» » АҚИҚАТ-АЙТУШЫНЫҢ СӨЗІНДЕ ЕМЕС, ТЫҢДАУШЫНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА

АҚИҚАТ-АЙТУШЫНЫҢ СӨЗІНДЕ ЕМЕС, ТЫҢДАУШЫНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА

Бұрындары аталарымыз ұрпағын тыңдай білуге тәрбиелеп, «тыңдалмаса сөз жетім» деп, сөзді тек дұрыс айтуға ғана емес, оның тыңдалуына да ерекше көңіл бөлген. Бір адам жөн айтып жатқанда екіншісі тайталасып өзеуреп бара жатса, оны тоқтамға шақыратын. Үлкені кішісіне ақыл айтқанда кішісі албырттықпен өзінікін жөн санап, әңгіме аяғы насырға шауып бара жатса кішісін тоқтатып, «ағаңның жасы үлкен, оны тыңдауың керек, керегі болса ұғып ал, керегі болмаса сол жерде қалады ғой» деп, үлкенді тыңдай білуге тәрбиелеСЕ, өсе келе «ұлықтың алдында аузыңды тый» деп орынсыз сөйлеуден тыйып отырған.
Қазіргі уақытта осындай тәрбие кемшін тартып, «ілгеріде даусы барлар әнші болатын еді, қазір аузы бардың бәрі әнші болатын болды» демекші, шынында да аузы бардың бәрі айтқыш болғанымен құлағы бардың бәрі тыңдаушы болмай бара жатыр. Тойға барсаңыз да, ас-құдайыға барсаңыз да, жиналысқа барсаңыз да көпшілігіміз сөйлеуге құмбыл тұрамыз. Сөз берілмесе ренжіп, өзіміз сөз сұрап алатын да жағдайлар кездесіп қалады. Тыңдалуға лайық берекелі сөз айтса бір жөн ғой, айна-қатесіз бір сарын. Осыдан келіп кез келген жиында екеуара күбір-күбір әңгімеге ойысады. Осындай әңгіменің тасасында есті тәрбиелі сөздер де тыңдаушысын таппай жетім қалып жатады.
Мұның себебі, «қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба, сөз бастау қиын ба?» деген сұраққа, «әрине, сөз бастау қиын, тауып айтсаң берекелі боласың, таппай айтсаң келекеге қаласың» деген қағиданы ескермей, айтсам болды деп, отырған ортадағы адамдардың деңгейіне көңіл бөлмей, қажетсіне ме, жоқ па оған да қарамай, байыбына бармауда. Оған қоса айтылатын уақыт пен мекеннің лайықтылығына көңіл бөлмейтіні тағы бар.
Бұл жайттар Жаратушы тарапынан берілген ұлы нығметтердің бірі – сөз қадірін кетіріп, есті сөзді де аяқасты етеді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Алланың бар екеніне, ахирет күнінің растығына сеніп иман келтірсе, сөйлегенде қайырлы, мәнді сөз айтсын, әйтпесе үндемесін», – десе, келесі бір хадисте: «Мұсылманның Исламнан алған ең ізгі қасиеттерінің бірі – бос сөзден арылуы», – деп, бос сөз айтпаудың мұсылманның ең ізгі қасиеттерінің бірінен санаған. Құран мен хадистен сусындап, нәр алған ата-бабаларымыз да «көп сөз күміс, аз сөз алтын» деп, көп сөйлейтін адамды жаратпай «сөзі көп адам», «бәдік», «бөспе», «сөзуар», «сөзінің пәтуасы жоқ» деп жағымсыз сипаттармен сипаттаған.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғам­барымыз: «Үндемеуде үлкен даналық бар, әттең оның байыбына баратындар өте аз», – деп тыңдай білудің даналық екенін ұқтырса, атақты бір ғалым: «Айтылмаған сөз менің тұтқыным, ал, мен айтылған сөзімнің тұтқынымын», – деген екен. Бұл хадистерді атамыз қазақ «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп біздерге ұғынықты тілде тәпсірлеген.
Бұл тақырып та айта берсек әлі де көптеген аят пен хадисі, ұлы тұлғалардың даналыққа толы ғибратты сөздері мен мақал-мәтелдерін келтіруге болады. Дегенмен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сөз қадірін түсінген, жете бағалаған ұлттың ұрпағы екенімізді естен шығармай сөйлеген кезде ортаға лайық мәнді де сәнді әрі дәмді сөйлеп және айтылған сөзді тыңдай білуге көңіл бөліп, артымыздан келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгілі өнеге қалдырайық.
Жақсыбек қажы ӘБИҰЛЫ,
«Қармақшы ата»
мешітінің бас имамы.
22 қаңтар 2019 ж. 1 924 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031