Ескертпе
Күн суытып, аяз басталысымен су айдындары мен өзен-көлдерде мұз қатады. Жылдың осы мезгілінде мұз үстінде сырғанақ тебетін балалар, қармақ салатын балықшылар, бір жағадан екінші жағаға төтелеп өтетін жүргіншілердің мұз ойылып кету арқылы абайсызда суға кететін жағдай жиі болады.
Әуесқой балықшылардың мұзды ойып қармақ салатын маусымы басталды. Қыста балық аулау үшін өзен-көлдерге шығатын балықшылар мұзы жұқа қатқан кейбір жердің адам өміріне қауіпті болатынын ескермейді. Соның салдарынан адам шығыны да болады.
Осыған байланысты жергілікті тұрғындарға мұз үстінде жүрудің қауіпті екенін ескерте отырып, су қоймаларында қат¬қан мұз астындағы балықты аулау, мұз үстімен өту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – өз өмірінің қауіпсіздігі екенін ескертеміз. Үйлері өзен жағасына жақын орналасқан тұрғындар өзен-көлдердің бетіне жұқа мұз қатысымен өзен-көлді арғы бетіне төтелеп өте бастайды. Бірақ, оның қаншалықты сенімді екеніне көз жеткізбейді. Осы ретте, мұздың қатқан су екенін естен шығармаған да жөн. Мұзда балық аулаушылар немесе мұз үстімен жүретіндер алдымен оның қалыңдығын тексеруі керек. Оны тәжірибелі балықшылар көзбен қарап та анықтай алады. Мысалы, мұз көкшіл түсті болса ол адамды көтереді, ал егер ақшыл және беті қабыршықтанған бостау болса олай қарай аттап баспаңыз. Мұз үстімен жүрген кезде оның қаншалықты беріктігін өкшемен соққылап тексеруге болмайды, Адамның салмағын қалыңдығы 8 сантиметрден жұқа мұз көтермейді. Әсіресе, аязды күндері мен жылымықтар кезектесіп отыратын аймақтарда су бетіне қатқан мұздың қалыңдығы жиі өзгереді. Қатты аяздардан кейін қысқа мерзімді жылымық пен жаңбыр жауғанда мұздың үстімен жүру қауіпті. Мұздың үстімен жүргенде қырбақ қар басқан жерді, су тарамдарын, бұлақ көзі шығып жатқан маңайды, иірімдегі ойықтарды айналып өтіңіздер! Қар астында көрінбейтін терең мұзжарық-тардан сақтану керек.
Бұл ережелерді сақтамаған жағдайда қайғылы оқиғаға әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұз үстінде көп жүрмеуді, техникалық қауіпсіздік шарасын сақтауды және өзен жағасындағы ескерту мен тыйым салынған белгілерге назар аудару қажеттігі сұралады.
«Жосалы кенті
әкімі аппараты» КММ.
Пікір 1