Жауқазынның жанарында қандай мұң?
Жас жеткіншектердің бүгінгі әдебі көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. «Неге?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. «Қазіргі заман өзгерді» дейтіндер бар шығар. Бұрынғыны неге айтады осылар дейтіндер де табылар. Жоқ, заман емес адам өзгерді, адамның ниеті өзгерді. Бұрынғы аналарымыз қандай болған деймін де?! Екінің бірі қол ұстасып жүретін бүгінгі жастардың жанында олар тіпті өздерінің некелі жарының жанында жүруді намыс көрген жоқ па? Жұбайынан бір қадам артта жүретін еді.
Бүгінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жастар арасында кеңінен тараған «Признавашки» деген ашық топ бар. Атының өзі адамды бей-жай қалдырмайды. Ішінде небір жаралы жүректің иесі жүр. Әркімнің суретіне ұлы да қызы да «мына адам жайында ақпарат беріңдерші, ұнап қалды» деп сыртынан пікір сұрап жүргені. Оның ішінде мектептің 4-5 сынып оқушыларының суреттерінде «білесің бе, жанарымда мұң барын» деген жазу да көзіңе ілінеді. Кіп-кішкентай қыздың жанарында мұң болатындай не жағдай? Бала махаббат дейін десек, ол сірә мұңға апара қоймас. Сонда бастауыш сынып оқушыларының ойында «махаббат» жүретін болса, жоғары сыныптан не күтеміз? Мұндай «сезім білдіретін» топтарды ашқанша, тәрбиелік мәні бар топтарды ашып, жастарға насихат жүргізсе болмас па еді?
Кейбір жастардың (ғашықтардың) айналасындағы адамдарға қарамай көпшілік ортада керісіп тұрғанын көресің. Махаббаттың әдебі жасырын болуда емес пе еді? Ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның мына өлең жолдарына зер салыңызшы:
Кезім бар іштей қызғанған,
Жеткізбес, сірә, ізгі арман.
Сезіміңді айта алмайтын
Азап па дедім қыз болған.
Кейде сезімін ашық айта алмайтын қазақтың ұяң қыздары қайда қалған деген ойда қаласың. Жігітпен сөйлеспек түгілі, оның көзіне тіке қарауға ұялатын қыздардың азайғанына ішің қынжылады. Көркем шығарманы, кітапты өзіне серік етсе ғой, шіркін! Қазақ қызының бар болмысын өзіне үлгі етіп алса жаман болмасымыз анық.
Байқауымша, жас буындар сабаққа барғысы келмейді, ешнәрсеге қызықпайтын көрінеді. Осы балаларды үйде ата-аналары қадағалай ма? Абай атамыздың 31-ші қара сөзінде «Ғылым білімге ұмтылдырмақ 3 нәрсе: жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз» демеп пе еді? Балаға ең алғаш тәрбие беретін ата-ана болғандықтан, үлкен жауапкершілік те сонда болады. Ата-ананың жұмысбасты екендігі түсінікті, әрине. «Адам тағдыры тәрбиелеумен шешіледі» деп әдебиет сыншысы В. Г. Белинский айтқандай күніне бір мезгіл бала тәрбиесіне көңіл бөлуге болады. Қазір осы нәрседен ақсаңдап бара жатырмыз. Сол тәрбие жетіспей жатыр. Балалардың уақытының көп бөлігі телефонға телмірумен өтіп барады. Пайдалы дүние алса құба-құп. Дегенмен мәнсіз, мағынасыз бір ойындар да баланың миына кері әсерін тигізіп жатқан жоқ па? Бесіктен белі шықпай жатқан жас сәбилердің өзі ұялы телефонды алмасына қоймайтын болып тұр ғой.
Мектепте ұялы телефонды қолдануға байланысты сауалнама жүргізген едік. Сауалнама барысында мектепте жаңа оқу жылы басталысымен-ақ ата-аналар мен сынып жетекшілерінің қатысуымен жиналыс өтіп, ата-аналардан мына мәтінде қолхат алынады екен: «Сабақ уақытынан тыс барлық уақытта баламның іс-әрекетіне, барлық келіп-кетудегі, жолдағы жеке бас қауіпсіздігіне және күнделікті сабаққа себепсіз кешікпей қатысуын қамтамасыз етіп, сабақ процесі кезінде кедергі келтіретін бағалы заттарды (ұялы телефон, ноутбук, нетбук, МР-3, МР-4, І pod, I phone, planshet, үлкен сомада ақша) әкелмеуіне заңды өкіл ретінде жауаптылықта екендігіме қолхат беремін». Егер сабақ барысында қолданып отыратын жағдай болса, телефонды алып қойып ата-анасына ескерту жасалынатын көрінеді. Мектепте оқушы 5-6 сағатын өткізеді. Сол уақыттың жартысынан көбін ол телефонмен өткізеді (сабақта партаның астына жасырып ұстайды, мұны мұғалім көрмейді деп ойласа керек). Осы 5-6 сағат уақыт аралығында мұғалім берген білімді санасына сіңіруге барынша тырысса дұрыс болар еді. Ол үшін оқушы мектепке келген сәтте-ақ телефонды сынып жетекшісіне тапсырып, сабақ біткен бойда алатындай бір мектеп жүйесіне тәртіп енгізілсе екен деген тілегіміз де бар. Сабақ кезінде оқушы тек біліммен айналысқаны жөн. Тәуліктің қалған уақытында да әлеуметтік желілерде пайдалы, рухани азық боларлық дүниені қарауына мүмкіндігі болады емес пе? Бірақ ата-аналар бір уақыт баланың қызығушылығына мән беріп, әңгімелесіп отыруы тиіс. Балаңыз сабақ оқыған кейіпте отырып, кітаптың арасына ұялы телефонды салып отыруы да әбден мүмкін. Бірақ бұны айтпай-ақ білетін ата-аналар да бар. Күнделікті бір уақыт қойыңыз. Мәселен, «күніне тек 1-2 сағат қана ұялы телефоныңды ұстауға рұқсат беремін» деген секілді балаңызға шарт қойыңыз. Бұл екеуіңізге де тиімді болатынына бек сенімдімін. Осы сияқты басқа да шарттар арқылы балаңыздың уақытын пайдалы әрі тиімді өткізуіне өз көмегіңізді көрсете аласыз.
«Еңбегінен қарай жемісі» дегендей сабақты жақсы оқып, өз бетінше ізденіп жүретін оқушылар 11 жылдық білімінің қандай деңгейде екенін тексеретін ҰБТ-ті тапсырғанда еңбегінің нәтижесін көреді. Ал осындай күні-түні әлеуметтік желідегі мағынасыз топтарда отыратын болса, нәтижесін өзіңіз де топшылай беріңіз.
Евней Букетов «Шын мәдениетті адам болудың бірден бір жолы өзіңнен бұрынғы буыннан дұрыс тәрбие алу, дұрыс үлгі көру» демеп пе еді? Сол рухани азығын байытқысы келетін, мәдениетті адам болуға талпынып жүрген жандарды көбейтуге әр адам үлкен жауапкершілікпен қараса екен. Бір-бірін қас қабағынан түсінетін ата-аналардан өнеге алайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ,