» » БАЛУАН БЕЛЕСІ

БАЛУАН БЕЛЕСІ

Редакциямыздың жаңа мекен-жайға қоныс аударғанына үш-төрт күн болған. Телефон шырылдаған соң тұтқаны көтердім.
– Алло, «Қармақшы таңы» редакциясы.
– Бұл кім екен, «Қармақшы таңы» газеті ма, кіммен сөйлесіп тұрмын? – деген жасы үлкен әйелдің дауысы естілді.
– Апай, бұл редакция, айта беріңіз, тыңдап отырмын сізді, – дедім.
– Айналайын-ау, редакция қайда көшіп кеткен адресі қайда, хабарландыру берейік деп едік, – деді.
– Апа, жаңа редакция Рысқұлов көшесінің басында, бұрыңғы білім бөлімінің жанында,  – дедім.
– Ол қай жер, қасында қандай мекеме бар.
– Апа, айтып тұрмын ғой бұрыңғы білім бөлімі бар деп, – дедім қайталап.
– Әй бала, сол жерде Шәмидің үйі бар еді, соның қай жағы соны айтшы маған.
Үлкен кісіге  редакцияның қай жерде екенін түсіндіре алмай бес минуттай басым қатып отырған  мен Шәмидің атын естігенде  қуанып кеттім.
– Апа, дәл таптыңыз, Шәмидің көршісіміз, жанындағы үй.
– Бәсе, солай демейсің бе, – деді де трубканы қоя салды.
Келесі бірде тағы бір кісі адресімізді сұрап қоңырау шалды. Ол кісіге де өзімше жауап бергім келіп еді. Менің жол сілтемеме онша түсінбеген ол:
– Балам, Шәмидің үйінің қай жерінде, – деді.
Манадан бері бас қатырып отырған менің де ойыма келмеген екен Шәмидің есімі. Қуанып кеттім.
– Ағай, біздің редакция сол Шәмидің көршісі, – дедім. Айналайын, Шәми, саған мың рахмет. Тағы құтқардың мені.
Бұл жай кіріспе сөздер. Бірақ, бұл мысалдың да астарында үлкен мән жатыр. Аудан орталығында қарапайым халықтың тілімен айтылатын жерлер көп. Нақтырақ айтқанда, біздің елге келген қонақ барар жерін таба алмай қалғанда, оған жол көрсетуші әлбетте, іздеген адамының мекен-жайы, қасында қандай мекеме яки есімі танымал адамның тұратынын сұрап жатады. Осы кезде әрине біз сол маңда тұратын танымал кісілердің есімдерін атаймыз.
Міне, біздің де көршіміз Шәми  де елге танымал болған азамат қатарында.
Шәми – я саясаткер,  я ұстаз, не ақын-жазушы емес, спортшы. Спортшы болғанда еліміз тәуелсіздік алған алғаш­қы жылдары киелі Қармақшы өңірін  күллі қазақ елі мен көршілес мемлекеттерге танытқан түйе балуан.
Шәмиге балуандық қасиет атасы Өтегеннен дарыған. Қазақ халқы сонау отызыншы жылдары басынан өткерген зұлмат заманда  көршілес Жалағаш, Сырдария  аудандары халқымен бірге күз мезгілінде егістік пісіп, оны жинап болған соң  жерде қалған масақты теруге таласады екен. Сонда ауыл басшылары мұндай қолайсыздықты болдырмау мақсатында  олармен келіссөз ұйымдастырады. Нақтырақ айтқанда, әр ауылдан бір-бір балуаннан шығып, өзара белдеседі. Жеңгені сол жердің масағын теруге қалады.
Міне, осындай жарыстарда Өтеген балуан талай рет жеңімпаз атанып, туған ауылының халқын нанмен қамтамасыз еткен екен. Оның баласы  Қожахмет те әкесі сияқты балуан болған. Ол бірнеше рет аудан, облыста өткен жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған кісі. Ал, Шәмиге келсек,  бала кезінен балуандық өнерді жанына серік еткен ол мектеп бітіргесін де спортың осы түрімен тығыз байланыста болады. Жарболсын Құндақбаев, Сабыр Мұхтаров, Әлжан Төремаханов сынды ұстаздарынан тәлім ала жүріп, ол көптеген аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, аудан намысын қорғайды.
Шәмидің даңқын асқақтатқан жарыс ол 1991 жылы Арал, Қазалы өңірінде Жанқожа батырдың мерейтойына арнап ұйымдастырылған түйе балуандар жарыс болды. Бұл жарысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия және Қырғызстан мемлекеттерінің Президенттері   тамашалады.
Әрине, Шәми жарыс барысында үш елдің басшылары оның өнерін тамашалап отырғанын көрді. Намысты қолдан бермеуде бар күш-жігерін жұмсап, жарыстың түйе балуаны атанды. Түйе балуан демекші, ол сол жарыста елге түйе мініп қайтты. Ел оған  «Тәуелсіздік жылдардағы алғашқы түйе балуан» деген де атақ берді.
Шәми содан кейін де қазақ күресінен өткен көптеген жарысқа қатысып, ел абыройын асқақтатты. Самбо және қазақ күресінен «спорт шебері» атағына ие болды. Ол 44 жасқа келгенше, яғни 2001 жылға дейін «бозкілем серкесі» атанып, өзінің атағын қорғады. Содан кейін де ережесіз жекпе-жек күресімен айналысты. Мұнда да біршама жетістікке қол жеткізді.
«Жас келсе іске» дегендей, Шәми туған інілері Әлихан мен Асылханға жол беріп, олардың ұстазы атанды. Әлихан мен Асылхан да аға ерлігін қайталап, көптеген жарыста топ жарды. Әлихан «КСРО спорт шебері»,  ал Асылхан «Қазақстанның спорт шебері» атанды.
Бүгінде әке ісін қызы Гүлназ жалғастыруда. Ол зілтемір көтеруден түрлі жарыстың жеңімпазы,  әкесі сияқты «спорт шебері» атағына ие болды.
Қазақта «Жақсы әке – балаға қырық жыл азық болады» деген дана сөз бар. Міне, марқұм Өтеген ақсақалдың ұлы жолы соқпақ болмады, даңғылға айналды.
Н.ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».
21 маусым 2018 ж. 2 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031