» » ЭЛЕКТРОНДЫ КҮНДЕЛІКТЕГІ ҮЛГІРІМ ҚАЛАЙ?

ЭЛЕКТРОНДЫ КҮНДЕЛІКТЕГІ ҮЛГІРІМ ҚАЛАЙ?

Бес жыл бұрын электронды күнделік туралы хабарымыз бар ма еді? Оны біреу жақын арада қолданысқа енеді десе, сенер ме едік? Уақыттың, заман талабының жүйріктігін осыдан-ақ байқауға болар.


Қазір ақпараттық техноло­гияның жедел дамыған кезі. Қағазбастылықтан, ұзын-сонар кезекке тұрудан арылу, уақытты тиімді пайдалану – электронды жүйеде  нақты іске асуда. Соның бірі – 2016 жылдан бастап білім саласына енген электронды күнделікті айтсақ болады. Оның басты мақсаты – оқу барысын автоматтандыру, онлайн-білім құрал­дарын дамыту және ата-аналармен етене хабар алмасу. Бастапқыда түрлі пікір айтылды. Ақпарат айдыны бір толастамайтын бүгінгідей алмағайып уақытта жаңалық қабылдау кімге болса оңай емес. Сол айтпақшы, жоба жа­йында сан алуан пікірдің айтылуы заңды да еді. Бірі – айтулы жобаға мұғалімдер әзір дайын емес дегенді меңзесе, енді бірі – қағаздың көптігінен мұғалім балаға қажетінше көңіл бөле алмауда десті. Осындай күрмеуі қиын күрделі мәселенің шешімі табылғандай. Түптеп келгенде, арба да сынбады, өгіз де өлмеді. Қош, бүгінде сол электронды күнделікті пайдалану бір жолға қойылып, салаға  серпін беруде.   

– Жылдан-жылға емес, күннен-күнге дамып жатқан заманауи технологиядан озу үшін адамзаттың өзі қалай даму керек? Қазір «көз көріп, құлақ естімегеннің» емес, «ай­шылық алыс жерден жылдам хабар алғызатын, тастан сарай салғызатынның» заманы. Елбасының: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адам­дарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» дегенін басты назарға алып, елімізде «Цифрлы Қазақстан» жобасы қолға алынды. Айтулы жоба аясында еліміздің барлық мектептерінде Kundelik.kz бағдарламасы іске қосылды. 2016 жылы тұңғыш рет  жоба қолданысқа енді. Біздің мектебіміз де бұл жаңалыққа алғашқылардың бірі болып атсалыс­ты. Мектеп директоры Б.Жұмабаевтың басшы­лы­ғымен  Kundelik.kz жобасы бір ізге түсіп, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазір мектепте қызмет жасайтын 82 ұстаз бен 652 оқушы және 370 ата-ана электронды күнделікке кіріп, белсенділік танытуда. Мектеп – 99,5 пайызбен орташа көрсеткіш көрсетуде, – дейді №26 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Шеримова.

Талаптың аты – талап. Оны тудыратын уақыт. Ал, уақыттан қалу – көштен қалумен тең. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілуде. Жалпы, күнделіктің тиімділігі – мұғалім, ата-ана және бала арасындағы қарым-қатына­сы­ның жылы көрініс табуында.   

– Ұстаздар қауымы күн­де­лікке күнтізбелік жоспарын енгізіп, оқушылар мен ата-аналар өзара қарым-қа­тынас құралы ретінде пайда­лануда. Жақында мектепке сынып журналы ретінде 8 планшет берілді. Аталған жобаға  Хадиша Елеунұрова, Ұлмекен Сәрсенғалиева, Нағи Мүбаракова, Гүлжан Ысқақова, Айнұр Дүйсебекова, Қаршыға Жанбалаева секілді ұстаздар белсенділік танытса, ата-ана қатарынан Жұлдыз Тілеубергенова, Рашид Жидебаев, Жеңіс Әлімбаев, Ғалым Саршаев, Ақкүміс Қарашаева, Бақыт Бекбаеваны атар едім. Kundelik.kz жобасын іске асыру көптеген жетістіктерге қол жеткізетініне көзіміз жетіп отыр, – дейді ұстаз.

Бүгінде еліміз бойынша «Kүнделік» жүйесінің электронды журналын 3800 мектеп пайдалануда. Жоба облыстар мен Астана, Алматы қалаларында жүзеге асуда. Жүйеге Қазақстанның кез келген мектебі, кез келген уақытта тегін қосыла алады. Онда оқушылардың ата-аналары балаларының алған бағаларын, үй тапсырмасын, сабақ кестесін, мектеп жаңалығын, басқа керекті ақпаратты тегін көреді. Күнделік әлеуметтік желісін пайдаланушылар жүйе ішінде өзара сөйлесе алатын заманауи құрал-коммуникациясы саналады. Басқа әлеуметтік желіге қарағанда, мұнда бірде-бір адам өз бетімен аноним ретінде тіркеле алмайды. Әр­бір пайдаланушыны білім ор­да­сы тіркейді. Сондықтан желіде балаларға қауіп төн­діретін жасырын (аноним) тұлғалар болуы мүмкін емес, болған жағдайда мұндай пай­даланушы сол мезетінде анық­талып, бұғатталады және ол ҚР Заңнамасымен құқықтық жауапқа тартылады. Ал, ата-ана тіркелу үшін толық аты-жөні, туған күні және жынысы хабардар етілсе болды. Kundelik.kz жүйесі тексерілген, сондай-ақ, әлдеқашан мақұлданған үздік әлемдік тәжірибе. 

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
19 желтоқсан 2018 ж. 1 609 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031