» » БЕТ КҮТІМІ ҺӘМ ҰЛУ ТЕРАПИЯСЫ

БЕТ КҮТІМІ ҺӘМ ҰЛУ ТЕРАПИЯСЫ


Кішкене ұлудың көмегімен сұлу болып жүруге болатынын сіз білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық. Ежелгі Мысыр мен Вавилонда ұлуды мәңгілік символы деп санаған екен, ал Гиппократ болса ұлудың шырышымен ашыған сүтті арластырып, күйіктерді емдеп жазған деседі. Сонымен бірге терідегі асқыну, түрлі жара мен зақымдарды басатын қасиеті бар екенін де біле жүріңіз.
Бүгінде бетіңізге күтім жасаудың түрлі тәсілі бар. Соның бірі – ұлу терапиясы. Ұлу арқылы сұлу болу қаншалықты рас? Иә, нәзікжандылар үнемі сұлу болып жүргенді қалайды. Бірі косметолог көмегіне жүгінсе, енді бірі табиғи жолмен жасалатын ем-дом шараларды құп көреді.
Ұлу терапиясы – табиғи жолмен жасалатын бет күтімінің бірі. Бет күтіміне қажетті дәруменді ұлудың шырышынан табуға болады. Атап айтсақ, терінің жастығын сақтайтын коллаген, эластин және А, С, Е, В6, В12 дәрумені сол шырыштан бөлініп шығады. Косметологиялық өнім де ұлу шырышынан алынады. Қазір қыз-келіншек арасында «корей косметикасы» деген түсінік қалыптасқан. Мұны көбісі іздеп жүріп алады. Себебі, корей өнімінің көпшілігі ұлу ағзасында болатын нәрлі сұйықтықтан жасалады. Осылайша бұл өнім көптің көңілінен шығып жүр.
Негізі ұлу терапиясы құрлық ұлуының массажы негізінде жасалады. Мұндай массажға африкалық ахатинаны жиі қолданады. Оны үй жағдайында өсіріп, баптайды. Бұл салада жабайы ұлуды пайдаланбайды. Ал африкалық ұлу ірі болғандықтан, шырышты көп бөледі. Ол тек массаж жасап қана қоймайды, бұрынғы жараның орнын да жазатынын көпшілік біле бермейді.
Ұлу терапиясы беттегі әртүрлі пигменттік дақты жойып, бетті жақсы тартады, әжімнің кетуіне көмектеседі. Сонымен қатар беттегі қызарулар, босанған кейінгі бетте болатын түрлі дақтарды да кетіретін қасиеті бар. Ұлуды тек бетке ғана емес, тіпті мойын мен қол терісіне қоюға болады. Себебі мойын мен қолға әжім тез түседі. Бұл ем-дом шара бір рет қолданғаннан кейін өзінің оң нәтижесін береді. Бет ағарып, жылтырайды. Дегенмен бір рет жақсы болды екен деп қоя салуға болмайды. Жақсы нәтижеге қол жеткіземін десеңіз, мұны күніне немесе күнара қайталауға болады. Ең кем дегенде 10 күн қабылдасаңыз жеткілікті.
Ауданда ұлу терапиясымен айналысатын жандарды іздеп OLX хабарландырулар парақшасына жазған едік. Іздеу нәтижесінде Гүлжазира Әб­ді­кә­рімованы таптық. Ол ғаламтордан ұлу те­рапиясының пайдасын оқып біліп, көп ұзамай Ақтөбе қаласында тұратын сіңілісі арқылы айтып алдыртады. Бүгінде өзіне, жақындарына осы терапияны жасап келеді. Ұлу 2-3 ай сайын жұмыртқалайды. Бір жұмыртқалағанда 100-150-ге жетіп жығылады. Ол өскен ұлуларды 4 айдан кейін бетке қоюға болады екен.
Қазірде көбісі беттегі безеуден қысылады. Ал қыз-келіншектер мұны жасыру үшін қабаттап тональды крем жағады. Бұл сырт қарағанда әдемі көрінуі мүмкін, әрине. Дегенмен уақыт өте келе бұл бет терісінің бұзылуына әкеп соқтырады. Ал ұлу терапиясы беттегі безеуден арылуға, сонымен қатар безеудің орны қалған жерді кетіруге көмектеседі.
– Ең әуелі бетті тазалап аламыз. Зиян келтіретін макияж қалдықтары болмауы тиіс. Бәрін сүртіп тастау керек. Ұлу тістемейді, беттегі өлі клетканы жеп, теріге ешқандай зақым келтірмейді. Тек қана массаж нүктелері арқылы жүріп шырыштарын қалтырып отырады. Кейін бұл теріге сіңіп, өзінің әсерін бере бастайды. Қорқудың еш қажеті жоқ, – дейді Гүлжазира.
Ұлу терапиясындағы алғашқы емнен кейін бет терісі ылғалданып, тегістеледі. Ең бастысы, беттегі жараны жазады. Сондықтан теріге де уақыт бөліп, емдеген жөн. Себебі, денсаулық нашарласа, көңіл күйдің бұзылуына әкеліп соқтырады.
Мұнан бөлек өлі теріні жейтін балық туралы естуіңіз бар ма? Ол балық – Гарра Руфа деп аталады. Бұл қазір спа салонда пилинг (бет терісін тазарту) түрінде танылып келеді. Мұнымен қоса псориаз ауруына да қолданылады. Осы емі үшін де бұл балықты «дәрігер-балық» деп те атайды екен. Гарра руфа балығы өлі теріне ғана жейді, ал тірі теріге тиіспейді. Тірі теріге тіпті аузы да батпайтын көрінеді. Балықтың орташа ұзындығы 6-8 см, ал ең көп дегенде 12 см-ге дейін барады. Өмір сүру ұзақтығы 4-5 жыл ғана. Бір қызығы, гарра руфа балығының тісі жоқ, мұның қызметін оның ерні алмастырады.
Бұл балық көбіне Түркия, Сирия, Ирак елде­рін­дегі теңізде өмір сүреді. Ол таза суды, оттегі көп жерді және күн сәулесін жақсы көреді. Дәрігер-балық көбіне аяқ терісінің өлі етін жеп, жаңа тірі теріге жол ашып береді.
Түйін.
Адамның ажары – бетінде. Иә, сіздің сұлу болуыңыз үшін табиғи болуы жеткілікті. Табиғи болу үшін тіршілік иелерінің көмегіне жүгінуге де болады. Жоғарыда айтқандай ұлу терапиясы, өлі теріні жейтін балық секілді. Бет терісі үнемі күтімді қажет етеді. Ажарыңызды сақтап қаламын десеңіз ұлу терапиясын қабылдауға кеңес береміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».
10 сәуір 2019 ж. 6 335 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 163

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930