» » БІЗДЕГІ БАЗАР БАЗАР МА?

БІЗДЕГІ БАЗАР БАЗАР МА?

Тұрғындардың көп аяқ басатын жерінің бірі, сенбі, жексенбі күндері гүлге қонған ара секілді құжынаған халық жиналатын, тіпті көптен кездеспей жүрген танысыңызды асығыс кезіктіріп қалатын жер - базар. Қыз-қыз қайнаған қызу тірлік. Біреудің біреуге қарауға шамасы жоқ. Құдды базарда тауар таусылып қалатындай, аяғының астына қарамай, ентелей жөнелген жұрт. Біреуді басып жатыр ма, басылып жатырсың ба, шаруасы жоқ, керегін алса болғаны...
Біздегі базарлардың да сыры сын көтермейді. Көлігіңді ыңғайлап қойып, асықпай базар аралағың келгенімен, ең әуелі көлік қоятын жер таппайсың. Жұрттан қалмайын деп базарға ентелеп жеткенмен базарымыздың тазалығы да көңіліңді қуантпайды. Базар сыртындағы базар. Азық-түлік, киім-кешек, көкөніс те осында. Бағасы анағұрлым арзан болғанымен, сапасы да соған сай. Жол жағасы, арлы-берлі өтіп жатқан көліктер көп-ақ. Ығы-жығы. Әр жерде тасталған қоқыс, одан қалды салқын жер мен көлеңке іздеген қаңғыбас иттер. Іріп-шіріген көкөніс пен жеміс-жидектің исі қолқаны алады. Адамның келгенін байқаған сатушылар да «Қызым не іздедің» деп жан-жақтан есіңді шығарады. «Қияр, қызанақ», «Су аламыз... салқын су, құрт, айран», ас-тамақты арқалап, айқай салған «аспаздардың» ащы дауысы құлақты жарады.
Сауданың бел ортасында жүрген сатушыларды сөзге тартқанмен «Әй, қызым-ау, бізді ерігіп жүр дейсің бе? Күнкөріс үшін жүрміз да. Жұмыс жоқ болған соң, әйпесе осы жерде тұрғындардың көбінде дипломы да бар» дейді ашуланып. Қыстың қақаған бет қаритын аязымен, жаздың аптап ыстығында балаларының нәпақасы үшін жүрген жандардың еңбегін елемеуге болмас, сірә.
«Таңсықбай базарының» іші мен сыртын аралап, біраз жүрдік. Реттелмеген тауар, адам жүретін жолға дейін жауып тастаған. Қолында жүгі бар адам үшін, базардың жүргінші жолы біраз кедергі келтірері айтпаса да түсінікті. Төбеге көтеріліп, төменге құлдилайсың. Жүгін көтере алмай келе жатқан тұтынушы үшін оңай болмасы анық. Базардың төбедегі күн сығалап тұрған тесік шатырынан, жаңбыр жауса, базар іші суға толатынын да аңғардық. Әр жерде шашылған қоқыс. Бұрқыраған шаң. Желмен желпілдеп көтерілген жаймаларының ұшын қыш кесекпен бастырып қойыпты. Кейбір дүңгіршіктердің алдына су да себілген. Базардың жағдайын көзбен көргеннен кейін, дүңгіршіктер ішін аралап көрдік. Әр жерде баға мен тауар әр түрлі. Тұрғындардың айтуынша, біздегі базар «халықтың сұранысына жауап бере алмайтын» көрінеді. «Неге» деп сатушылардан сұрағанымызда, «қымбатын әкелеміз-ау, оны кім алады? Халықта ақша жоқ. Тауар босқа біздің ақшамызды ұстайды. Одан арзан дүние жақсы, тез өтеді, бағасы да тиімді» деп кеи жөнелді. Кей жерде бағамен қатар тауар да бірдей болып шықты. Соған қарағанда сатушылардың көпшілігі тауарды бір жерден тасымалдайтын сияқты деп бажайладық.
Алмагүл Омарова, аудан тұрғыны:
-Мен азық-түлікті ғана базардан сатып аламын. Ал, киім-кешекті облыс орталығынан арнайы барып алып келемін. Ауылда таңдап жүріп сатып алатын жер жоқ. Бәрі Түркістан мен Бішкектен әкелінген тауар. Бір жуып кигеннен кейін созылып, бояуы кетіп, шыға келеді. Бір жағынан бағасы у-дай.
Айман апай, сатушы:
-Осы жерде тұрып, сауда жасап келе жатқаныма он екі жылдың жүзі болыпты. Күн салқында мәсі мен кебіс, арзан етік, жазда сүйретпелер мен жеңіл аяқ киімдер өтімді. Жолдасым да саудада. Сауданың жақсы жері көп. Бір жағынан жасың келгенде біреуге тәуелді болғың келмейді. Айлықтан айлыққа қарап отырғаннан жақсы. Табыстың астында қалмасақ та, балаларымыздың ас-суы мен киімін уақытында тауып беріп отырмыз. Үлкен қызым ақылы бөлімде оқиды. Соның бәріне жеткізіп отырмыз. Күнделікті табысымыздан осы жердің егесіне 500 теңге төлейміз. Ендігі бір арман осы базарды қоршап, қыстың ызғарына жаздың ыстығына шыдайтындай етіп жағдай жасап берсе дейміз.
Түйін: «Саудада береке бар» дейді хадисте. Береке іздеп, таңның атысынан ыстық пен суықта жан бағып отырған ағайынға көз алартатындарда баршылық. Тырбаңдап еңбек ету, адал жолмен тапқаныңды бала-шағаның кәдесіне асыру-жақсылықтың нышаны. Сары бала мен қара қазанның қамы үшін жүрген жандарға тек сәтті сауда тілейміз. Әйтпесе, біздегі базар базар ма?
«Қармақшы таңы».
10 шілде 2018 ж. 1 174 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031