ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН
Қай соғыс та – халық үшін қасірет. Жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұрысқа түскен сұрапыл соғыстың бірі – Ұлы Отан соғысы. Міне, оның да Жеңіспен аяқталғанына биыл 74 жыл толуда. Сол бір жеңісті күн бізге қазақтың қайсар азаматтары мен ержүрек батырларының арқасында келгені анық.
Сұрапыл соғыста қаймықпай от кешіп, Отан қорғауда талай ерлік көрсеткен азаматтың бірі – қармақшылық Махмұт Ізжанов ағамыз еді. Ол 1921 жылы Төрткүл өңірі, қазіргі Дүр Оңғар ауылына қарасты аймақта дүниеге келген. Бала кезден жетімдіктің тауқыметін көп көрсе де, оқу-білімге құмар болып өсті. Еңбекке де ерте араласты. 10 жастан-ақ ересектермен қатар канал қазып, ауыл шаруашылық жұмысына жегілді. Өсе келе білімге құмарлығы артқан М.Ізжанов 1935 жылы Қызылорда қалалық педагогикалық училищесінен тарих пәні мұғалімі мамандығын алса, артынша Жамбыл педагогикалық училищесінен математика пәні бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастайды. Шәкірттерін білімге сусындата жүріп, әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын адал өтей жүріп, 1940 жылы Киевте С.Киров атындағы әскери командирлер дайындайтын артиллериялық училищеге оқуға түседі. Аталған оқу орнын лейтенант шеніндегі взвод командирі ретінде аяқтап, 1941 жылы Оңтүстік-Батыс әскери округі 127-атқыштар дивизиясының 727 полк бөлімшесіне взвод командирі болып жіберіледі. Мұнан соң ол ұрыс даласына аттанады. Жауынгер 1942 жылы Лисичанск қаласы аймағында болған қанды шайқастарда екі мәрте ауыр жарақат алады. Осы көрсеткен ерлігі үшін Махмұт ағамыз алғашқы марапаты – «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне жарқыратады. 1943-1945 жылдары аралығында І Украин майданының 127-атқыштар дивизиясының 1034 артиллериялық полкінің 52 бригадасында батарея командирі қызметін атқарды. Ұрыс даласында жау шебін, әскерін, брондалған техникалық қаруын, бетпе-бет келген танктерді атып түсіруде, қарсыласқа зеңбірек көздеуде оның училищеде алған математикалық білімінің пайдасы тигені сөзсіз. Шайқаста төрт мәрте жарақат алып, ауыр халге түссе де жағдайы жақсарысымен қайта қан майданға түсіп отырған. Ол осылайша Украина, Польша, Чехославакия елдерін фашистік басқыншылардан азат етсе, 1945 жылы Моңғол Халық республикасы аумағындағы болған соғысқа да қатысып, ерлік көрсеткен.
Майдангер осы жылдың аяғында соғыстан «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальді кеудесіне тағып, офицерлік капитан шенінде елге аман-есен оралады. Соғыстан кейінгі бейбіт уақытта да М.Ізжанов елге адал қызмет етіп, 10-нан аса медальмен марапатталып, запастағы майор шені беріледі.
Алапат соғыстың сынағы – майдангерді шыңдаумен қатар, адамгершілік қасиетін де таразыға салғандай. Өйткені, достық, адами қасиет ешқашан күшін жоймақ емес. Мысалы, арада көп жыл өтсе де соғыс ардагері Алексей Черновол Батыс Украина аймағы Пилява елді мекен маңындағы келесі бір шешуші ұрыста өзінің оң қолынан жарақат алғанын, сол кезде 3-дивизияның 1034-гаубичный артиллериялық полктың 8-батареясының командирі «менің командирім – аға лейтенант М.Ізжанов сіз болатынсыз», – деп 1986 жылы Украинадан ыстық хатын жолдаса, тағы бір майдандас досы Федор Калугин 1988 жылы жолдаған хатында: «Амансың ба, құрметті әскери жолдасым Махмұт Ізжанов. Соғыс бойы алып өткен альбомымда ұрысқа шығар алдында қайраттану мақсатында маған өз қолыңызбен жазып берген өлеңіңіз, сондай-ақ бірге түскен суреттер әлі сақтаулы. Өзіңізді, басқа да майдандас достарды ылғи еске алып отырамын», – деп жазады. Сол секілді ардагер В.Саракалет 1988 жылы жолдаған жазбасында: «Құрметті М.Ізжанов, сізбен бірге майдандас болып, жауды жеңуге үлесімді қосқаныма, өзіңмен бірге болғанымды мақтан тұтамын», – деп атап айтады.
