» » ОТТЫ ЖЫЛДАР ЕСТЕЛІГІ

ОТТЫ ЖЫЛДАР ЕСТЕЛІГІ

Қазақ халқы небір зұлмат оқиғаны басынан өткерді. Оның ішінде, өткен ғасырда қазақ еліне Ресей патшалығының тақ мұрагері ІІ Николайдың бұйрығымен 1914-1918 жылдарғы Ресей мен Германия арасында өткен бірінші дүниежүзілік соғыста мыңдаған қазақ майданға тартылды. Ал, әлемге билік жүргізуге ниеттенген фашистік Германияның ұйымдастырған 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан қайсар қазақ жауынгерлерінің ерлігі әлемге тарады. Талай қазақ баласы майданда опат болып, ұрыс даласын мәңгілікке мекен етті. Сондай-ақ, әлемдегі екі алып мемлекет АҚШ пен КРСО-ның солақай сая­сатымен 1979 жылы соғыс өрті өршіген Ауғанстандағы соғысқа бауырлас 15 республиканың 18-20 жас аралығындағы жастарымен бірге қазақстандықтар да ауған елінде тыныштық орнатуда интернационалдық парызын өтеді.

1979-1989 жылдарғы Ауған моджахаттері мен КСРО әскері арасында өткен соғыстан Кеңес әскерінің шыққанына биыл 30 жыл толды. Сол отты жылдарда интернационалдық парызын өтеп келгендер арасында байқоңырлықтар да бар.
Әрине, біршама уақыт жалынды жастық шағын ауған жерінде өткізген интернационалистер жыл сайын 15-ақпанда кездесіп, майдан даласында өткізген ұрыстар кезінде қаза болған қаруластарын еске алып, дұға бағыштайды. Көңілде жүрген шерін тарқатады.
– Отан алдындағы азаматтық-әскери парызымызды өтеуге Төретамнан 25 бозбала шақырылдық. 1979 жылдың шілдесінде пойызға отырып, Тәжікстанның Термез қаласы маңындағы әскери бөлімге келіп түстік. Алты ай әскери өнердің қыр-сырын меңгеріп, 24-желтоқсанда әскери бөлім басшысы барлығымызды алаңға жинап, Ауғанстанға кіретінімізді хабардар етті. Әскери техникалар мен қару-жарағымызға мұқият болуды тапсырды. Алдымыздан Әмудария өзені де көрініп, десанттардан кейін екінші болып, көпір арқылы өзге елге өттік. Ауған жеріндегі әйгілі Саланг көлік өткелі арқылы ұйқысыз күнді өткізіп, Кабул қаласына жеттік. Сол жерден бізді әр бөлімге бөлді. Мені әскери санчастке жіберді. Ауған елінде өткізген интернационалдық парызымды сол жерде өткіздім. Яғни, әскери көлік жүргізушісі болып қызмет еттім. Тау мен жазықта Кеңес жауынгерлері мен дұшмандар арасында өткен ұрыста жараланған қаруластарымды госпитальге тасыдым. Талай рет минаның астында қалдық. Бірақ, «көрер қызығың бар екен» деп көнекөз қариялар айтқандай, от пен оқтың ортасынан аман шығып, діттеген жерімізге оралып отырдық. Жау оғынан жараланып, өзін өлімге қимай, «Апалаған» жауынгерлерді де, минаға түсіп, денесінде сау жері жоқ қаза болған қаруластарды да көрдік. Алғашында шошығанмен, келе-келе оған да үйреніп кетеді екенсің. Ал, олардың арасында қандастарыңды көргенде өзіңді қояр жер таппай да қаласың. Иә, сол бір зұлмат жылдарды кім еске алғысы келеді дейсің, бастан өткен оқиғаларды еске түсіре беруге де құлқым жоқ, – дейді Қуанышбек Шитімов.
– 1986 жылы Ашхабат қаласындағы әскери бөлімде әскери өнерге машықтаған соң, 1987 жылы қызмет еткен бөлім құрамында Ауғанстанға өтіп, Хайратон қаласы маңындағы 2613 әскери автоколонна құрамында интернационалдық парызымды өтедім. Негізінен Хайратон қаласынан Баграм, Кандагар, Кабул, Пули-Хумри, Құндыз, Жалалабад қалаларына әскери техника мен оқ-дәрі және қару-жарақ тасыдық. Тау шатқалынан өтер кезде оқты қарша боратқан дұшмандар тарапынан қиыншылыққа тап болғанымызбен, жауынгерлердің қайсарлығының арқасында жеңіп жүрдік. Бөлімде түрлі ұлт өкілі болды. Әрине, соғысты да көрдік. Өліммен бетпе-бет келген кезде, алғашында қорқынышты болғанымен, кейін оған да бойымызды үйреттік. Екі рет «Ерлігі үшін» медаліне ие болдым. Алғашқысын дұшмандармен ұрыста алсам, екіншісін елге келген соң Ауған жеріндегі көрсеткен ерлігім үшін алдым, – дейді Ержан Қаратаев.
