» » «ZHAS PROJECT»:МАҚСАТ – АЙҚЫН, НӘТИЖЕ – ЖОҒАРЫ

«ZHAS PROJECT»:МАҚСАТ – АЙҚЫН, НӘТИЖЕ – ЖОҒАРЫ

Жастарға арналған бірегей бағдарлама «Zhas Project» жайында бұған дейін де біршама әңгіме қаузаған болатынбыз. Бүгінгі әңгіменің әлқиссасы да осы жобадан басталмақ. Себебі, өңірдегі грант жеңімпаздары өздері қорғаған жобасы бойынша қаржысын алып, кәсібін бас­тап кетті. «Жасында тырысқан – қартайғанда қуанады» демекші, сақадай-сай идеясымен жобаға білек сыбана кіріскен жас кәсіпкерлердің жұмысын көрмекке барған едік. Нәтиже көңіл қуантады. Сәрсенбінің сәтті күні жас кәсіпкерлерге де оңтайлы күн болды. Себебі, бұл күні олар алғаш рет жобасын жүзеге асырды.
«Сыр гүлі» кафесіне жол тарттық. Себебі, мұнда бір емес, екі жобаның тұсауы кесілмек. Аядай жер – ұядай жылы. Мол дастарқанға жиналған жандардың көзінен үміт ұшқыны байқалады. Оларға мұндай қуаныш сыйлаушылардың бірі – Айнагүл Әбілханқызы. Ол Гүлсінай Мұсаханова, Индира Көбекова, Жазира Көбековамен бірігіп, топтық жұмысқа жұмыла кіріседі. Жоба нәтижесінде грант ұтып, «Fast food» тез тамақтану орталығын ашуды жоспарға алады.
– «Zhas Project» жобасын естіген бойда бірлесіп жұмыс істеуге кірістік. Ауданның өзінде түрлі-түрлі креативті идеялар ұсынылды. Солардың ішінен топ жарып, грант иегері атанғанымызға қуанамыз. Себебі, біздің жоба – мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім, тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастарға арналған. Мақсатымыз – аз да болса олардың жүздеріне күлкі үйіру, – дейді жоба мүшесі Индира Көбекова.
Мақсаты айқын жас буын жиналған жандарды жеңіл ас мәзірін дайындап тамақтандырды. Бір-бірімен шүйіркелесіп, іс-шараға әжептәуір сән кірді. Әңгіменің қызған шағында көңілді әуенмен ортаға анимация кейіпкерлері кіріп келді. Олар өнер көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл әлгінде айтқан екінші жобаның жеңімпаздары еді.
– Жобамыз – «Балаларға базарлық» қайырым­дылық қорын ашу. Ең алғаш идея қалада жүргеннен-ақ келді. Балалардың көңілін көтеретін, туған күнде, мерекелік шарада қызмет көрсететін осындай орталықты көрдім. Ауданға осыны неге ашпасқа деген ой келді. Әрине, алдымен бұл идеяның жүзеге асып жатқанына қуанамыз. Арайлым Тосанова, Анель Мұхаммедқалиевамен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Грантты ұтып алғанымызда бөркімізді аспанға аттық. Міне, енді бүгін алғаш рет жұмысымыз жүзеге асуда. Алдағы уақытта кәсібімізді дамыту – басты мақсатымыз, – дейді Жаңабай Сақтағанұлы.
Жас кәсіпкерлер фокус көрсететін заттарын алып, қамдануда. Сондай-ақ, қазақ аниматорлығын дамытуды көздеп отыр.
Еске сала кетейік, «Zhas Project» әлеуметтік жобасы жастарға қаржылай демеушілік көрсетіп, жеңімпазға 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы береді. Халықаралық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан жоба өткен жылы басталып, еліміздің төрт облысынан 2000-ға жуық жасты қамтыған. Ал, биыл «Zhas Project» жобасы облыста алғаш рет іске асып, жеңімпаздар анықталған болатын. Облыс бойынша жобаға қатысуға 670-тен астам жас тәуекел еткен. Жуырда олар іріктеу сынынан өтіп, бір миллион ұтып алған жастардың саны да белгілі болып, оның ішінде аудан бойынша бірнеше жобаға қаржы аударылды.
– Өз кәсібін дөңгелеткендердің дені жастар. Себебі, қазір білімді жастардың уақыты. Тың идея болса болғаны. Жоба арқылы берілген мүмкіндіктер, оның жүзеге асуына септігін тигізеді. Сондай жастарға арналған бірегей бағдарлама – «Zhas Projeсt» жобасы. Қуантарлығы жобалары ерекше жастар бар. Мәселен, тігін шеберханасы, шаштараз-ипотерапия, шаштараз, мал шаруашылығы, құс фабрикасын ашу, аяқ киім тігу, балалардың көңілін көтеретін орталықтар мен тамақтану орталығы. Бүгінде олармен жұмыс жүргізілуде, қаржылары да жартылай түсті. Тіпті кейбірі құрал-жабдықтарын алып, жұмысқа білек сыбана кірісе кетті, – дейді ментор Ақтолқын Нұрмағанбетова.
Қай кезде де жастар жалынды жігерімен, айрықша белсенділігімен қоғамның қозғаушы күші болған. «Жақсы жастан шығады» демекші, жас буынның тау қопарар екпіні, толайым күш-қуаты мықты болса керек-ті. Ал, енді ғана кәсібін бастаған жастың, нәсібін көріп, жобаларын одан әрі дамытуға сенім мол.
Айнұр ӘЛИ,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
21 қыркүйек 2018 ж. 1 664 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031