Мұнан – ұлты әртүрлі болса да, жаудың көзін жойып, жеңіп шығу мақсаты бір азаматтардың қан майдандағы достық, ауызбірлік, таза адамгершілік қадір-қасиеттің шынайы да мәңгілігін көруге болады.
Махмұт ағамыз бейбіт аспан астында да тиісті әдептілік, әділдік, жоғары адамгершілік жолын ұстанды. Саналы ғұмырын білім саласына арнап, мектепте әскери дайындық, тарих пәнінен сабақ берді. Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих пәні мұғалімі мамандығын бітірді. Аудан орталығы – Жосалы қыстағындағы жұмысшы жастар мектебінде мұғалім, осы мектепте директор, №26 орта мектепте мұғалім, меңгеруші, мектеп директоры, сонымен қатар, облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтында меңгеруші қызметін атқарды. 1957 жылы білім саласындағы еңбегі – «Қаз КСР Халық ағарту саласының үздігі» төсбелгісімен бағаланды. 1962 жылы М.Ізжанов ҚР білім қызметкерлері кәсіподақ орталық комитеті Президиумының құрмет грамотасымен марапатталды. Мұнан соң да оның еңбек жолы жалғасып, Шымкент аймақтық халық ағарту басқармасында инспектор, қаладағы №15, №7 Сыпатаев атындағы мектепте меңгеруші, директор болып жұмыс істеді. Ал, 1979 жылы зейнеткерлікке шығып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысты.
Ол қызмет атқарған жылдары жас кадрлар мен әріптестеріне үлкен қамқорлық жасап, көмегін беріп отырған. Соған сай, шәкірттері, замандастары оған құрметпен қарап, үлгі тұтатын. Сондай шәкіртінің бірі – Зарқұм Бекжанов былайша ұстазын еске алады.
– Киетін киіміміз болмады. Интернатқа төлейтін ақшамыз жоқ. 1947 жылы 9 жасымда Қармақшыдағы мектепке бардым. Шешем тығып берген бір бөлке нанды 6-ға бөліп, алтын күнге жеткізетінмін. Махмұт ағай сол кезде бізге математикадан сабақ берді. Ағай класқа кіргенде біздің командиріміз келгендей сезінетінбіз. Сабақ өткенде тек шыбынның ызыңы сезілетін. Біз ағайдың тәртібімен тәрбиеленіп өстік. Өте ажарлы азамат еді. Орта бойлы, әдемі киінетін. Әскери іс-қимылды кісі еді. Оны аса жақсы көретінбіз, – деп еске алады бүгінде өзі талай шәкірт түлеткен Қазақ Темір жол және телекоммуникация академиясының құрметті профессоры.
Майдангер жайында баспасөз бетінде көптеген мақалалар жарияланды. Мәселен, Қалмақ КСР Приозерный ауданының тұрғыны, №1 орта мектептің мұғалімі Р.Горпухина 1975 жылы «Учитель Казахстана» газетінде «Махмут Изжановичке рахмет» атты мақаласын жарыққа шығарса, Шымкент қаласындағы №7 орта мектептің мұғалімі Галина Горбачева «Оқушыларды ғана емес, сонымен қатар ұстаздық еңбек жолын енді бастаған жас мамандарды әділдікке, кішіпейілдікке, адам болып қалыптасуға баулитын, тәрбиелеп үйрететін ұстазды кездестіру – үлкен бақыт. Ол кісіден әркез қуаныш, терең ой, ер азаматтық, тектілік, әдептілік қасиеттер сезіліп тұратын, – деп ықыласын білдіреді.
Атпал азамат зайыбы Орынкүл Самсаевамен бірге Марат, Марал, Маржан атты ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Өз кезегінде апай да қатарынан озық жанның бірі еді. Ол 1943-1945 жылдары Москва қаласындағы Жоғарғы партиялық мектепте білім алған. 1947 жылы аудандық партия комитетінде, 1948-1950 жылдары Қызылорда қалалық партия комитетінде ІІІ хатшы, идеология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарса, 1962 жылға дейін Жосалы механикалық зауытының кәсіподақ комитетінің төрағасы, 1964 жылы жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Шымкент цемент зауыты мен Алматы «Главриссовхозстрой» мекемесінде кадр меңгерушісі болды.
Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері М.Ізжанов 1997 жылдың қаңтарында дүниеден өтті. Өзі өмірден көшсе де артына өшпес із, өлмес ерлік жолын қалдырды.
Рахат МЕДЕШОВ.