ТІРЛІГІ НЫҚ — БАЙҚОҢЫР
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жер кіндігі Байқоңыр қаласы да еліміздің өзге өңірлері сияқты өсіп-өркендеді. Қалада тұратын қазақстандық тұрғындар саны да артып, қала заман ағымына сай сәулеттене бастады. Сонымен бірге, түрлі бағытта шағын және орта кәсіпкерлік нысандар ашылып, қаланың тыныс-тіршілігіне сүбелі үлесін қосуда.
Қала орталығындағы бұған дейін Ресейдің білім бағдарламасымен оқытылатын 5 қазақ білім беру мекемесі мен 1 балабақша қазақстандық білім және тәрбие беру стандартына көшіп, өскелең ұрпағымыз заманауи үлгідегі қазақ оқулықтарымен білім алуда. Сонымен бірге, заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген медициналық орталық пайдалануға берілді. «Байтерек» мекемесі ашылып, жүздеген азамат жұмысқа орналасты. Елу пәтерлі бес қабатты 5 тұрғын үй салынып, жуырда өз егелерін табады. Ал, ағымдағы жылы да осы жұмыстар жалғасын табады деп күтілуде, яғни тағы да 7 бес қабатты тұрғын үй мен мектеп салу жоспарда болса, қаладағы Бармин көшесіне күрделі жөндеу жүргізілмекші. Сондай-ақ, қаладағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйді газдандыру жұмысы іске асырылады.
Осы ретте, қалада тұрып жатқан қазақстандық азаматтардың тұрмыс-тіршілігін нығайту мақсатында Қармақшы аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің Байқоңыр қаласы филиалы бойынша өткен жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген 681 отбасындағы 350 шартсыз, 331 шартты 2746 мүшесіне тиесілі 110909,6 мың теңгенің 107679,3 мың теңгесі өткен жылы, ал 3320,3 мыңы ағымдағы жылдың І тоқсанында төленді. Сонымен бірге, үйде оқытылатын 96 балаға 3088 мың теңгенің жәрдемақысы төленсе, 99431 мың теңгенің тұрғын үй көмегі 1024 отбасына берілді. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы бойынша 491, Ақай елді мекені мен Төретам кентіндегі 104 әр топтағы 595 мүгедек кісіге және 16 жасқа дейінгі 228 мүгедек балаға, сонымен бірге мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына сәйкес өзектендірілген 1109 мүгедек оңалту бағдарламасы аясында 48774,4 мың теңгенің құрал-жабдығымен қамтамасыз етілді. Мекеме мамандарының берген мәліметіне сүйенер болсақ, өткен жылы Байқоңыр қаласы азаматтарына АХАТ қызметі бойынша туу – 904, қайтыс болу – 220, неке қию – 393, некені бұзу – 167, әкелікті анықтау – 48, бала асырап алу – 16, тегі мен атын, әкесінің атын өзгерту – 13, туу туралы куәлікті қалпына келтіру – 24 және 3 қайтыс болу куәлігін қалпына келтіру сияқты мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Сонымен қатар, тұрғындардан 2639,6 мың теңгенің баж салығы өндірілген.
Ал, ағымдағы жылдың І тоқсаны бойынша көрсеткішті сөйлетсек, мекеме бойынша мүгедек балаларға үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу 46 өтініш болып, оған төленген қаржы 1022,6 мың теңге. Тұрғын үй көмегін тағайындауға білдірген 843 өтінішке, яғни 2726 отбасы мүшесіне 27436,6 мың теңге төленген. Сонымен бірге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке өтінішпен келген 327, яғни 1474 отбасыға шартты түрде 200 және шартсыз 127 адамға 83573,4 теңге тағайындалыпты.
Ия, байқоңырлықтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар жыл сайын артып келеді. Оған айғақ, бүгінгі күні қала тұрғындарының әлеуетін арттыруда мемлекеттік мекемелермен бірге үкіметтік емес ұйымдардың да қосып келе жатқан үлесі орасан. «Нұр Отан» партиясы, облыстық жастар ресурстық орталығы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы филиалдары және қалалық «Ардагерлер» кеңесі мен «Ауғанстан соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Ресей Федерациясы үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесе қаланың дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Аталмыш қоғамдық ұйымдар жергілікті билікпен етене араласып, жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге, бауырмалдыққа баулуда, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты дәріптеуде ілкімді істерімен ел-жұртқа өнеге көрсетуде.
Шаһардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан қалалық «Ардагерлер» кеңесін қаланың байырғы тұрғындарының бірі, жасы жетпісті алқымдаған, көп жылдар бойы қаладағы әскери бөлімде қызмет істеп, абырой биігінен көрінген Табынбай Алмаханұлы басқарады.
– Қалалық «Ардагерлер» кеңесінде тіркелген 5 бастауыш ұйымда бүгінгі таңда 4200 қазақстандық зейнеткер бар. Кеңесте өзінің саяси бюросы түрлі бағытта жұмыс істейді. Олар жастарға бағыт-бағдар беруде ақыл-кеңестерін беріп, өскелең ұрпақтың саналы ортада өсіп-өнуіне жұмыс істейді. Өз кезегінде ардагерлерге де қала басшылығы көмегін аямауда. Қала басшысы Константин Бусыгиннің тікелей қолдауымен ардагерлерге арнап, үш бөлмелі үй берді. Ішін жиһазға толтырып, бильярд, дойбы-шахмат алып берді.
– Қарттар күнде осы жерге жиналып, өзекті мәселелерді талқылайды. Облыстық «Ардагерлер» кеңесімен де тығыз байланыс ұстап, көптеген зейнеткеріміз шипажайдан ем алып қайтты. Елордамыз бен еліміздің басқа да көрікті қалаларына саяхат жасадық. Өздерінің белсенділігімен көрініп жүрген ақындарымыз бен спортшыларымызды, сонымен бірге өнерпаздарымыз облыстық, республикалық байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі оралып жүр. Кезінде өмірдің бейнетін көріп, жасы келгенде оның зейнетін көріп келе жатқан зейнеткерлеріміз бүгінде жасы келсе де қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, жастарға ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес, – дейді кеңес төрағасы Табынбай Алмаханұлы.
– Ия, «Қария ақыл-дария» деп халық даналығында айтылғандай, бүгінде жасымыз келсе де, үйде отырып алмай, өзіміздің өмірлік тәжірибемізді өскелең ұрпақпен бөлісуде аянып қалғанымыз жоқ. Ұрпақ тәрбиесі бүгінде ең үлкен мәселенің бірі ретінде саналады. Елбасы да осы тұрғыда көптеген игі істер атқаруда. Жастарды қолдау мақсатында биылғы жылды да «Жастар жылы» деп жариялады. Міне, көреген көшбасшымыздың осындай қамқорлығын жастарға сезіндіруде біз де өз көмегімізді аянып қалмаймыз, – дейді еңбек ардагері Әбдіқадыр Тәжібаев.
Ал, жас та болса, өз ісінің білгірі атанған, Байқоңыр қаласы жастар ресурстық орталығының басшысы Индира Қабатованың есімі тек қала жастары арасында ғана емес, аға буын өкілдеріне де жақсы таныс. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуімен танылып жүрген жас маманның ұйымдастыруымен қалада көптеген игі істер атқарылып жатыр.
«Жақсыға жақын көп» дегендей, қашан да Индираның айналасына жиналған жастарды көресің. Игі істердің бастамашысы атанған ол бүгінде қала жастарының бос уақытын тиімді пайдалануда түрлі бағытта танымдық, тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырып, арасынан дараланып шыққан талант иелеріне барынша қолдау көрсетуде. Жастар арасында ұйымдастырылып келе жатқан жайдарманшылар сайысы мен өнерпаздар байқауын, спортшылар жарысына демеушілік көрсетіп, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан жастарды кәсіпке, білімге, еңбекке баулуда өзге әріптестеріне үлгі көрсетіп келеді.
– Бұл жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялады. Әрине, ел болашағы жастар қолында. Алайда, олардың білім алып, туған жердің өсіп-өркендеуіне үлес қосуы үшін әрине ел ағаларының қолдауы қажет. Міне, осы орайда мемлекет тарапынан Елбасының жастарға көрсетіп жатқан қамқорлығына қолдау көрсетуде түрлі бағытта мемлекеттік бағдарламалар ұйымдастырып, олардың қоғамнан өз орнын табуына барлық жағдайды жасауда. Міне, ағалар жақсылығына қайтарым ретінде қала жастары да өз үлестерін қосуда аянып қалмауда. Жақсылықты істерімен көрініп, өзге жастарға үлгі көрсетуде. Білім мен еңбекті ұштастыра білген талай дарынды жастарымыз бүгінде ағалар аманатын жүзеге асыруға құлшына кірісіп те кетті, – дейді байқоңырлық жастардың көшбасшысы Индира Қабатова.