» » ФАНАТИЗМ: ӘСІРЕ СІЛТЕУШІЛІК ПЕН ЖАНКҮЙЕРЛІК

ФАНАТИЗМ: ӘСІРЕ СІЛТЕУШІЛІК ПЕН ЖАНКҮЙЕРЛІК

Жұрт тыныш, ел аманда тыныштықты бұзатын, өз өміріне залал келтіретін фанатизм атты қауіпті дерт бар. Фанатизм ұғымы – құрбандық дегенді білдірсе керек. Оның қауіптілігі сондай – кейбір жағдайда адам өлімімен аяқталатын кездері аз емес. Қазақша мағынаға салатын болсақ, фанатизм – шектен шығушылық. Яғни, сезімнің, сауатсыздықтың жетегінде кету.
Фанатизмді електеушілік, табыну­шы­лық, жанқияр­лық десек те қате­лес­пейміз. Тарихта фанатизмдік сал­дарынан қорқынышты оқиғалар орын алған, әлі де кездеседі. Бұл бір қауіпті дерт – адам санасын улап, талайдың жанын жаһаннамға жіберген. Мұндай келеңсіз сипат 1978 жылы Гайана мемлекетінің Джонстаун ауылында болған. Сондағы бір аты шулы сектаның 912 мүшесі бір күнде өртеніп өлген. Өз-өздеріне қол салған. Арасындағы 212 адам қарсылық көрсеткенде оларды сектанттардың өздері атып тастаған. Сұмдығы, сол олардың ішінде сәбилер мен жас балалардың болғаны. Ал, 1993 жылы АҚШ-та «Давид жолы» атты сектаның басшысы сектаға кірген 100 адамды отқа өртеуге бұйрық берген. 1997 жылғы Сан-Диегодағы оқиға да елдің төбе шашын тік тұрғызған. «Аспан қақпасы» атты ұйымның 40-қа жуық мүшесі у ішіп жарық дүниемен қоштасқан. Адасқан ағым мен секта айналасына жапа шектірумен қатар, қылмыстық топ құрып та ойларына не келсе соны істеген. Мұндай шектен шыққандардың торына әлі оңы мен солын танымайтын, не болмаса әлеуметтік жағынан әлжуаз немесе сауаты таяз жандардың түсетіні сөзсіз.
Фанатизмнің келесі бір мағынасы – жанкүйерлік. Виктор Цой, Денис Тен, Батырхан Шөкенов сықылды танымал тұлғаларды соңғы сапарға қалың елдің қалай шығарып салғаны әлі есіңізде болар. Бұл адамдар – көзі тірісінде айтулы тұлғалардың жанкүйері еді. Фанаттар өнер жұлдызына деген сүйіспеншілігін, өнерге деген құрметін осылай білдірген-ді. Расында да, олар халықтың құрметіне лайықты жандар болатын. Жалпы, фанаттарды сыртынан қарап түсіне алмауың да мүмкін. Әсіресе спортта. Фанат үшін спорт – бүтін бір әлем. Оның жанкүйерлік ететін командасы туған әке-шешесінен де артық. Фанаттықтан бүгінде түріктерге жан жетер емес. тіпті, үйлерінің ішін сүйікті командасының киген жейдесімен сәйкестендіріп, әрлейді-мыс. Қажет болса үйленер кезінде қалыңдығынан қай команданың жанкүйері екенін де алдын ала сұрап алады екен. Қызық. Мұндайды кім көріпті. Көзқарас, мамандық, әлеуметтік теңдік пен өмірлік танымның бір болғанын түсінер едік, мынау қызық болып тұр. Қош айта берсек, қаза береміз. Бала – болашағымыз. Осы фанатизм дегеннің бала өміріне қаншалықты әсері бар? Бұл хақында психологтар нендей ой айтады?
– Фанатизм – жасөспірім санасының кемелденуіне мықтап әсер етуші фак­тор­дың бірі. Әрине, егер жасөспірімнің сенімінде бекініп алған еліктеу – оның тұлғалық дамуына оң ықпал берер болса. Мысалы, атақты тұлғалар, хобби, жетістік иелері т.б. Ал өскіннің өмірін құрбан етуге дейін апаратын соқыр фанатизм жасөспірім санасын улап, өмірінің астан-кестеңін шығарады. Бүгінде жастар арасында корей елінің драма әртістері мен адам түсініп болмайтын би ырғағын көрсететін бишісымақтар үлкен сұранысқа ие. Жастар соларға қарап бой түзеп, шаш қою, киім кию әдебін өзгертуде. Бұл – қазағымыздың жас буын өкілінің өзге ел менталитетіне мойынсұнып, әдет-қылығымыз қазақылығынан айырылып қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Ата-ана ерте жастан баласының қызығушылығы мен еліктеуін анықтап, өмір жолына дұрыс бағдар берсе, жастар еліктеу тұлғасын дұрыс таңдап өз дамуында даңғыл жол салады, – дейді №250 мектеп-лицей психологы Жұлдызай Бекбаева.
