СЕРИАЛ СИНДРОМЫ
Уіше аласыз ба? – Жоқ. Ал, онда ұрпақ санасын неге улап жатырсыз? Ойланатын да толғанатын мәселе ме? Әрине. Себебі сериал – бүгінгі күні сананы улайтын бірден-бір қару болып тұр ғой.

Бұл қазіргі қоғамда – жаңалық емес. Оған көз де, ет те үйренді. Теледидарды ашсаң, сериалдан көз ашпайсың. Қай каналда да үнді киносымен қатар, кәріс, түрік сериалдары эфир уақытын бермей жатқаны. Оған филиппин сериалын қоссаңыз һәм қателеспейсіз. Айшықтап айтқанда, сериал – синдромға айналды. Бас ауруы секілді, оны көрмесек, ұйықтай алмаймыз. Сағатқа қарап, алыстан ағайын келердей, күтіп отыратынымызды қайтейік. Біреуін үш-төрт жыл дегенде бітіріп, екіншісін тамашалауға білек сыбана кірісетініміз, тіпті қызық. Алайда, сериал қызықтаймыз деп, баланың санасына қаншалықты әсер ететінінен бейхабармыз. Танысымның туған күнінде мынадай оқиғаға куә болғаным бар. Үстел басында қонақтармен бірге отырған үй иесінің алты жасар баласы әкесіне қыңқылдай берді. Дүкеннен бір зат ұнатып қалса керек. Дүкеннің жабық екенін айтып, әкесі баласына бәйек. Оны тыңдар бала жоқ. Айтқаны бола қоймаған соң, қарсы бөлмеге кіріп, жастықты қойды да: «Құдай ана, әкем тезірек қалағанымды алып берсінші» деп сыйына кетті. Бұл – не мағынасы, не мәні жоқ сансыз сериалдың жемісі екенін үлкендер біз білерміз-ау, бала қайдан білсін. Мұнан өзге діни ғұрыптың бала бойына тез сіңетінін аңғару қиын емес. Сондай-ақ, ненің ақ, ненің қара, ненің дұрыс, ненің бұрысын айыра алмайтын жасөспірімге сериалдың қалай әсер етіп жатқаны айтпаса да белгілі ғой.
Көктемде құрбымның қызы үйде болғаны бар-тын. Өрімдей жас қыз кәріс сериалымен «ауыратын» болып шықты. Өйткені, киім кию әдебі, шаш қою үлгісі мен сүйікті әні де – кәрістікі. Ұялы телефонында кәріс әншілерінің әндері мен осы ұлт өкілдері әртістерінің суреттері. Заманауи әнін жатқа біледі. Қай әртістің қай киноға түскенін, кім, кімнің рөлінде ойнайтынын да санаға құйып алған. Қайбір жылы түріктің «Асау жүрек» атты сериалын тамашалағанымыз бар. Осы фильм басталғанынан соңына дейін балалар бір-біріне қару кезеніп ойнады. «Қыналы қар» деген киноны көргенде көзі көкшіліміз «көк көз Жаппар» атанып, сол аттан біразға дейін айыға алмадық. Кейбір сериалдар желісі – зорлық, зомбылыққа құрылып жатады. Бұдан ұтарымыз не? Сериал сананы улайтын ең қауіпті құрал екенін күні бүгінге дейін ұға алмай келеміз. Оның барлығы да өмірден алына бермейтіні, оның ойдан, қиялдан шығарылған өнер туындысы екенін де түсіне алмағандаймыз. Сериалдағы тағдырға жанымыз ашып отырғанда, киноның уақытын аңдыған талай «пысықтар» үй-жайын, малын үптеп кеткен де жағдайлар орын алғаны өтірік емес. Жалпы, таңертеңнен түннің бір уақытына дейін теледидардың алдында телміріп отыруды өз басым түсінбеймін. Қаншама шаруаң қалады жайына. Бала тәрбиесі, үлкен кісі бар үйлер болса, сол кісілерді жайғау керек емес пе? Отбасының ас-суы, кір-қоңысы, қонақ бар дегендей. Сериал дегеніміз сондай бір тартылыс күші. Ішіне кірсең, шыға алмай қаласың. Рас, егер де, ол адамның жақсы жағына жұмыс істесе құба-құп. Адамды адалдыққа, еңбекке, батылдыққа тәрбиелесе бір сәрі ғой? Атыс-шабыс айқай-ұйқай мен бөтен елдің дініне насихаттаған сериалдың болашағы бар ма? Өзіміздің «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шағымның аспаны», «Қыз Жібек», «Батыр Баян», «Жау жүрек мың бала» қандай сериалдан кем?
Түйін:
Біздікі сынау немесе мінеу емес, ой салу ғана. Әркім өз өмірі мен тағдырының қожасы. Бүгін шұбатылған сериалдың соңынан қуамын деп, үйдегі жазылмаған аппақ парақтай санасы таза, ойы жамандық атаулыдан ада ұрпағымызды бүлдіріп алмайық. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, баламызға «сериал синдромын» жұқтырудан абай болайық!
Біздікі сынау немесе мінеу емес, ой салу ғана. Әркім өз өмірі мен тағдырының қожасы. Бүгін шұбатылған сериалдың соңынан қуамын деп, үйдегі жазылмаған аппақ парақтай санасы таза, ойы жамандық атаулыдан ада ұрпағымызды бүлдіріп алмайық. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, баламызға «сериал синдромын» жұқтырудан абай болайық!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
«Қармақшы таңы».