» » АДАЛ ЕҢБЕК

АДАЛ ЕҢБЕК

Таң. Әдеттегіше күрегін алып Күреңбай бақшасына жөнелді. Аяқта «гүрзавөй» етік. Жұпыны киінген. Тастамайтын жыртық-жыртық тақиясы басында. Атқарған бақша миссиясынан соң шөптің үстіне құлай кетіп, ойланып жатыр.
– Құдай берген бір күрек. Тырмам да, кетпенім де осы. Он жыл бойы достастым. Бұл болмаса мені кім асырар еді? – деп іштей күрсінді.
Үнсіздіктен соң алыстан айқайлаған дауыс естілді. Түскі асын дорбалаған әйелі Хадиша екен. Арсың-гүрсің етіп, жүрісі-ақ жөнделмейді. Көңілін де табу мүмкін емес. Көршілері «тек бала табуды» біледі деп сөгеді. Айтса айтқандай жыл сайын өмірге келген 10 баласы бар. Осыларды асыраймын деп жалғыз күрегімен еңбек еткен Күреңбайдың жүрісі мынау.
– Қашанғы бақшада түнелтпексің? «Адам құсап» жұмыс істе, үйден кіріп-шық. Сенің сатқан кәртөп-сәбіздерің қашанғы асырамақ бізді? – деп Хадиша шаңқ ете қалды.
Үнсіздік.
– Мен саған айтып тұрмын ғой. Алып отырған жәрдемақымыз анау, сенің жүрісің мынау. Е-е-ей, қойш мұны. Айттың не, айтпадың не?! – деген Хадиша бүгін тағы да Күреңбайдың «миын» же-е-еп кетті.
Иә, бұл күнделікті қайталанатын құбылыс еді. Осыдан біршама жыл бұрын жұмыстан қысқартылған отағасының сабы сынған күрекпен нан табуына тура келді. Шеттей бала-шаға. Асырау – әкенің міндеті. Басқа ешкім. Осы принципті ұстаған ол ешкімге қол жаймайды. Көктем басталысымен күрегін алып, жер қопарып, егін егеді. Алған өнімін жақын маңдағы базарға өткізеді. Әйтеуір күйбең тіршілік. Күн суытса да босқа жатпайды. Сол баяғы күрегін алып, ауқатты отбасылардың анау-мынау жерін қазып, қар күрейді. «Әр баланың өз несібесі бар» деп тыраштанып әлек. Мұны түсініп жатқан Хадиша жоқ. Оған хан сарайындай зәулім үй керек. Қолын жылы суға малып отқанды армандайды. Өзі жұмысқа шығайын десе баладан босамайды. Ең кішісі бірден енді асқан. Шеттей баланы қараусыз тастауға тағы қорқады.
Кеш батысымен Күреңбай қаптап жинаған көкөністерін арқалап үйге қайтты. Көңілі де көтеріңкі. Қамбаға толған астығына дән риза. Хадишаны да қуантпақ. Жол-жөнекей көршісі Сәбитті кездестірді. Жағдайы жақсы болғанымен араққа құмар кісі. Жан айқайы да сол – сәби сүйе алмай әбден дегбірі қашқан. Бүгін де ащы суға сылқия тойып алыпты.
– Күреке! Амансың ба? Мен бүгін тағы маспын. Маңдайыма бір перзент бұйырмады ғой... Қалай қылайын? Қайда барайын? Не істейін? Қатын кетті төркініне. Ажырасуға да арыз беріпті. Менің жүрісім мынау, – деді Сәбит тілі күрмеліп.
– Көрші, мұның жарамас! Жұмысыңнан да шығып қалыпсың. Екі қолға бір күрек ал да еңбектенсең жарар еді...
– Тәйт! Мен неге жұмыс іздеуім керек? Өздері шығарды, енді өздері қайта жұмыс тауып берсін! – деп жекіген Сәбитке Күреңбай артық сөзді шығын қып қайтем дегендей қолын сермеп, үйіне бет алды. Алыстан кіп-кішкентай боп көрінетін үй. Іші бақытқа толы. Сәбидің күлкісі. Балаларының «әкетайлаған» даусы. Мұны естіген Күреңбайдың шаршағаны басылып, бір демалып қалады. Бірақ, ерлі-зайыптының арасында тағы жанжал басталды. Сол жетпейтін қу дүние. Кейде алысқа кетіп қалғысы да келеді. Бақшасына барып көне күрегімен сырласады. Басқа не істемек керек?
– Демография дейді кеп. Анаусын мынаған, мынаусын анаған жеткізе алмай әлекпін. Кішілерін балабақшаға берейін десем, 3-ке толмаған деп алмайды. Пәтер ауыстыра беру де қиын. Он баламен кім кіргізеді бізді? Айналайын-ау, бір жолын қарастырсаңшы? Басқа да көмек беретін шығар мен секілді көпбалалы анаға? – деп шәй үстінде Хадиша әңгімесін бастады. Айтып отыр, айтып отыр.
– Сенің бұлай дегенің болмас! Баланы өкіметке тудың ба? Мен не істеп жүрмін? Асырау біздің міндетіміз. Көрсеткен жәрдеміне рақмет де қайта. Ертең көр де тұр. Жинаған астығым жақсы бағаланады.
– Үйдің иесі деп айт не, айтпа не, – дей бергенде Хадишаның басы айналып құлай кетті. Зәресі ұшқан Күреңбай апыл-ғұпыл аудандық емханаға әкелді. Ойына не келіп, не кетпеді дейсіз? Қатты қорықты. Бірақ, палатадан шыққан дәрігердің езуіне күлкі үйріліп:
– Құттықтаймын! Тағы да әке атанасыз! – деді.
Біраз абдырап қалған Күреңбай есін жия сала:
– Қой не тұрыс мынау? Екі есе еңбектену керек, – деп күрегіне асықты. Балаларына азық болған бақшасына қарай жол тартты...

Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
15 ақпан 2019 ж. 3 543 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031