– 1978 жылы Қазалыдан әскери парызымды өтеуге Венгрияға аттанып, өзім қызмет еткен бөлім құрамында ауған жеріне 1980 жылдың 2-қаңтарында кірген соң, бір апта Мазари-Шариф қаласындағы газ өндеу зауытын күзеттім. Бөлім жауынгерлерімен бірге Пәкістанға 80 шақырым жерде орналасқан түрлі әскери бөлім шоғырланған Газни қаласында орналастық. Мен пулеметші болдым. Талай рет дұшмандарға қарсы қанды ұрысқа, оның ішінде «Паджери» операциясына қатыстым. Бірде моджахеттерге қарсы өткен ұрыс барысында окопта отырғанымда жақын жерден жылаған дауыс естідім. «Бұл кім болды екен?» деп дауыс шыққан жерге келсем, есімін ұмытыппын, Әлиев деген дағыстандық қаруласым екен. Ол мені көрді де одан бетер жылап қоя бергені. Содан оны жұбатып, өз орныма келдім. Біраздан соң біз тастардың арасымен жүріп келе жатқанымызда тарс еткен дауыс естілді. Менің алдымда манағы Әлиев келе жатқан. Бір кезде мені бір зілдей зат құлатты. Үнсіз жатырмын. Сәлден соң жан-жағымда тыныштық орнаған соң, үстімдегі ысырып тастап, қарасам манағы жылап отырған дағыстандық екен. Дұшман атқан оқ оның басындағы каскасын тесіп өтіпті. Шамасы бұл снайпердің ісі болған-ау деп түйдім. Кейіннен ойлап отырсам қаруласым қаза боларын сезді ме деймін. Екінші бір жағдай бір топ қаруластар кезекті әскери тапсырмаға шыққанбыз. Мен танк жүргізушісі отыратын жердің үстінде болатынмын. БТР зуылдап келе жатқанда пулеметтің оқ салған қорабы түсіп қалыпты. Содан командирден рұсқат сұрап, кейін қарай жүрдік. 150 метр жүргеннен кейін жерде жатқан қорабты табылды. Танктегі орныма емес, артқы жағына отыра салған болатынмын. Біршама уақыт өткен соң біз мінген БТР алдында жатқан арықтан өте бере минаға түсті. Үстіндегілер жан-жаққа ұштық. Бірақ, көлік жүргізушіден басқамыз аман екенбіз. Содан менің байқағаным, мина манағы мен отырған жерден жарылған екен. Талай сарбазды темір табытқа салып, елге жебірдік, талайы мүгедек болып оралды. Бірге болған 7 қазалылық интернационалистің 2-еуі жарақат алса, 5-еуіміз аман-есен елге оралдық. Алайда, кейіннен 2 қаруласым ауған елінен алған жарақаты салдарынан өмірден өтті, – дейді Әлімжан Әбішев.
Байқоңырлық интернационалист-жауын­гер Мархабай Сандыбаев 1987 жылы жел­тоқсанда Ауғанстан астанасы Кабулда, содан кейін Гардиз қаласында әскери борышын өтеп, әр провинцияда орналасқан кеңестік әскерлердің елге оралуын қамтамасыз еткен. Кейіпкеріміз бөлімдердің өз әскери нысанын тастап, елге қайту кезінде көптеген қиындыққа кезіккенін жеткізе келе, дұш­мандар қайтар жолды торуылдап, техниканың алға жылжуына көп кедергі жасағанын еске алды. Жорық барысында өлімді де, аяқ-қолдан айырылып, қансыраған қаруластарды да көргенін айтты. Тіпті, екі рет жарақат алып, екінші алған жарақаттан соң дәрігерлердің шешімімен Ташкент қаласындағы әскери госпитальге жіберілгенін сөз етті. Солайша әскери госпитальден емделіп шыққан соң, интернационалдық борышын басқа бөлімде жалғастырып, елге оралған жерлесіміз Мархабай Сандыбаевтың омырауында бүгінде Ауғанс­тандағы соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені жарқырайды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
19 ақпан 2019 ж. 956 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930