» » Қалдық та қажет болса пайдаға жарар

Қалдық та қажет болса пайдаға жарар

Экологиялық басты мәселенің бірі – тұрмыстық қалдық. Олай дейтініміз «баклашка», әлдененің қорабы, тіпті ұсақ-түйек қоқысты жәшікке атып ұрамыз. Ал оның ендігі өмірі бізге мүлдем маңызсыз. Оның арасында немкетті қарап, қоқыс жәшігіне жеткізбей «күл болмасаң бүл бол» деп тастай салатынымыз да бар. Бұл қоқыс қайда кетіп жатыр? Бұл сұрақ сізді ойландырып көрді ме?
Елдегі тұрмыстық қалдық саны күн өткен сайын артып жатыр, артып жатыр. Түкпір-түкпірде жасырынып, қуыс-қуыста үйіліп жатыр. Олар жиналып жылына 5 миллион тоннадан асады. Ал оның тек 9 проценті ғана өңделеді. Біз ұйқыда жатқанда өзге мемлекеттер болмашы қоқыстан пайдалы зат жасап отыр. Қалай деймісіз? Онда қараңыз, әлемдік деңгейде футбол ойнап жүрген Реал Мадрид пен Манчестер Юнайтед командасының «оригинал» формасы Жапонияда жасалады. Қызығы кәнігі жарамсыз боп қалған пластикалық бөтелкеден екен. Дамыған елді осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Олар қоқыс шыққан бойда-ақ жойып жіберуге асығады. Біздікі секілді өртемейді, әрине. Пайдаға жаратар дүние жасайды. Мәселен, сусынның пластикалық бөтелкесін арнайы қоқыс контейнеріне жинап алады. Ауасын шығарып, қысады. Үлкен аппаратқа салып, ұсақтайды. Солай топырақ секілді дүние пайда болады. Ал бұл топырақты қаладағы кей жерлерге төсейді. Кейде тіпті саябаққа төсеп, ағаш өсіреді екен. Осындай озық технологияға барған елдің бірі – Швеция. Бұл ел қалдықтың біреуін де қалдырмай түгелімен өңдейді. 1975 жылдың өзінде шыққан қалдықтың 38 процентін өңдеген. Ал қазір ше? Дамудың үстіне дамуда. Тіпті шведтер өз елінен өңдейтін қоқыс таппай сырттан импорттайды екен. Себебі өңдеу стансалары әр қалада, ауданда, ауылда орналасқан. Бұл ел қоқыстан энергия өндіру деңгейіне де жеткен. Тұрғындары да ақылды.
Әр қоқысты рет-ретімен арнайы жәшікке салуды үйренген. Ал бізге мұндай үрдіс қайдан қалыптассын?! Әрине, жоқ емес бізде де қалдық өңдейтін орындар бар. Бірақ 130-ы да жабыла жүріп, қоқыстың 9 процентін ғана өңдей алады. Бізге жұмыс барысында кеңсе қағазы жетіспей жатады. Онсыз жұмыс та жүрмейді. Ал бұл қағаз қалай жасалады? Кеңсе қағазының 18 қорабын жасау үшін бір түп ағаш кесіледі. Ал 1 тонна қағаз 17 ағашқа тең. Жыл сайын қағаз жасау үшін 125 млн. ағаш кесіледі. Енді қараңыз, 50 келі қағаз алу үшін бір ағаш жойылса, 100 келі макулатура бір ағашты сақтап қалады. Сол үшін макулотураны өңдеу маңыздырақ болып тұр. Жарамсыз баклашканы да қайта өңдеп, жаңа құты жасауға болады. Мәселен былтыр бірнеше рет қолданылып барып тасталатын пластик шөлмектерді қайта өңдеу Түркістан облысында қолға алынған еді. Құрылысы аяқталған полиэтилентерефталатты қайта өңдеу және штапельдік талшық шығару зауыты толықтай іске қосылғаннан бастап 250-ден астам жұмыс орны ашылады. Бүгінде зауытта ПЭТ қалдықтарды жуу, кептіру және бөлшектеу бойынша өндірістің бірінші кезеңі іске қосылған. Алдағы уақытта штапельдік талшық шығару көзделген. Бұл жобаны қазақстандық GreenTechnology Industries компаниясы мен Hong Kong General Industry And Commerce Co Ltd (ҚХР) шетелдік серіктес компаниясы бірігіп жүзеге асыруда. Мамандар пайымынша, синтетикалық талшықтың штапельдік түрі мыжылмайды, күйіп кетпейді. Әрі ұзақ уақыт бойы беріктігін сақтайды, гипоаллергенді қасиетке ие. Ал одан жасалған заттар да қолмен ұстауға ыңғайлы. Сондай-ақ полиэфирлік талшықтардан 3D принтерде басып шығаруға пайдаланылатын филаментке арналған материал жасауға болады екен. Иә, «Қалауын тапса қар жанар». Мұндай жоба несімен ерекше? Ең алдымен қайта өңдеу арқылы қалдықты қажетке жаратып, өңірдің экологиялық жағдайын анағұрлым жақсартуға сеп болады.
Қымбат смартфон, тіпті ішерге ас таба алмай отырған мемлекеттер де жоқ емес. Көкжәшіктен көріп жүрген кей қара нәсілділердің тұрмысы да әмбеге аян. Байқасаңыз аяқ киімнің орнына баклашканың қалдығын өңдеп киіп алған. Өңдегенде тек қолмен ғана. Көрдіңіз бе? Болмашы дүниені жұрт қарапайым-ақ кәдеге жаратып отыр.
P.s
Егер идеяның тамыры тереңде болса түрлі қоқыстан жарамды дүние жасауға болады. Бірақ әзірге оған бас қатырмасаңыз. Себебі сіз бен біздегі қазіргі міндет – тұтынған затымызды бейберекет тас­тамау.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
19 наурыз 2019 ж. 3 340 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 277

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930