ҚОЛЫ АЛТЫН АЗАМАТ
Алтын қолды азамат Марат Үсеновті білмейтін қармақшылық кемде-кем. Ағаштан түйін түйген шебер жасаған әр бұйым ел аузында. Чернобыль апатына қатысқан жүректі жауынгердің жерлестері тек оны ұсталық қырынан таниды. Жастайынан қисса-дастан мен жыр-аңызды жастана жатып оқитын кейіпкердің ерекшелігі сол Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» жатқа біледі.
Ағаш ұстасымен көзбе-көз жолығып, тілдесудің сәті сәрсенбіде түсті. Үйіне барып жасап жатқан жұмысымен таныспақ болдық. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем беретін» көргенді елдің ұрпағымыз. Табалдырықтан аттағаннан-ақ үй иесі жылы шырай танытып, төрге шығарды. Алпысты алқымдаған ағаның балаша елпілдеп, елгезек қаққаны болмысын ашып тұрғандай. Жүріс- тұрысындағы тұлғалық сипат пен жанарындағы жарқыл шынайылыққа шақырады. Әдеби кітап көп оқып, қопара қазатын ізденімпаз екені де жүйелеп, дәйекпен сөйлеген әр сөзінен аңғарылады. Білем, біздің келгенімізге де шын қуанышты. Өз қолынан шыққан қабырғадағы ілулі картиналарды бір-бірлеп алып, үстел үстіне қоя бастады. Шәкіртке сабақ үйреткен ұстаздай қаңылтырға қашап салынған суреттерді жеке-жеке таныстыруда. Әңгімесін де бос сөз емес, өткеннен қозғап, жасаған құнды бұйымның барлығын алдыма жая салғанда құдды мұражайға кіргендей күй кештік. Қошқар мүйіз оюы бейнеленген фоторамка көзге оттай басылды. «Бұл ою – қыздарға тән»,– деді қызыға қарап отырғанымды сезгендей. Қыз – жат жұрттық, қыз – қонақ. Сәукеле мен ұлттық киімге салынатын қошқар мүйіз оюы осыны айшықтайды. Мұндай ою бейнеленген дүние аяқ асты етілмейді. Сондықтан үнемі төрде ілулі тұрады, – деді қонақ бөлмені меңзеп. Қаңылтырға қашап салынған «Қорқыт ата кесенесі», «Байқоңыр» суреті де көздің жауын алады. Бұрын құрбы-құрдас, дос-жаран бір-біріне естелік үшін осындай сурет пен кестелеп тігілген гүл, альбом сыйлайтын. Оның жас шағында жасаған сансыз туындысы туған-туыстың үйінде әлі күнге сақтаулы. Талантты азамат мектеп бітіргеннен кейін оқушылар үйінде сурет сабағынан дәріс бергенде осы өнерге біраз баланы баулыпты. Көп ұзамай әскери міндетін өтеуге Сібірдің Чита қаласына аттанған. Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан 32 қармақшылық жігіттің ішінде де осы кісі бар. Қазір оның алтауы ғана жер басып жүр.
Апаттың зардабынан ІІ топ мүгедегі болып оралса да, еңбектен қол үзген жоқ. Ұзақ жыл ПМК мекемесінде жұмыс істеп, аудандағы ірі құрылыс нысандарында қолтаңба қалдырды.
Тума талант иесіне өнер нағашыдан дарыған. Өз әкелері де тегін адам болмаса керек.
Ертеректе шаңырақ, кереге, киіз үйдің бар жабдығын жасаған аудандағы жалғыз Тортай ұста Мараттың немере ағасы. Нағашы атасы Әубәкір қолдан домбыра ойып жасаса, анасы Тәжі бертінге дейін көктас құйып, тасқа қашап салатын суретші болған. Нағашысында ақындық, шешендік қасиет барын көргеннен-ақ тегін адам емесін білдік. Тәжі ана соғыс жылдарында өлеңмен жазған інісінің хаттарын жинақтап, бір қалың кітапша етіп сақтаған. Оны да қолға ұстап, парақтап қарасаң қолтаңбасы тайға таңба басқандай. Ұқсастығы соншалық Марат ағаныкі мен анасының қолтаңбасын ешкім ажырата алмайды. Мұнан кейін бұл азаматты қалай алтынның сынығы, асылдың тұяғы демессің. Үстел үстінде беттері сарғая бастаған 30-ға жуық жұқа, 50 шақты қалың күнделік тұр. Бұл да білмейтін жанға қызық болып көрінеді. Біріне кіл бата, біріне ұлағатты сөздер жазылған. Дәптерді 1990 жылдан бастап арнапты. Содан бергі оқыған кітабының мазмұнын түсіріп отырған. Фирдауси мен Мәшһүр Жүсіптің, жыраулардың жыр-дастан мен толғауын, батаның да бірнеше түрін жатқа біледі. Дәптерде жазылған дүниенің бәрі де жадында. Білім мен өнерді, салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты ұштастыра білген ұстаның осындай үлгілі істері мен жастарға берері көп.
Оның есік алдында екі шеберханасы бар. Біз екеуіне де кіріп көрдік. Бұған дейін анасы кәсіп еткен көктас жазумен айналысыпты. Қазір тек ағаштан тұрмыстық бұйымдар жасайды. Бойын апаттан алған дерт жеңбес үшін қарап отырмайды. Үнемі физикалық қозғалыста болса өзін жеңіл сезінеді. Кітап оқу арқылы ой санасы мен өмірге деген көзқарасын жақсартса өзі сүйіп айналысар, бар жан-тәні, ынта-ықыласы мен махаббатын жұмсап жасайтын кәсібінен рахат табады. Зайыбы Ақжан мен қыздары Маржан, Айжан, Мәдина да бос отырмайды. Өнерден құр алақан емес. Ақжан ана бесік, қыз жасауына тапсырыс алса, қыздары тігін де тігеді, сурет те салады.
– Мақтанғаным емес, қолдан келмейтіні жоқ. Құрылыс саласында еңбек еткендіктен ер азамат істер тірліктің бәрін көзім таниды. Қазір ауыр жұмысқа жарамаймын. Елуден асқан соң көктас жазуды да қойдым. Ондай кәсіппен інім айналысып жүр. 5 ағайындымын. Бесеуміздің де сурет салатын, ағаш жонатын қасиетіміз бар. Бұл өнерді арнайы кәсіп етпеймін. Бесік, қол жуғыш, шәй үстелін тапсырысқа қарай жасаймын. Шеберхананы да өз күшіммен салдым. Бір жыл кесек құйдым, бір жыл іргетасын қаладым. Көбіне жастарға үйреткім келеді, үйреттім де. Білгенімді айтудан жалыққан емеспін. Қандай істі болсын дәретсіз бастамаймын. Ал бесік пен сандық жасарда міндетті түрде ойым мен бойымды тазартамын. Бұл екеуі де құтты дүние. Алған адамға да құты бұйырсын деп тілегімді айтып, ырымдап беремін, – дейді шебер.
Түйін:
Ағаның көп әңгімесіне қанықтық. Деніне саулық тілеп, қоштаспақ болдық. Бізді шығарып саларда батасын жаудырды. Таңнан-таңға жалықпай тыңдар жырдан да үзінді оқып берді. Жігерімізге жігер, шабытымызға шабыт қосты. Осындай ағаларға тектілігін сақтап келгені үшін, жақсылықты өмірде тергені үшін, есепсіз еткен еңбегі үшін, салт-дәстүрге терең мән бергені үшін қалай алғыс айтпайсың?!
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».