» » Сұрап алған атақ, сатып алған мадақ қайырлы ма?

Сұрап алған атақ, сатып алған мадақ қайырлы ма?


Әкелі-балалы екеу әңгіме айтып отыр. Әкесі:
– Балам, өскенде кім боласың?
– Әкім боламын. Мол ақша жиып, коттедж салып, «джип» мініп қыдырып жүрмеймін бе?

Өмірдің өзі – мысал. Тәлім солай. Тәрбие солай. Бала әдетте үлкендерге қарайды. Көргенін істейді. Естігенін жүзеге асырады. Қазір кім күшті, кім мықты, кім азулы? Соның дәурені жүріп тұр. Азулы тісін, тырнақты тырнағын, қарымды тізесін батырады. Біздікі қылғыта берсек, қылғыта берсек. Түйені түгімен, биені жүгімен, бүйіні уымен жұтуға бармыз. Содан үйренгені олардың. Болсын әкім. Болсын депутат. Ешкімнің болмағын қызғанбаймыз. Қызығы сол, балаларды да атақ-даңққа құмарттырып жібердік.
Біз өзі майлы жілікті кеміріп, мадақ пен мақтанға семіріп алдық әбден. Құлқын тіптен жіберді дәрежелетіп. Кем қалмау деген дүниенің мақсаты осы деп білгендейміз. Біреу мақтаса, біреу марапаттаса деп тұрамыз жарам­сақтанып. Мереке келсе қандай марапат құлақ көрсетер деп елеңдейміз. Саймыз ба, жоқ па? Ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Бәрі де құлқынның қамы. Ал, құлқын атаққа тоя ма? Жұрттың бәрінде бір даңқ. Кез келгенді сөй­летсеңіз, аты-жөнінің артынан шұбап атағы шығады: пәленше сыйлықтың иесі, түгенше орден алған. «Құрметті азамат» дегенді қосыңыз. Лайықты ма, лайықсыз ба, ескерген ешкім жоқ. Одақ деген жақсы болды. Түгенше одақ, пәленше одақ. Қаптаған солар­дың мүшесі. Жасы да, кәрісі де. Бір танысым (түсінген боларсыз, шығармашылық өкілі) зыр жүгіріп жүр. Биылдан қалмай саласының одағына мүше болуы керек екен. Жасы болса, отыздан аспаған. Құжат дайындап жүр. Мүшелікке енсе, жетіп жатыр. Талай есікті теуіп кіріп, мәселесін солай шешпек. Әйтпесе, сол одағы құрғырдың оған еш пайдасы да жоқ. Баласына ас бермейді, өзіне бас бермейді. Жалпы, одақтың түпкілікті мағынасы жойылып, тура мағынасы қалған сыңайлы. Еңбегі сіңді ме, сіңбеді ме, оған мән бергенді таппайсыз. Одаққа да сол ақшасы, яғни жарнасы қажет.
Редакция жұрттың арыз-шағым айта келер жері. Тырнағына сызат түссе де сонда соғады. Бірде түсін түстеуді қажет етпейтін қария келді. «Анаған бардым, мынаған жолықтым, мен туралы мақала әзірлеңдер. «Құрметті азамат» атағын алмақ ойым бар. Жасым келгенде оны бермесе, өзім аламын», – дейді. Жетпіске келді екен, атақ берілуі тиіс. Ойы солай. «Мақұл» дедім де жөніме қалдым. Сорым «мақұлым» болды. Күнде редакцияға қоңырау шалады. Пәленше атақ аларда газетке шығыпты, түгенше мадақпен түгенделерде мақала жазылыпты. Содан тоқ етеріне жібердім: «Көкеу атақты сұрап алмайды, ел сұрыптап береді» дегенді айттым.
Тағы бір оқиға ойыма оралып отырғаны, облыста жүрген кезіміз. Тап­сырмамен ауданға жолға шықтық. Межелі жерге жеткеніміз сол еді, белгілі бір аудан әкімдігінің алдында ұлы айқай. Егде тартқан еңселі бір кісі жүр бәріне зәһарын шашып. Атқарушы билік қайтпек керек, ағалап жүр, көкелеп жүр. Сөйтсек, әлгі көке-сымағы «Құрметті азамат» деген атақты даулап жүр. Оны аймақтың құрметті азаматы қылуға жергілікті билік мүдделі болуы тиіс екен. Құрметтің құрметі халықтың мойындауы екенін әлгі кісі біле ме өзі? Даулап алды делік атағын, кейін сол атағы не бермек? Он жылдан кейін сол құрметі ел есінде қала ма екен?
«Әкесін сабағанды көріп едік, ал арбаға байлап сабағанды бірінші рет көрдік» деген бар. Жыл аяғы жеткенде әлеуметтік желі шулап кеп жіберді. Ана жақта 20 адам «Құрметті» атанды, мына жақта 30 адам «қадірменді азамат» болды. Үлестірілді. Таратылды. Соған қарағанда атақ-дәреженің жәрмеңкесі болғанға ұқсайды. Осыдан он-он бес жыл бұрын жылына «Құрметті азамат» дегенің бір-екі адамға берілуші еді. Қазір қаптап, дорбалап беріп жүр. Сонда қит еткенге құрметтілік беріле салар «рахмет» пе?
Бұл атақты берудің өз себебі бар екен. Алдымен атақ берілер өңірге еңбегі сіңуі қажет. Еңбек дегенде сол аймақта жұмыс істеу керек, бір көше жөндеу болса да. Бастысы басшылық қызметтерде. Сосын елдің «сол жерде туған» деп атын шығарса жарап жатыр. Еңбек сіңіру дегенді жұмыс істеумен шатастырғандаймыз. Рас кез келген кісі қара басының қамын ойламай тірлік етпейді. Пенденің бар мақсұты әуелі өзі үшін. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» демей ме? Кім біреу үшін қарекет етіпті? Рас арғысы Қабанбайдай, Бөгенбайдай, бергісі Алтынсариндей, Абайдай, Ахметтей, Мағжандай бүгінгілердің еңбегі сіңген жоқ. Оны мойындау керек. Біздің па­йымда «Құрметті азамат» атағы атаулы жерде туып, сол жерден шау тартса да кетпейтін кісілерге берілу керек. Оның үстіне «құрметтілік» үлестірер жеті шелпек емес.
Ойды ой, әңгімені сөз қуалайды. АҚШ-тың Роберт Фрост деген жазушысы болыпты. Әлгі қаламгер жылдың соңында жарына дастархан жайдырып, өзі сәнді киініп күтіп отырады екен. Нені дейсіз бе? Атақты! Оның көкейін тескен – «Нобель» сыйлығы. Жылдың соңында «Нобель» сыйлығынан үміттеніп отырып дүниеден өткен көрінеді. Онсыз да атағы мен орден-медалі жеткілікті Фрост Шекспирден даңқты емес. Себебі, Шекспирді халық мойындаған.
Айтпақшы, мұғалімдер ара­сын­дағы жиынға қатысқанмын. Ұс­таздар арасында да «жақсы» әңгіме желдей есіп жүр. Бес мың теңгесін берсе, арнайы салалық басылым мақаласын шығарып, бір жапырақ «алғыс хатын» табыстайды екен. Мадақты да сатып алуға болады. Ал, шын мәнінде мадақ та, марапат та жұмысты ілгерілетуге берілетін сый. Сатып алған һәм сұрап алған сый кімді өрге сүйресін?
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров­тың «Бір кісіге» деген өлеңі бар:
– Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар...
Ал Сізде қандай бар?
М.Мақсымұлы.
10 қаңтар 2019 ж. 1 131 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031