілер» де кәсібінен береке тауып отыр. Торт әзірлеуші Айжанар Серікқызы тәттінің түр-түрін тапсырыспен жасайды. Мерекелік дастарқанның сәнін ашары парақшадағы есеп-суреттерінен анық байқалады. Арасында мастер-класс ұйымдастыратын ол жобаға қатысқанына еш өкінбейтінін де жеткізді.
– «Zhas Project» жобасын естіген бойда бірлесіп жұмыс істеуге кірістік. Ауданның өзінде түрлі-түрлі креативті идеялар ұсынылды. Солардың ішінен топ жарып, грант иегері атанғанымызға қуанамыз. Себебі, біздің жоба – мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім, тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастарға арналды. Мақсатымыз – аз да болса олардың жүзіне күлкі үйіру, тәттілер жасауды үйрету болды. Жоба аяқталса да, бастапқы үрдісіміз тоқтаған емес, – дейді ол.
Мемлекеттің жастарға берген мүм­кіндігін ұтымды пайдаланған 25 жастағы жас ана Эльвира Әзірбекқызы да бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл нағыз рухани жаңғыру болып тұр. Себебі, ол – мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб және неше түрлі нақыштағы оюлардан, өрнектерден құралған құрақ көрпе тігеді.
– Бұл қасиет нағашыларымнан қонса керек. Өйткені, нағашы әжем ісмер кісі еді. Тоқыма тоқу, киім тігу дегеннің барлығын өз қолымен жасайтын. Әжеміз бізді кішкентайымыздан-ақ тігіншілікке баулыды. Мектеп қабырғасында жүргенде тігіншілік, тоқу өнерінен түрлі
байқауларға қатыстым. Әрине, адам өзіне ұнаған іспен айналысады. Ал, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік туа бермейді. Жобаны естіген бойда-ақ қатысуға шешім қабылдадым. Жоба әзірледік, қорғадық, жеңімпаз атандық. Нәтижесінде шағын «Аяна» қыз жасауы шеберханамызды аштық, – деп жүзіне күлкі үйірді жас ісмер.
Ол тек қыз жасауын әзірлеп қана қоймай, заманауи перделер, ұлттық нақыштағы көйлектер, автокөлікке қаптама, орамалды сәндеп тігу, карона жасау, сөмке тігу, тұсаукесерге арналған заттарды даярлайды. Асқан төзімділік пен еңбекқорлықты талап ететін кәсіпті таңдаған ол көз майын тауысса да, әдемілік сыйлап, жұрттың көңілін көтеретін іспен айналысуда.
– Алға қойған мақсатым көп. Жоба аяқталды. Алайда арманым мұнымен тоқтап қалмады. Кәсібімді одан әрі дамытып, үлкен тігін шеберханамды ашқым келеді. Балаларымның болашағы үшін талмай еңбек етемін. Қазақтың ұмытылуға шақ қалған оюларын сәндеп көрпешеге түсіріп, қолжетімді бағада сатылымға шығару – мақсатымның бірі еді. Уақыт өте бірте-бірте арманымның бір бөлшегі орындалуда. Құрақ көрпе тігу әрбір қыз-келіншектің қолынан келуі керек. Барлық жағынан да үлгеруге тырысамын, тың идеямды жүзеге асыруға талпынамын. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен бір қиындының өзіндік жұмысы бар. Бұл – көз майыңды тауысатын, ұқыптылықты қажет ететін жұмыс. Алдағы уақытта қызым 5-ке толғанда осы өнерді үйреткім келеді, – дейді ол.
Еске салсақ, «Zhas Projeсt» жобасы жастарға қаржылай демеушілік көрсетіп, жеңімпазға 1 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы берген-ді. Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан жоба өткен жылы басталып, еліміздің төрт облысынан 2000-ға жуық жасты қамтыды. Ал, былтыр «Zhas Project» жобасы Сыр елінде алғаш рет іске асып, жеңімпаздар анықталған болатын. Облыс бойынша жобаға қатысуға 670-тен астам жас тәуекел етті. Аймақтағы 269 грантты жас кәсіпкерлер ұтып алса, оның ішінде аудан жастарының үлесіне 13 грант тиесілі болды. Сақадай сай идеясымен жобаға білек сыбана кіріскен жас кәсіпкерлер бүгінде өз кәсібін дөңгелетуде.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
19 мамыр 2019 ж. 1 309 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031