СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ

– Жас кезімізде «шаштаразшы» қыздардың мамандығы деп көбаса жігіттер бас тартатын. Менсінбей мұрын шүйіретіндері де болған. Икемің болса мамандық әйел, ер деп талғамайды. Керек десеңіз әлемге аты әйгілі аспазшылар да бар емес пе? Мүмкін қызық болып көрінер, бірақ менің қолымнан тігін тігу де келеді. Бұрын былғары курткалар тігетін комбинат болған бізде. Сонда жұмыс істедім. Үйде тігін машинам бар. Жыртық жамау мен керек дүниенің бәрін өзім тігемін. Шеберхана ашсам ба деген ой да болды. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» демей ме. Шаштараздықты жақсылап меңгеруді қаладым. Біле білген адамға шаштаразшы мамандықтың да қыр-сыры көп. Алматы, Астанаға барып шеберлік сабақтарына қатысып, біліктілік арттырдым. Бала кезден сурет салатынмын. Қазір сол талантты қызымның бойынан көремін. Балаларым да өнерден құр алақан емес. Мен қалайтын кәсіптің бәрі бір-біріне ұқсас. Шаштаразға да, тігіншіге де аса сабырлық керек. «Жеті рет пішіп, бір рет кес» деген қағида жадыңнан шықса қателесесің, – дейді маман.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».