ҚОҒАМҒА КРИПТОВАЛЮТА ҚАЖЕТ ПЕ?
Жаңа сандық технологиялардың дамуы кез келген салаға әсерін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда электронды төлем жасау қалыпты процеске айналуда. Электронды ақшаның уақыты да алыс емес. Жиі айтылып жүрген криптовалюта дегеніміз не, оны қайда, қалай қолданамыз?
Әр елдің өзіне тән төл валютасы болады. Мәселен, Америкада доллар, Еуропада еуро, Қытайда юань, Ресейде рубль, Қазақстанда теңге болатын болса, енді ғаламтордың да өз валютасы пайда болды. Криптовалютаның еуродан, доллардан, юаньнан және теңге мен рубльден басты айырмашылығы онымен кез келген елде есеп айырысуға болады. Бүгінгі таңда Еуропа одағы криптовалютаны жаппай қолданысқа енгізуге талпынып жатыр, ал Жапония күнделікті өмірде кеңінен қолданып жүр.
Криптовалюта туралы түсінік осыдан 10 жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2009 жылы “Биткойн” төлемдік жүйесі арқылы кең тарала бастады. Ақшаның осы бір жаңа түрі адамның өз шығының құпия күйінде ұстау үшін қолданған деген де дерек бар. Әсілі «крипто» терминінің өзі грек тілінен аударғанда “құпия, жасырын” деген мағына береді.
Криптовалюта – жаңа технологиялар мен үкіметтің бақылауынсыз жүргізуге негізделген төлемдер мен ақша аударымдарының жылдам әрі сенімді жүйесі. Виртуалды Биткойн ақшалары – криптовалюта түрлерінің ішіндегі ең танымал электронды құрылғы. Оны ешкімге белгісіз Сатости Накамото деген лақап атпен танымал бағдарламашы ойлап тапқан. Биткойн термині мен оның ерекшелігін енгізген де сол адам. Ол кім, қайдан екенін ешкім білмейді. Бірақ бағдарламаны жасап қана қоймай, арнайы компьютерге әмиян орнатуға болатын қосымшаны да іске қосты.
Желінің әрбір мүшесі криптовалютамен делдалсыз тез операциялар жүргізе алады. Яғни, сатып алушы сатушыға ақшаны тікелей жібереді. Банкке барып не болмаса Киви-әмиянға ақша салып жүрудің қажеті жоқ, тек Биткоиндарды жіберсеңіз болғаны.
Криптовалюта – электронды ақша. Мұны қарапайым тілмен түсіндірсек, "ақша" сияқты жалпылама атауға ие, яғни ақшаның электронды түрі. Тек айырмашалығы – оны қолма-қол емес, электронды сандық жүйе ретінде пайдаланасыз. Ал интернет қолданушылары үшін криптовалютаны қай елде қалай қолданса да еркіндік бар. - Қазіргі уақытта бүкіл әлем интернетті белсенді пайдаланатындықтан, критовалютаны да пайдалану қиындық етпейді, - дейді бұл жүйені қолданушылар.
Бұл жүйе бізді өрге сүйрей ме? Критовалютаның тиімді тұстары болғанымен, дамыған елдердің бұл жүйеге көшпей жатқанын да ескеру керек. Кейбірі тіпті бұл «хаккерлердің ісі» дейді. Бұл пікір де ақылға қонымды. Ауадан ақша жасау мүмкін бе, ойланарлық жайт.
Кейбір адамдар криптовалюта болашақтың төлем құралы ретінде қарайды. Ал, кейбірі бұл жүйе әлемдік экономикаға өз зиянын тигізеді дейді. Бірақ екі тарап та кез-келген транзакция делдалсыз жүрсе әлемдік экономикаға тиімді екенін жоққа шығармайды. Кезінде қоғам нарықтық экономикаға көшкенде виртуалды ақша жүйесіне сенімсіздікпен, үреймен қабылдап еді, ал болашағы уақыт еншісінде.
Ақнұр САҒЫНТАЙ,
«Қармақшы таңы».