Бүгінде діни фанатизмнің де белең алып тұрғаны ашық айтылуда. «Жыланды жеті рет кессең де, кесірткедей күші болады» демекші, қоғам күресіп жатса да діни фанатизмнің тамырына балта шабылмау­да. Осы тұрғыда дініміз не айтады бізге. Оның алдын алуда нендей қарекетке баруымыз керек. Имам пікіріне ден қойсақ.
– Діни фанатизм – діннің байыбына бармай жатып дін ұстану дегенді білдіреді. Әсіредіншіл болу – бұл фанатизм. Яғни, дінге немқұрайлы қарауға, шектен шығуға болмайды. Пайғамбарымыз – дінде орта жолды ұстаныңдар деген. Өткен заманда діннің талабын ұстанған, немқұрайлы қарап шектен шықпаған. Бәлки, орта жолды ұстанып, осы күнімізге дейін дінімізді жеткізіп берген. Дін ұстанудың шегі бар. Адам баласы байыбына бармастан немесе түсінбестен ұстанатын болса, көптеген керағар, дұрыс емес пікірге ұрынуы мүмкін. Ал, діннің фанаттары ешнәрсенің байыбына, анығына көз жеткізбестен өзінің сыңаржақ пікірін дұрыс көріп, онымен жүргендерді қатаң айыптайды. Мысалы, қазіргі кезде көптеген ағымдар діни фанатизмнің жетегінде жүр. Олар Пайғамбар дәуіріндегідей болуды қалайды. Алайда одан бері де тарихи жағдаяттар мен географиялық алшақтықты, сондай-ақ ортада өткен ұлы имамдар мен ишан-ахундардың дін таратудағы жолын мансұқтағысы келеді. Сол уақыттағы белгілі бір ұлттың деңгейінде ғана түсінуді мақсат етеді. Дінде шектен шығу – аса қауіпті. Өткен ата-бабамыздың жолымен, ұлтымыздың салт-дәстүрімен, тарихи жадымызбен байланыстыра отырып, асыл дінімізді әрмен қарай имамдардың түсіндіруімен, эволюциялық, діни орта жолмен жүре білсек, тарих дәлелдеген тиімді жол осы болмақ, – дейді «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы Жақсыбек қажы Әбиұлы.
Әлемді айтпағанның өзінде, қазақ қоғамында рушылдық фанатизмді жоққа шығара алмаймыз. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген қазақта ұлағатты сөз бар. Үш жүздің тарихы – бөліну үшін емес, бірігу үшін шыққанын да кейбіріміз біле бермейміз. Ру сұрау, аталасу – туыстықтың, татулықтың белгісі. Сондай-ақ ол ұлт тазалығы мен қан тазалығының да кепілі. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деді емес пе ертеде аталарымыз өз өсиетінде. Руға бөлінушілік, жершілдік фанатизмі – адам санасын бұзатын, қоғамды дамытпайтын керағар фактордың бірі.
Түйін:
Қазақ қашан да Аллаға табынған, қиналғанда Алладан медет сұраған, сабыр, береке тілеген. Қайдағы мен жайдағыға емес. Өзі адасқанымен қоймай, елді адастыратын фанаттар мен фанатизмдік түсініктен аулақ болғаныңыз абзал. Сол себептен де ешқашан фанат болмаңыз, жұқпалы індеттен алыс жүріңіз. Керегіңіз бен мұқтажыңызды қай сұрағыңызға да қапысыз жауап беретін халық даналығынан іздеңіз. Сонда ғана түзу жолмен жүріп, елдің адал азаматы атанасыз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
29 наурыз 2019 ж. 1 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 164

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930