ӨҢІР СӘУЛЕТІ ДӘУЛЕТТЕНІП КЕЛЕДІ
Ұлт дәулетіне сәулет қосып келе жатқан құрылыс саласы – қоғам дамуының қозғаушы күштерінің бірі екенін айтпаса да түсінікті.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері осы саланың айрықша қарқын алғаны белгілі. Оған дәлел, Елбасының ел әулетін арттыру мақсатындағы сара саясатымен жүзеге асырылған үлкен жоба – ел астанасын Ақмола қаласына көшті. Тарихқа Астана деген атаумен енген Елордада заман табына сай ғимараттар салынып, ел мерейін тасытты. Астанадан үлгі алған өзге өңір қалаларда да заманауи үлгідегі ғимараттар бой көтеруде. Солардың қатарында әрине, Сыр өңірі де бар. Бүгінде алыстан көз тартып, көздің жауын алатын, «Облыс әкімдігі», «Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйі», Сырдария өзені бойынан бой көтерген ойын-сауық орталықтары мен қаладағы заманауи үлгіде салынған спорт кешендері, түрлі бағыттағы кәсіпкерлік нысандар мен тұрғын үйлер дәулетіне сәулеті сай кескінмен айшықталған Қызылорданы еліміздегі әсем қалалар қатарына қосты.
Аймақтың басқа да өңірлерінде де құрылыс саласы бойынша соңғы жылдары үлкен жобалар іске асырылып жатқанын білеміз. Оның ішінде, Қармақшы ауданында да тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін нығайтуда ілкімді істермен айшықталуда. Өткен жылы Жосалы кентінен №183 орта мектеп ел игілігіне пайдалануға берілсе, Иіркөл және Төребай би ауылында заман талабына сай салынған 50 орындық балабақша екі ауыл сәбилерін шат-шадыманға бөледі. Сонымен қатар, ғарышкерлер айлағы тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптен түйінді мәселе болып келген денешынықтыру және сауықтыру кешені шешімін тауып, бұл жоба да жүзеге асты. Бүгінде айлақ тұрғындары мен жастарының бос уақытын тиімді пайдалануда түрлі спорттық секциялар жұмыс істеуде. Ал, өңір балаларының жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында салынып жатқан жазғы лагерь, сондай-ақ Байқоңыр қаласында тұратын қазақстандық азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатына арналған 50 пәтерліккөпқабатты 5 тұрғын үй құрылысы «МФР-Тұран», «Техноснатка Ремсервис», «Асар» және «Аман құрылыс» құрылыс серіктестіктері салуда. Биыл байқоңырлықтар аталмыш нысандардың игілігін көру жоспарлануда. Ақтөбе ауылындағы «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бастамасымен жүргізіліп жатқан құс фабрикасын да биыл іске қосу мақсатталған. Қармақшылықтар үшін өткен жылы тағы бір жағымды жаңалығымен айшықталды. Нақытысын айтқанда, бұған дейін Иіркөл, Төребай би, Дүр Оңғар, Төретам кентіне кірберіс жолды жөндеу жайлы аудан тұрғындары тарапынан ұсыныс түскен-ді. Әрине, жергілікті билік бұл жайға аса мән бере келе, аталмыш ауылдардың кіреберіс жолына жөндеу жұмысын жүргізіп, ел ықыласына бөленді. Сонымен бірге, Жосалы кентіндегі біршама көше мен «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» тас жолы бойы Тұрмағамбет және Алдашбай ахун елді мекендері аралығындағы күре жол жөндеуден өткізілді. Ағымдағы жылы осы автожолдың тағы бірнеше шақырымы, сондай-ақ Қызылтам елді мекеніне кіреберіс жолын жөндеу жоспарда бар.
Осы ретте, өңір дамуына үлесін қосып келе жатқан қармақшылық кәсіпкерлердің де ауқымды ісіне тоқталған жөн. Расында да, соңғы жылдары аудан кәсіпкерлері тарапынан бірнеше кәсіпкерлік нысандар пайдалануға берілді. Олардың қатарында бүгінде аудан тұрғындарына сапалы да заман талабына сай қызмет көрсетіп келе жатқан «Алтын орда», «Марал», «Алтын сарай» және басқа да қызмет көрсету орталықтары бар. Құрылыс бөлімінің мәліметіне сенсек, аудан бойынша өткен жылы 167 тұрғын үй салынған екен. Әрине, бұл тұрғындардың жаңаша өмір сүруге деген ықыласының артқаны деп түсінеміз.
Биыл да аудан тұрғындары үшін ерекше жыл болмақ. Жуық арада Жосалы кенті тұрғындарын көгілдір отпен қамтамасыз ету жұмысы басталады деп күтілуде. Сонымен бірге, бірнеше білім ордасы мен мекемелерді газбен қамтамасыз ету жобасы іске асырылмақшы. Өңір тұрғындарын саламатты өмір салтын қалыптастыруда жастарды спортқа баулу мақсатында салынған спорт алаңдары мен Жосалы кентіндегі электр желілерін, сондай-ақ, аудандық электр тарату мекемесін қайта жаңғырту жобасы да іске асырылмақшы.
Ауданның сәулеті айшықөталып келеді. Құрылыстарда қарқын бар. Жоспар – нық, мақсат – айқын. Туған жерінің сәулеттене түскені кімді марқайтпасын?!
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».