ТЕРІ ИЛЕУ ДЕ ӨНЕР
Қазір қолөнердің көптеген саласын зерттеудің ғылым үшін де, күнделікті өмір үшін де маңызы бар. Қазақ қолөнері өзінің бай тарихымен, өзіндік ерекшелігімен құнды. Қолөнердің синкретикалық өнер түріне жатуының бір себебі, оларда материалдық өндіріс пен рухани өмірдің ажыратылмай біртұтастықта берілуі, халық шығармашылығының болмысына тән ерекшеліктің бірі болып есептеледі. Қазақ халқының қолөнер түріне киіз басу, киіз үй тігу, кілем тоқу, қару-жарақ және ер-тұрман әбзелдерін жасау, тері өңдеу, халық музыкалық аспаптарын дайындау жатады. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері илеу, тоқыма тоқу, ағаш, жүн және металл өңдеу, сүйек ұқсатумен де шұғылданған.
Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Сондықтан бұған байланысты түрлі-түрлі ұғымдар туды. Мысалы, ірі қара малдың иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Шылғи қайысты ұқсатудың екі жолы бар. Бірі – оның жүнін сылып тастап пайдалану, екіншісі – сылмай-ақ пайдалану. Жүнді терілерден тулақ, тайтері, бөстек, тұлып, қауға, шанаш, мес, дорба, шарқай жасалса, жүнін алып тастаған теріден көк, өкше сірі, көн, дабыл тігіледі. Ал, құрымға салынып, ысқа ұсталып, құмға қатырылған теріден саба, торсық, көнек, шанақ істелсе, иленген теріден көксауыр, таспа, қайыс, қапшық, құлын, жарғаң, бота ішік, шідер, жүген, айыл, тартпа, тамақбау, құлақбау сияқты бұйымдармен бірге былғары, ұлтан, опайке, шегрен, көзел, етік, мәсі, кебіс, қоржын, тоқым, ертұрман, тон, шалбар, шамадан, тақия, көпшік, белдік, кісе, кейде тұс киіз сияқты бұйымдар жасалады.
Төрт түліктің терісі өте қымбат шикізат. Соның ішінде, ірі қараның терісі сиыр, өгіз, тайынша және бұзау терісі деп төртке бөлінсе, жылқыда бие, жабағы және құлын терісі, ал түйеде атан және бота терісіне бөлінеді. Сондай-ақ, қой терілері жабағы, қырықпа, күздік, соғым, тықыр, тоқтышақ, сеңсең, елтірі, мари және жылбысқа деп бөлінсе, ешкі терілері жүндес, тықыр, түбітті, серке, лақ және мари терісіне бөлінеді. Ешкі терілері өте төзімді, берік болады. Одан алуан түрлі киім, қапшық пен мес, шанаш және күнделікті тұрмысқа қолданатын ыдыстар тігеді. Мал терісі негізінде жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ, мойын деген бөліктерге бөлінеді.
Ал, енді теріні бояу тәсілдеріне келсек, иіні қанып, керіліп, созылған, талқымен созғыдан өтіп, сүргіленген тері аппақ әрі жұмсақ болады. Бірақ, ақ тері кіршең келеді. Сондықтан, теріні табиғи бояумен бояуды халық шеберлері өте ерте заманнан-ақ меңгерген.
Сонымен бірге, семіз малдың терісі майлы болады. Майлы теріні бояу қиынға түседі. Сондықтан терінің майын сорғыту үшін бор, сор, күл сеуіп, оны бірнеше тәулік ұстаған жөн. Тері бояу үшін көп қолданылатын шикізат – ағаштың қабығы. Әлдебір қажеттілік үшін жығылған ағаш болмаса, тері бояу үшін өсіп тұрған ағаштың қабығын ешқашан сыдыруға болмайды. Ағаш қабығын кептіреді. Кепкен соң темір келіге түйіп немесе қол диірменге тартып ұнтақтаған жөн. Сол сияқты тері бояу үшін рауғаштың тамыры, томар бояу, қына сынды өсімдіктердің тамыры мен бүрлері жарамды. Өсімдік тамыры мен жапырағын күз айларында жинап, жуып, тазалап кептіреді де ұнтақтап алған соң әрқайсысын жеке-жеке ыдысқа салып қояды. Ұнтақталған бояудың бір өлшеміне екі өлшем су қосып қайнатады. Боялған теріні көлеңкеде кептіріп, әбден кепкен кезде уқалап, керіп, созып, пайдалануға қажет бұйым тігеді.
Сонымен қатар, теріден жасалған ыдыстарды дүркін-дүркін ыстап отырудың гигиеналық маңызы зор. Баппен ысталған ыдыс әдемі қоңыр-қызыл түске енеді әрі ысталған ыдыста әртүрлі микроорганизмдер болмайды. Уақыт пен отынды үнемдеу мақсатымен тері ыдыстарды арнаулы күркеге аузын төмен қаратып іліп, тобылғы, арша, қарағайдың бүрін, ермен, жусанның түбірін жалындатпай жағып, 8-10 сағаттай ыстайды. Жақсы ыс сіңген бір-екі күн айран, сарысу, іркіт құйып, дәмін алып, тұзды сумен жуып, кептіріп, жылқының майымен майлап, пайдалануға беруге болады. Ыдыстар өңезденіп кетпес үшін екі аптада бір тазалап жуып, ыстап майлап отырған жөн.
Тері илеу өнері халықпен бірге жасасып, табыс көзіне айналып, қайта дамуда. Өнер өшпейді, көнермейді.
Гүлнар НҰРТАЗАЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
қор сақтаушысы.