» » ҚОҚЫСТАҒЫ «МИЛЛИОНДАР»

ҚОҚЫСТАҒЫ «МИЛЛИОНДАР»

Адамның азық-түліксіз күні жоқ. Дүкеннен қаншама зат сатып аламыз. Кез келген тауар қапталады немесе қаптамада тұрады. Сусын, шырын қорабы, шөлмек, қапшық, жеміс-жидек пен көкөністен шығатын қалдық, тағы басқасы. Осының барлығы адам керегін өтеген соң кәдімгі қоқысқа айналады. Ол, онымен әрі қарай  не болып жатқанынан мүлдем хабарымыз жоқ.


Жалпы үймеш-үймеш үйілген қоқыстың қасынан өтудің өзі азап. Қолқаны қабатын иісті жұту – жиіркеніш сезімін тудырады. Қоқыс – экологиялық жағынан бүгінде біздің елімізде ғана емес, дүние жүзінде айтулы мәселенің бірі болуда. Бірқатар дамыған мемлекетте қалдық қайта өңдеу­ден өтеді. Экологиялық мәселені шешумен қатар, ол ел экономикасына да табыс әкеледі. Қоқыс қалдығынан пайда табу жағынан Күншығыс елі ешкімнен қалыспайды. Жұмыртқадан жүн қырқып үйренген халықтың қоқысқа деген көзқарасы да ерек­ше. Өйткені, олар қалдықтан қа­жетті дүние ойлап табудың шебері. АҚШ, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы өркенді елдерде энергия қуатын қоқыс қалдығын жағу арқылы алады.  Сол секілді, Швецияда тұрмыстық қалдық біздегідей жер қайысып үйіліп жатпайды. Іске асырылады. Мәселен, Ресейдің Горелово қыстағында 1972 жылдан бастап тұрмыстық қоқысты өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Онда өңдеу арқылы тыңайтқыш шығарылады. Жылдық өнімділігі 110 мың тонна болатын зауыт көрші Өзбекстанда да іске қосылған. Зауытта тұр­мыстық қоқыс қалдығынан қара және түсті металл мен тыңайт­қыш өндіріледі. Осыған қарап, тұр­мыстық қалдықтан бірнеше бағытта қайта өңдеуге мүмкіндік бар екенін білеміз. Жанатын газ, синтетикалық мұнай, құрылыс плитасы, қағаз, өзге де тұрмысқа керекті заттарды өндіруге болады. Мысалы, Мәскеуде қоқыс жағуға арналған зауытта жылына 150 мың тонна қоқыс өрте­леді екен. Жану кезінде бу қазандығы жылытуға пайданылса, металл қалдығы металлургия өндірісіне жіберіледі. Ал, одан шыққан шлак қалдығы құрылыс материалы ретінде қолданылады. Бұл өзгені асыра сілтеу немесе мақтау емес, білмегенімізді біреу­ден үйрену. Мұнан шығатын қорытынды – өнеркәсіптік, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтар мәсе­лесін түбегейлі шешуде осы қалдықтарды жетілдірудің сала бойынша аймақтық бағдар­ла­масын жасау.
Бір айтарлығы, қоқыс өңдеу  Қазақстанда да  қолға алына бас­тады. Дегенмен, қоқысты жекелеп жинау, оны сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі дами қоймады. Жалпы тұрмыстық қал­дықты жинайтын орын – полигон. Ал, осы полигонға келген қалдықтың қоршаған ортаға тигізер зияны жетерлік. Қалдық – қоршаған ортаны ластайды. Өркениетті елдерде қоқыстың 80 пайызы қайталама шикізат ретінде кәдеге асырылатынын ескерсек, бұл тұрғыда отандық экологтар шетел тәжірибесін енгізуді ұсынуда. Қалдық мәселесін шешуде – адам денсаулығына да оң әсері бар. Қатты тұрмыстық қалдықты кешенді іске асыруда Қостанай облысында ілкімді істер қолға алынуда. Былтыр облыста медициналық қалдықты жоюға арналған кешен өз жұмысын бас­тады. Заманауи залалсыздандыру бу генераторы қалдықты жоғары қысыммен өңдесе, осындай кешен Жетіқара, Рудный қаласына да орнатылды. Айтулы қондырғылар Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы шеңберінде шешімін тапқан. Қа­лай десек те, бұл еліміздегі қоқыс мәселесінің түйінін тар­қатуға қау­қарсыз.
Не істеу керек? Әрбір отбасы газет, металл, шыны, лампа, пластик сынды заттарды бөлек-бөлек тастауға әдеттенуі керек. Бүгін болмаса, ертең керегіңе асар. Шведтердің қалдық игеру тәжірибесі әмбеге аян. Халқы қоқыс жинауда рекорд орнатқан.  Олар қалдықты құр босқа тастамайды, тиын-тебен етеді. Бұл қалдықты өткізгенге де, қабылдап алған зауытқа да тиімді болмақ. Бізде болар-болмас пайыз ғана өңделеді. Қазақстан бүгін­­де өң­деушіден гөрі қоқыс жинау­шы­ның рөлін атқаруда, – дейді алаңдаулы экологтар. 
Осындайда, далада қалай болса солай шашылып жатқан тау-тау қоқысты көргенде, есіл «миллиондаған теңгелер-ай жел­ге ұшқан» деген ой қылп ете қалады. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­дайын­дағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Жолдауын­да өңір басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау мен қайта өңдеу шараларын қабыл­дау­ды жүктеді. 
Түйін:
Күрмеулі мәселенің де түйіні шешілер. Оған мемлекет тарапынан қозғалыс бар. Ал, қарапайым тұрғынның міндеті – өзі тұтынған затын орынсыз лақтырып, қоғамдық орынды бүлдірмеу. Қоқыстан қорқудың қажеті жоқ. Ол да бір кәсіптің түрі. Расында да, қоқыстан қашан пайда табар екенбіз?
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
24 желтоқсан 2018 ж. 1 368 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 266

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 365

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930